Жүйеге кіру
ЕЭК Алқасы ЕАЭО-да агроиндустрияны дамыту картасын әзірлеуді мақұлдады

ЕЭК Алқасы ЕАЭО-да агроиндустрияны дамыту картасын әзірлеуді мақұлдады

Фото-1.jpg
17.03.2020

Құжатқа ЕАЭО елдерінде жүзеге асырылатын немесе іске асыру жоспарланып отырған ауыл шаруашылығындағы ірі инвестициялық және инновациялық жобалар туралы ақпарат кіреді деп бағамдалуда. Картада АӨК-ті ресурстық қамтамасыз ету және импорт алмастыру үшін жобаларды іске асыру орынды болатын бағыттар ұсынылатын болады. Сондай-ақ, картада Одақтық нарықта импорттың үлкен үлесі байқалып отырған ауыл шаруашылығы тауарлары мен ресурстары туралы деректер қамтылады.

Картаны қалыптастыру туралы түпкілікті шешімді Еуразиялық үкіметаралық кеңес қабылдауға тиіс.

Еуразиялық экономикалық комиссияның Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі министрі Артак Камалян атап көрсеткендей, ЕАЭО-да осы уақытқа дейін мұндай кешенді құжат болған жоқ.

«Карта негізінен маңызды жобаларды іске асыратын, кооперацияға қатыса алатын және импорт алмастырумен айналыса алатын ірі ауыл шаруашылығы өндірушілеріне бағдарланған»,- деп атап өтті ЕЭК министрі.

Комиссияның пікірінше, карта Одақта келісілген агроөнеркәсіптік саясатты жүргізу кезінде интеграциялық өзара іс-қимылдың механизмдерін дамытуға көмектеседі.

Картаның бірінші бөліміне жалпы аграрлық нарықты Одақ елдерінің өнімімен молықтыру мәселелерін шешуге бағытталған, әдетте құны 10 млн АҚШ долл. асып түсетін ірі жобалар кірістірілген. Мемлекетаралық өзара іс-қимылды, шикізат ресурстарын немесе дайын өнімдерді өзара жеткізуді, ЕАЭО-ның екі және одан да көп мемлекетінің қатысуымен ауыл шаруашылығында инновациялық технологиялық шешімдерді әзірлеуді және ендіруді бағамдайтын кооперациялық жобалар да осында қосылуға тиіс.

Іске асырылып жатқан жобалар туралы ақпарат ұлттық даму жоспарлары мен инвестициялық бағдарламаларды қалыптастыру кезінде Одақтағы әріптестерге өндірістің қосарлануын болдырмауға, ортақ аграрлық нарықтың даму және тауарлармен қамтамасыз етілу үрдістерін ескеруге мүмкіндік береді.

ЕАЭО-да агроиндустрияны дамыту картасының екінші бөліміне жобаларды іске асыру мақсатқа сай келетін бағыттар кіреді. Бұл ретте импорт алмастырушы өндірістерді дамыту, саланың ресурстық қамтамасыз етілуін жақсарту және ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдалану үшін Одақ шеңберінде өндірістің кооперациялық тізбегін қалыптастыру белгіленген.

Сөйтіп, карта Одақтағы әріптес елдердің мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға, мүше мемлекеттердің агроөнеркәсіптік кешенін және ортақ аграрлық нарықты орнықты дамыту жүйесін ұйымдастыру кезінде импорт алмастыру және интеграциялық әлеуетті іске асыруға бағытталған кешенді құжат болады.​