Жүйеге кіру
ЕАЭО-ның бизнес-қоғамдастығы Одақтың дағдарысқа қарсы шаралар пакетіне ұсыныстар дайындайды

ЕАЭО-ның бизнес-қоғамдастығы Одақтың дағдарысқа қарсы шаралар пакетіне ұсыныстар дайындайды

17.04.2020
Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттері палаталарының консультативтік кеңесі кәсіпкерлерден коронавирус пандемиясына байланысты туындаған медициналық және басқа да жоғары сұранысқа ие тауарлардың Одақтағы саудасындағы және өткізілуіндегі тосқауылдар туралы ақпаратты жинайды. Тиісті ұсыныстар Еуразиялық экономикалық комиссияға жіберілетін болады.
 

Бұл туралы 17 сәуірде ЕЭК Алқасы мүшелерінің қатысуымен өткен ЕАЭО мемлекеттерінің сауда-өнеркәсіп палаталары басшыларының кеңесінде сөз болды. ЕЭК Алқасының Төрағасы Михаил Мясникович бұл процеске бизнес-қоғамдастық белсенді түрде қосылады деген үміт білдірді.Отырыс бейнеконференция режимінде Беларусь сауда-өнеркәсіп палатасының бастамасы бойынша өтті.

 

Михаил Мясникович пандемия жағдайында экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған ЕАЭО шеңберінде қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді. Атап айтқанда, ол Үкіметаралық кеңес бекіткен шұғыл дағдарысқа қарсы тұрақтандыру шаралары менЕАЭО елдерінің экономикасын қалпына келтіру және одан әрі дамыту жөніндегі шаралар кешеніне тоқталды.

 

«Комиссия нақты уақыт режимінде өзара сауда мен ынтымақтастықтағы кедергілерді жоюға жәрдемдесуге ұмтылуда. Одақ елдерінің нарығына тез түсуі мақсатында медициналық тауарлардың сәйкестігін бағалаудың бірқатар рәсімдерінің күші жойылды, сынамды маңызы бар тауарлардың импорты үшін «жасыл дәліз» құру, экономиканың жекелеген салалары үшін жиынтықтаушы материалдарға кедендік әкелу баждарын уақытша төмендету немесе нөлге түсіру көзделген. Біз шешімін табу жолында тұрақты түрде айналысып отырған тағы бір проблема -көліктік жүктасымалдарының іркіліссіз жұмысын қамтамасыз ету»,- деп атап өтті ЕЭК Алқасының басшысы.

 

Михаил Мясниковичтің пікірінше, күрделі жағдаятқа тап болған өнеркәсіп, көлік, қызметтер көрсету кәсіпорындарына көмектесу қажет: «Оларға қайтарымды, бірақ жеңілдікті негізде, екі-үш жылға кейінге қалдыра отырып көмектесу керек. Макроэкономистер бұл ұлттық валюталар бағамы мен инфляцияға теріс әсер етеді деп маған қарсылық білдіруі мүмкін. Иә, бұл солай, бірақ материалдық өндіріс пен қызметтер көрсету саласын қолдау керек және сонда дағдарыстан бірқалыпты шыға аламыз».

 

ЕЭК Алқасының Төрағасы сауда-өнеркәсіп палаталарын Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорымен, Еуразиялық даму банкімен бірлесіп, бірінші кезекте шағын және орта бизнесті қолдаудың жаңа нысандарын игерісуге шақырды.

 

Михаил Мясникович өз сөзін: «Жекелеген ұлттық реттеушілердің өз экономикасын қолдау үшін біржақты шешімдер қабылдайтыны, бұл көбінесе Еуразиялық экономикалық одақтағы әріптестеріне қосымша қиындықтар туғызатыны алаңдатады. Мұның бәрі бұрынғыдан да қатаң жауап шараларын қабылдауға итермелейді. Сондықтан барлық шешім міндетті түрде келісілген болуға тиіс»,- деп толықтырды.

 

Сауда-өнеркәсіп палаталарының басшылары ұлттық шараларды талқылады және дағдарыс жағдайында ЕАЭО-да ынтымақтастықты нығайту мен экономикалық құрылысты ынталандыру бойынша ЕЭК-тің қолдауымен бірлескен шешімдер тұжырымдау үшін күш-жігерді біріктіруге уағдаласты. Бұдан басқа, тұрақты негізде кеңес өткізіп тұруды белгіледі.

 

Отырыс қорытындысы бойынша ЕАЭО мемлекеттерінің ұлттық палаталарының басшылары бизнеске үндеу қабылдады. «Біздің елдеріміздің кәсіпкерлеріне ЕАЭО шеңберіндегі әріптестермен ынтымақтастықтың мүмкіндіктері, қажеттіліктері мен проблемалары, коронавирус пандемиясына байланысты туындаған медициналық және басқа да жоғары сұранысқа ие тауарлардың ЕАЭО елдерінің аумағындағы саудасы мен өткізілуіндегі тосқауылдар, интеграциялық процестерді қарқынды ету және ЕАЭО-ның бірыңғай экономикалық кеңістігін қалыптастыруды жеделдету жөніндегі ұсыныстар туралы хабардар ету өтінішімен қайырылып отырмыз»,- делінген құжатта.

 

ЕАЭО мемлекеттері палаталарының консультативтік кеңесі алынған ақпаратты жинақтайды және тиісті ұсыныстарды Еуразиялық экономикалық комиссияға жіберіп отыратын болады.

 

Михаил Мясникович белгіленген іс-шараларды іске асыруға бизнес-қоғамдастық белсенді түрде қосылады деген үміт білдірді.