Жүйеге кіру
ЕАЭО-дағы өзара саудада фискалдық мониторинг механизмі қалыптастырылады

ЕАЭО-дағы өзара саудада фискалдық мониторинг механизмі қалыптастырылады

IMG_8958.jpg
17.03.2021

Еуразиялық экономикалық комиссия жанындағы Салық саясаты және әкімшілендіру жөніндегі консультативтік комитеттің отырысында Еуразиялық экономикалық одақтағы салық салу саласындағы заңнаманы жетілдіру, салық органдары арасында ақпарат алмасу, сондай-ақ салық сипатындағы тосқауылдар қаралды.

Отырыс ЕЭК штаб-пәтерінде ЕЭК-тің Қаржы саясаты департаментінің директоры Арман Хачатрянның төрағалығымен болып өтті. Оған Еуразиялық экономикалық одақтың салық саясаты мәселелеріне жетекшілік жасайтын уәкілетті мемлекеттік органдарының басшылары мен сарапшылары қатысты.

Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарының міндеттерін іске асыру жолдары талқыланды.

Одақ елдерінің Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауарларды қадағалап отыру механизмі туралы келісімді іске асыру жөніндегі шаралары мен жоспарлары, қадағалап отырудың ұлттық жүйесін құру мен жұмыс істеуінің технологиялық аспектілері, қағидаттары мен тәсілдемелері қаралды. Сондай-ақ электрондық нысанда қызметтер көрсету кезінде жанама салықтар алу тәртібін айқындау мәселесі қаралды.

Консультативтік комитет мүшелері жаңа IT-шешімдерді қолдануды ескере отырып әзірленетін ЕАЭО-дағы өзара саудада тауарлар айналымының фискалдық мониторингі механизмін қалыптастыру мәселесін қарауға айрықша көңіл бөлді. Елдердің ЕАЭО-дағы өзара саудада тауарлардың өткізілуіне бақылау жасау тиімділігін арттыру, сондай-ақ экспорт кезінде ҚҚС-тың нөлдік ставкасын растау рәсімін оңайлату жөніндегі шараларының негізінде нақ осы салық әкімшілігін жүргізуді цифрлық трансформациялау жатыр.

 

Бұдан басқа, тараптар фискалдық мониторинг жүйесінің базалық моделін, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер салық органдарының ақпарат алмасу жөніндегі электрондық түрдегі өзара іс-қимыл тәртібінің жобасын және маңызы бар фискалдық мәліметтердің деректемелік құрамын мақұлдады.

 

Осымен бір мезгілде ЕЭК-тің Қаржы саясаты департаменті Комиссия Кеңесінің «ЕАЭО-да өзара саудадағы тауар айналымына фискалдық мониторинг» пилоттық жобасын жүргізу туралы тапсырмасының жобасын дайындауды жоспарлап отыр.

 

Электрондық құжат айналымының ұлттық жүйелерінің жұмыс істеуі (ЕАЭО-ның интеграцияланған цифрлық платформасын пайдалану мүмкіндігін ескере отырып) бөлігінде тәжірибе алмасу қосымша көзделеді, бұл да мемлекеттік және жекеше сектордың цифрлық трансформациясын тездетуге негізделген.


Отырыста қаралған салық заңнамасының өзара саудаға ықпал ететін өзгерістеріне жыл сайынғы шолуды ЕАЭО елдері қосымша қарап, нақтылағаннан кейін ЕЭК сайтына орналастыру жоспарлануда.


Анықтама

 

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2012 жылғы 15 наурыздағы № 13 шешімімен құрылған Салық саясаты және әкімшілендіру жөніндегі консультативтік комитет Комиссияның салық саясаты, 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың XVII бөліміне сәйкес өзара саудада салықтар алу механизмін жетілдіру мәселелері жөніндегі консультативтік органы болып табылады.