Жүйеге кіру
ЕЭК пен ФАО ынтымақтастықты кеңейтеді

ЕЭК пен ФАО ынтымақтастықты кеңейтеді

17.12.2019

Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) мен БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) арасындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын ЕЭК Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Александр Субботин мен ФАО бас директорының орынбасары, Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік өкілі Владимир Рахманин Комиссия алаңында талқылады.

«Біз үшін ФАО-ның агроөнеркәсіптік саладағы озық тәжірибесі Одақ мемлекеттерінің селекциялық-асылдандыру жұмысы саласындағы заңнамалық базасын жетілдіруге, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тамақтануды жақсарту бойынша болып отырған проблемаларды шешуге көмектеседі, ақпараттық базаны кеңейтуге, мүше мемлекеттердің агроөнеркәсіптік кешенін орнықты дамыту бойынша шараларды әзірлеуге, сондай-ақ ЕАЭО-ны халықаралық кеңістікте жайғастыруға ықпал етеді», – деп атап өтті ЕЭК министрі.

Тараптар ФАО мен ЕЭК арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум шеңберінде 2019-2023 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын іске асыру мәселелеріне айрықша назар аударды. ФАО мен Еуразиялық даму банкінің өзара іс-қимыл перспективалары талқыланды.

«ЕАДБ мен ФАО арасындағы ынтымақтастық, біздің ойымызша, жекелеген елдерде және өңірлік деңгейде аграрлық даму проблемаларыі бойынша зерттеулер жүргізу, ЕАДБ тарапынан қаржыландыруға арналған ауыл шаруашылығы жобаларын іздестіру және зерделеу сияқты қызмет түрлерін өзіне кірістіруі мүмкін. Бұдан басқа, ФАО өңір елдерінің үкіметтерінің осындай жобаларды іске асыруға дайындығына көмек көрсетіп, ЕАДБ қаржыландыратын жобалар шеңберінде техникалық көмек көрсетіп, олардың нәтижелерін бағалай алады», – деп санайды Александр Субботин.

Кездесу барысында Владимир Рахманин ФАО-ның «Қол ұстасып, қоян-қолтық» бастамасы туралы хабардар етті, оның шеңберінде селолық аудандарда кездесетін проблемаларды еңсеру бойынша жалпы процестерден артта қалған елдерге бірінші кезекте көңіл бөлу бағамдалып отыр. ЕЭК бұл бастаманы қажет болған кезде оны іске асыруға ЕАЭО елдерінің қосыла алуы үшін зерделейтін болады.

Анықтама

ЕЭК, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер және ФАО арасындағы ынтымақтастық ЕЭК пен ФАО арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандумның және 2019-2023 жылдарға арналған Меморандумды іске асыру бойынша іс-шаралар жоспары шеңберінде құрылады.​