Жүйеге кіру
Гоар Барсегян «Ресей — Үндістан — ЕАЭО» конгресінде ЕАЭО-ның интеграциялық күн тәртібін таныстырды

Гоар Барсегян «Ресей — Үндістан — ЕАЭО» конгресінде ЕАЭО-ның интеграциялық күн тәртібін таныстырды

IMG09293.jpg
17.03.2021

16-17 наурызда бейнеконференция форматында өткен «Ресей — Үндістан — ЕАЭО» конгресінің жалпы отырысында Еуразиялық экономикалық комиссия атынан Интеграцияны дамыту департаментінің директоры Гоар Барсегян өкілдік етті. Ол Үндістан Республикасының Еуразиялық экономикалық одақтың Еуразия құрлығындағы қарымды әріптестерінің бірі болып табылатындығын, онымен саудаға Одаққа мүше мемллекеттердің бәрі тартылғанын атап өтті.

«ЕАЭО елдерінің Үндістанмен сауда айналымының негізгі үлесі — 74,6% (9,26 млрд АҚШ долл.) Ресей Федерациясына тиесілі. Одақтың басқа елдерінің де елеулі үлесін атап өткім келеді. Мәселен, Қазақстан Республикасына — 19,1% (2,37 млрд АҚШ долл.), Беларусь Республикасына — 4,7% (575,83 млн АҚШ долл.), Армения Республикасына — 1,3% (160,74 млн АҚШ долл.) және Қырғыз Республикасына — 0,3% (46,47 млн АҚШ долл.) тура келеді», — деп нақтылады Интеграцияны дамыту департаментінің директоры.

Іс-шараға Үндістанның ЕАЭО елдерімен диалогты қарқынды етуге мүдделі бизнес-қоғамдастығы өкілдерінің қатысқанын ескере отырып, Гоар Барсегян ЕЭК-тің іскер топтар желісі бойынша шетелдік әріптестермен өзара іс-қимылының форматтарына жеке тоқталып өтті.

«Қазірдің өзінде ЕАЭО шеңберінде құрылған инфрақұрылымды пайдалануға болады. Ол Одақ мемлекеттерінің іскер топтарының өкілдері үшін де, шетелдік, соның ішінде Үндістан Республикасындағы әріптестер үшін де қолжетімді», — деді Комиссия өкілі.

Гоар Барсегян үнділік әріптестерін Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарының негізгі мақсаттары мен ережелері туралы хабардар етіп, құжатта Үндістанмен еркін сауда аймағын құру туралы келіссөздер жүргізу жеке тармақта көрсетілгенін, бұл ЕАЭО үшін Үндістан Республикасының сауда әріптесі ретіндегі маңыздылығын кезекті мәрте баса көрсететінін атап өтті.

«Ресей — Үндістан — ЕАЭО» конгресі шеңберінде ЕЭК өкілдерінің қатысуымен бірқатар тақырыптық сессия көзделген. Олар биотехнология, фармацевтика және денсаулық сақтау, инфрақұрылым, шағын және орта кәсіпорындар, логистика және жеткізілімдер тізбегі, сауда, инвестициялық мүмкіндіктер, сондай-ақ стартаптар және жаңа технологиялар сияқты тақырыптарға арналатын болады.


Анықтама

«Ресей — Үндістан — ЕАЭО» конгресінің ұйымдастырушылары — Ресейдің Үндістанмен ынтымақтастық жөніндегі іскерлік кеңесі, Үндістан Республикасының Сыртқы істер министрлігі және Үнді өнеркәсібінің конфедерациясы болды.

Жалпы отырысқа Үндістан Республикасының Сыртқы істер мемлекеттік министрі Шри В. Муралидхаран, Ресей Федерациясының Үндістан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Николай Кудашев, Мәскеу Үкіметінің министрі, Үндістанмен ынтымақтастық жөніндегі іскерлік кеңесі басқармасының төрағасы Сергей Черемин, РФ СӨП вице-президенті Владимир Падалко және басқалар қатысты.