Жүйеге кіру
ЕЭК Алқасының Төрағасы Михаил Мясникович Өзбекстан Республикасының РФ-тегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Ботиржон Асадовпен кездесу өткізді

ЕЭК Алқасының Төрағасы Михаил Мясникович Өзбекстан Республикасының РФ-тегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Ботиржон Асадовпен кездесу өткізді

17.12.2020

17 желтоқсанда Мәскеуде ЕЭК штаб-пәтеріндегі кездесу барысында  Еуразиялық экономикалық комиссия  Алқасының Төрағасы Михаил Мясникович пен Өзбекстан Республикасының  Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ботиржон Асадов Өзбекстан Республикасының  Еуразиялық экономикалық одақ жанындағы байқаушы мемлекет мәртебесін алуына байланысты  ынтымақтастықты дамыту және іс-қимыл  алгоритмі жөніндегі алдағы қадамдарды талқылады.

Михаил Мясникович Өзбекстан елшісін оның елінің ЕАЭО жанындағы  байқаушы мемлекет мәртебесін алуымен құттықтады. Одаққа мүше мемлекеттердің басшылары 11 желтоқсанда Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында осындай шешім қабылдады.

ЕЭК Алқасының Төрағасы кооперациялық жеткізілімдерді жолға қою мен сауда айналымын өсірудің маңызын атап өтті. «2016-2019 жылдар ішінде ЕАЭО елдерінің  Өзбекстанмен тауар айналымы үш есе,  биылғы жылы –  4,9% артты. Алда да осы бағытта ілгерілеу қажет деп санаймын», – деп мәлімдеді Михаил Мясникович.

«Өзбекстанда Еуразиялық экономикалық одақтың қызметін және Еуразиялық интеграцияның дамуын қызығушылықпен қадағалап отыр, Өзбекстанның ЕАЭО жанындағы байқаушы мемлекет мәртебесін алуы диалог пен ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне шығуға мүмкіндік береді деп үміттенеміз, тек жұмыс істеу ғана қалып отыр», – деп Ботиржон Асадов өз тарапынан атап көрсетті. 

Тараптар өзара мүдделі мәселелер бойынша нысаналы іс-қимыл үшін негіз болатын ынтымақтастық туралы бірлескен меморандум дайындау жайында уағдаласты.

Анықтама

Одақ жанындағы байқаушы мемлекет мәртебесі ЕАЭО туралы шартта көзделген.  2018 жылы мұндай мәртебе Молдова Республикасына берілді, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 11 желтоқсандағы отырысында – Куба Республикасына берілді.

Байқаушы мемлекет Еуразиялық экономикалық комиссияның орналасқан жеріне ЕЭК-пен тұрақты негіздегі өзара іс-қимылға, соның ішінде шақыру бойынша ЕЭК Кеңесі мен Алқасының өтырыстарына қатысуға уәкілетті өз өкілін жіберуге құқылы.

Байқаушы мемлекеттің мемлекет және үкімет басшыларының шақыру бойынша Жоғары кеңестің және Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырыстарына қатысу мүмкіндігі де көзделген.

Байқаушы мәртебесін алған мемлекет Одақтың және оған мүше мемлекеттердің мүдделеріне, ЕАЭО туралы шарттың мақсаттарына нұқсан келуі мүмкін кез келген іс-қимылдан тартынуға міндетті.

Өзбекстан ЕАЭО елдерімен сауда-экономикалық ынтымақтастықты белсенді кеңейтуде. Мәселен, 2016–2019 жылдары Өзбекстанның мүше мемлекеттермен жалпы тауар айналымы 2 есе - 4,5 млрд доллардан 9,1 млрд долл. дейін өсті. Бүгінгі таңда Өзбекстанның ЕАЭО-мен сыртқы сауда үлесі 30% құрайды, ал ауыл шаруашылығы өнімі экспортының көлемі 75%- дан асады.

Өзбекстанның сыртқы сауда айналымы – 22,9 млрд долл., соның ішінде экспорт – 11,5 млрд долл. (оның 20%-ға жуығы ЕАЭО елдеріне), импорт – 11,4 млрд долл. (шамамен 55%-ы ЕАЭО елдерінен).​