Жүйеге кіру
ЕАЭО-да тауарларды таңбалауды жүргізудің жүйелі тәсілдемелері келісілді

ЕАЭО-да тауарларды таңбалауды жүргізудің жүйелі тәсілдемелері келісілді

17.07.2020
Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің Премьер-министрлері өнімнің түріне және таңбалауды енгізу деңгейінің бүкіл Одаққа, бірнеше мемлекетке немесе бір мемлекет деңгейіне арналғанына қарамастан тауарларды таңбалауды жүргізудің жүйелі тәсілдемелерін келісті.

ЕҮК-тің «2018 жылғы 2 ақпандағы ЕАЭО-да тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау туралы келісімді іске асыру барысы және ЕАЭО-да тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау жүйесін одан әрі дамыту туралы» өкімі қабылданды.

Құжатта мүше мемлекеттердің өз аумақтарында таңбалауды жүргізу ниеті туралы хабарлама енгізу мерзімі – таңбаланбаған тауардың айналымына тыйым салуға дейін тоғыз айдан кешіктірілмейтін мерзім белгіленген. Бұдан басқа, Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесіне таңбаланатын тауарлардың жаңа топтарына қатысты бұдан әрі қолданылатын таңбалау жүйесінің базалық ұйымдастырушылық және технологиялық моделін бекітуге тапсырма берілді. Сөйтіп, таңбалаудың ұлттық жүйелерінің әртүрлі стандартына байланысты Одақ нарығында тосқауылдардың пайда болуына жол бермеуге қол жеткізіледі.

Сондай-ақ ЕҮК өкімінде таңбалаудан басқа, бақылаудың өзге жүйелері бар болған кезде бизнеске басы артық жүктеме салудан сырт тұру қажеттігіне мүше мемлекеттердің ерекше назарын аударған. Бұл үшін тиісті механизмдердің талаптарын ұлттық деңгейде оңтайландыру ұсынылған.

Үкіметаралық кеңестің отырысы барысында тараптар Ресей Федерациясының сүт өнімдерін таңбалауды енгізу туралы ұсынысын талқылады және жұмысты Тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау туралы келісімде белгіленген рәсімдер шеңберінде жалғастыруға уағдаласты.

Анықтама

2019 жылғы наурызда күшіне енген Тауарларды таңбалау туралы келісім Одақ аумағында тауарлардың келісілген топтарына қатысты бірыңғай таңбалауды енгізудің негізгі қағидаларын айқындайтын негіздемелік құжат болып табылады.

Сонымен бірге, қазірдің өзінде таңбалау саласында Одақтың бірқатар нормативтік құқықтық актісі қабылданды. Бұлар – Комиссия Кеңесінің теріден жасалған киім заттарына қатысты талаптарды және таңбалауды енгізу тәртібін белгілейтін шешімдері (2015 жылғы 23 қарашадағы № 70, 2015 жылғы 2 желтоқсандағы № 86); Комиссия Кеңесінің 2019 жылғы 8 тамыздағы «Аяқ киім тауарларын сәйкестендіру құралдарымен таңбалауды енгізу туралы» № 72 шешімі; Комиссия Кеңесінің әтірлер мен иіссуларға, шиналар мен жаңа доңғалақ тыстарына, жеңіл өнеркәсіптің жекелеген позицияларына, сондай-ақ фотокамералар мен фотожарқылдарға қатысты таңбалау енгізу туралы шешімдері (Комиссия Кеңесінің 2019 жылғы 18 қарашадағы №№ 127, 128, 129 және 130 шешімдері).​