Жүйеге кіру
ЕЭК пен АзТМЭӘК өзара түсінік туралы меморандумға қол қойды

ЕЭК пен АзТМЭӘК өзара түсінік туралы меморандумға қол қойды

17.05.2019

Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) Экономика және қаржы саясаты жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Тимур Жақсылықов және Азия мен Тынық мұхитқа арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссияның (АзТМЭӘК) атқарушы хатшысы Армида Салсиа Алисджабана өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Рәсім 17 мамырда Астана экономикалық форумы шеңберінде болып өтті.

Меморандум сауданы, көлікті, энергетиканы, инвестицияны, кәсіпкерлікті дамытуды қоса алғанда, әртүрлі салалардағы ынтымақтастықты, сондай-ақ ақпарат алмасу, консультациялар, семинарлар, форумдар, дөңгелек үстелдер және басқа іс-шаралар өткізу, бірлескен талдамалы және басқалай шолулар дайындау арқылы жүзеге асатын ынтымақтастық механизмдерін айқындайды.

АзТМЭӘК-пен, БҰҰ-ның ең ірі өңірлік комиссиясымен (АзТМЭӘК өңірінде 4,1 миллиард адам немесе әлем халқының үштен екісі тұрады) өзара іс-қимыл екі халықаралық ұйымның қызметіне де оң ықпалын тигізеді.

Анықтама

Азия мен Тынық мұхитқа арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссия (АзТМЭӘК) – Біріккен Ұлттар Ұйымының 1947 жылы құрылған, аса ірі өңірлік комиссияларының бірі. Ол Азия мен Тынық мұхит елдерінің әлеуметтік-экономикалық дамуына, қосалқы өңірлік, өңірлік және өңіраралық ынтымақтастығына жәрдемдесуге бағытталған. Ресейді және ТМД-ның сегіз елін (Әзербайжан, Армения, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан) қоса алғанда, 53 ел АзТМЭӘК мүшесі болып табылады. Төрт мемлекет - Ұлыбритания, Нидерланд, АҚШ және Франция – «өңірлік емес мүшелер» болып табылады. Азия - Тынық мұхит өңіріндегі тоғыз аумақ кеңесші дауысы бар қауымдастырылған мүше ретінде Комиссия құрамына кіреді.