Жүйеге кіру
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің басшыларына үндеуі

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің басшыларына үндеуі

1607700073.jpg
18.01.2021

 

2021 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасы Еуразиялық экономикалық одақ органдарындағы төрағалықты қабылдады.

Біздің бірлестігіміздің жұмыс істеуінің алғашқы бес жылының қорытындылары бойынша Еуразиялық экономикалық одақ табысты әрі тартымды интеграциялық бірлестік ретінде қалыптасып болды деп сеніммен айтуға болады.

Сонымен қатар, бүгінгі әлем турбуленттілік жай-күйінде тұр. Әлемдік экономика мен қаржы нарықтарының сақталып отырған тұрақсыздығы коронавирус пандемиясының теріс салдарынан күрделілене түсуде. Ол халықаралық қатынастардағы көптеген проблеманың бетін ашты, экономикалық өзара іс-қимылдың орныққан модельдерін, қағидаттары мен құралдарын қайта ой елегінен өткізуге алып келді.

Біз бұл жағдайда, Одақ ретінде ұзақ мерзімді басымдықтарға: экономикалық және әлеуметтік жүйелердің орнықтылығын сақтауға, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға және ЕАЭО мен оның мүше мемлекеттерінің прогресін қамтамасыз етуге бағдар ұстануға тиіспіз.

Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарын тиімді әрі толық мәнінде іске асыру аталған мақсаттарға жетуге ықпал ететіні сөзсіз.

 Қазақстан төрағалық еткен жылы мына мәселелерге айрықша назар аударуды ұсынамыз.

 Біріншіден, өнеркәсіптік кооперацияға жаңа серпім берген жөн. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін өнеркәсіпте, агроөнеркәсіптік секторда және қызметтер көрсету саласында бірлескен кәсіпорындар құру талап етіледі.

Бұған қосымша жаңа бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру біздің елдеріміздің шаруашылық жүргізуші субъектілерінің өндірістік байланыстылығы мен тиімді экономикалық өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді.

 Интеграциялық өзара іс-қимылдың көрсетілген салаларында Еуразиялық даму банкінің әлеуетін барынша іске қосқан жөн.

 Бірлескен кәсіпорындар құру және мүше мемлекеттердің өнеркәсіп салалары арасындағы байланысты нығайту өзара сауда көлемін арттыру мен біздің мемлекеттеріміздің нарықтарындағы тосқауылдарды жоюға да қосымша серпім бере алады.

 Аталған басымдықтарға негіздей отырып, «ЕАЭО шеңберіндегі өнеркәсіптік ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын» жаңа мазмұнмен толтыру талап етіледі.

 Жиынтығында аталған шаралар Одақтың ортақ нарығында бәсекеге қабілетті өнеркәсіп тауарлары өндірісіндегі кооперация үшін жағдайлар жасауға мүмкіндік береді, бірлестіктің барлық қатысушыларының шикізаттық емес экспорты көлемінің елеулі түрде артуына алып келеді.

 Екіншіден, біздің елдеріміздің арасындағы өзара саудадағы сақталып қалып отырған тосқауылдарды жою сөзсіз басымдық болып табылады.

Бизнес Үкіметтер мен Еуразиялық экономикалық комиссиядан әділетті түрде табанды іс-әрекет күтуде.

 Еуразиялық экономикалық комиссияны қазіргі бар тосқауылдарды белсенді әрі ашықтықпен жою және жаңа сауда тосқауылдарының туындауын болғызбау, тауарлардың, қызметтер көрсетудің, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалыста болуындағы алып қоюлар мен шектеулерді барынша қысқартуды қамтамасыз ету күтіп тұр.


Мониторинг пен талдау орталық деңгейдегі де, сол сияқты өңірлік және муниципалдық деңгейдегі де сауда тосқауылдарын қамтуға тиіс. Бірінші кезекте күш-жігер өзара саудаға теріс әсерін көбірек тигізетін тосқауылдарға шоғырландырылғаны жөн.

 Импорт алмастыру жөніндегі ұлттық бағдарламалар, нарықты өз өнімімен молықтыру жөніндегі міндеттер Одақтың құқықтық нормаларын мүлтіксіз орындай отырып іске асырылуға тиіс.


Үшіншіден, трансшекаралық көлік күре жолдарының және логистикалық хабтардың әлеуетін жан-жақты және толық мәнінде іске қосқан маңызды.


Бұл саладағы тиімді ынтымақтастық сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуде және бүкіл Еуразиялық құрлықта сенім орнатуда шешуші рөл атқарады.


Осы мақсаттарға орай Еуразиялық интеграциялық бірлестіктің «Бір белдеу – бір жол» бастамасымен ұштасуын қамтамасыз ететін өзара тиімді бірлескен жобаларды дамыту жөніндегі жұмысты жандандыруды ұсынамыз.

 Еуразиялық транзиттік маршрут халықаралық сауда үшін және Еуропа-Азия сауда-көлік өсі бойынша барынша тартымды әрі бәсекеге қабілетті болуға тиіс.

 Мүше мемлекеттердің ұлттық тауар жеткізуші жүйелерінің, соның ішінде Еуразиялық көтерме сауда-логистика кешендері арқылы ұштасу жобасын іске асыру қатысушы елдердің шаруашылық жүргізуші субъектілері үшін де, сол сияқты шетелдік әріптестер үшін де ЕАЭО көлік дәліздерінің жалпы тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретіндігіне сенімдіміз.

 ЕАЭО-ның барлық қатысушыларының мүддесіне орай Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасымен шекарасындағы «Қорғас торабының» әлеуетін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасымен шекарасында қалыптастырылып жатқан «Орталық Азия» Халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығының мүмкіндіктерін толық мәнінде пайдалануды ұсынамыз.

 Төртіншіден, тұтастай қамтитын цифрландыру ЕАЭО елдері экономикасын дамытудың қозғаушы күші болуға тиіс.

 Цифрлық технологияларды өнеркәсіпке, ауыл шаруашылығына, көлік саласына ендіруді сапалық тұрғыда тездеткен маңызды.

Қазіргі заманғы IT-шешімдердің қолданылуын бірінші кезектегі тәртіппен кедендік реттеуде, салық әкімшілігін жүргізуде, ветеринариялық қадағалауда және тауарлар мен қызметтер көрсетудің еркін қозғалыста болуына тікелей ықпал ететін басқа салаларда кеңейткен жөн.

ЕАЭО-ның Интеграцияланған ақпараттық жүйесінің ойдағыдай жұмыс істеуін қамтамасыз етуге күш-жігер шоғырландырылғаны маңызды. Бұл біздің жұмысымызды деректерді электрондық алмасу шеңберінде неғұрлым сапалы құруға мүмкіндік береді.

Біздің елдеріміздің IT-қоғамдастықтарын цифрлық күн тәртібінің өзекті мәселелерін шешу үшін нысаналы, белсенді және тепе-тең тарту Одақ мүдделеріне бүтіндей сай келеді.

Бесіншіден, сыртқы нарықтарға шығуды дәйекті кеңейту, үшінші елдермен және интеграциялық бірлестіктермен сауда-экономикалық қатынастарды белсенді дамыту талап етіледі.

Осыған байланысты «ЕАЭО — EО» форматында диалог орнату жөніндегі жұмысты жандандырып, жүйелендірген маңызды болады деп ойлаймыз. Еуропалық комиссиямен және Еуроодақтың өзге де органдарымен ынтымақтастық тең құқылы, өзара тиімді және сындарлы болуға тиіс.

Оңтүстік Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығымен (АСЕАН) де осыған ұқсас жүйелі диалог құрған жөн.

Әлемдік сауданың үштен бірі үлесіне тиетін жаңа сауда бірлестігі — Тұтастай қамтитын өңірлік экономикалық әріптестікпен (RCEP) өзара іс-қимылдың тиімді стратегиясын әзірлеу күтіп тұр.

Көрсетілген бастамаларды толық мәнінде іске асыру жолында Еуразиялық экономикалық комиссия аппаратының жатық та тиімді жұмысы маңызды мәнге ие.

Осыған орай Комиссияның кадрлар құрамына кандидаттарды іріктеу туралы мәселені меритократия қағидаттары негізінде, кәсіби және іскерлік қасиеттерін ескере отырып, мемлекеттердің ЕЭК-ті қаржыландыруға үлестік қатысуына қатаң байланыстырмай шешу қажеттігіне сүйенеміз.

Қазақстан Республикасы ЕАЭО-дағы төрағалық кезеңінде белгіленіп көрсетілген күн тәртібін белсенді ілгерілетуге ниет етіп отыр және әріптестер тарапынан сындарлы қолдау болады деп санайды.

Белгіленген мақсаттарға қол жеткізу әрбір мемлекеттің экономикалық дамуына қуатты серпім береді және ЕАЭО әлеуетін нығайтады деп сенеміз.



Жоғары Еуразиялық

экономикалық кеңестің

Төрағасы

 

Қ.К. Тоқаев​