Жүйеге кіру
Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысының қорытындылары

Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысының қорытындылары

17.07.2020
Минскіде 17 шілдеде өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысында талқыланған негізгі тақырыптар – Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің ішкі нарықтағы сауда тосқауылдарын жою, COVID-19 және басқа жұқпалы ауруларға қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспарды қабылдау, тауарларды таңбалауды енгізудің жүйелі тәсілдемелерін тұжырымдау, Жерді қашықтан зондтаудың бірлескен ғарыштық жүйесін қалыптастыру, индустрияландыру және агроиндустрияны дамыту карталарын әзірлеу және басқа өзекті мәселелер болды.

Үкіметаралық кеңес отырысы COVID-19 пандемиясы басталғаннан бері бірінші рет көзбе-көз форматта болып өтті. Оған ЕҮК Төрағасы, Беларусь Республикасының Премьер-министрі Роман Головченко, Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинян, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Асқар Мамин, Қырғыз Республикасының Премьер-министрі Кубатбек Боронов, Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Михаил Мишустин, Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы Михаил Мясникович, сондай-ақ Молдова Республикасының Премьер-министрі Ион Кику және ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы Сергей Лебедев қатысты.

Отырыс шеңберінде сондай-ақ Еуразиялық даму банкі басқармасының төрағасы лауазымына жақында тағайындалған Николай Подгузов сөз сөйледі. Ол ЕАЭО шеңберінде бірлескен жобаларды іске асыру перспективалары туралы айтып берді.

Михаил Мясникович отырыс қорытындысы бойынша журналистерге мәлімдегеніндей, қызу пікірсайысқа қарамастан, күн тәртібінің 18 мәселесі қаралды. Олар Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың түйінді мәселелерін шешеді.

Михаил Мясникович 2020 жылдың жайсыз болмысында ЕАЭО органдары жатық жұмысты қамтамасыз ете алғанын атап өтті. Одақ шекараларында тауарлардың өткізілуі бойынша мемлекеттердің және азаматтардың мүддесіне орай жедел де стратегиялық шешімдер қабылданды. Ол COVID-19 пандемиясының байланысты мәселелерді игерісу кезінде өзара түсіністік деңгейі жоғары болғанын атап өтті.

«Үстіміздегі жылы барлығы 300-ден астам акт қабылданды. Әртүрлі деңгейдегі 37 отырыс өткізілді. 9 тосқауыл жойылды», – деп атап көрсетті ЕЭК Алқасының Төрағасы.

Михаил Мясниковичтің сөзінше, Үкіметаралық кеңесте қабылданған шешімдердің арқасында Одақ ғарыш, өнеркәсіп және агроөнеркәсіп салаларында инновациялық-инвестициялық жобаларды іске асыруға кіріседі.

«Біз өзара толықтырылатын мамандануға шығамыз, ол ЕАЭО нарығында парасатты бәсекелесуге ғана емес, сол сияқты жаңа технологиялар мен жаңа жұмыс орындарының қосыла өсуіне мүмкіндік береді», – деді ЕЭК Алқасының басшысы.

Михаил Мясникович мемлекет басшылары тұтастай мақұлдаған Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттары бүгінгі таңда жете пысықталып жатқанын да қоса айтып өтті. Комиссия материалдарды 2020 жылғы күзде мемлекет басшыларының қарауына ұсыну үшін құжатты іске асыру жөнінде нақты қадамдары көрсетілген жоспар дайындады.