Жүйеге кіру
ЕЭК министрі Виктор Назаренко: «Жануарлардан алынатын өнімдерге қойылатын бірыңғай ветеринариялық талаптарды нақтылау ЕАЭО елдерінің экспорттық әлеуетін арттырады»

ЕЭК министрі Виктор Назаренко: «Жануарлардан алынатын өнімдерге қойылатын бірыңғай ветеринариялық талаптарды нақтылау ЕАЭО елдерінің экспорттық әлеуетін арттырады»

17.02.2020

ЕЭК Техникалық реттеу жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Виктор Назаренконың төрағалығымен Еуразиялық экономикалық комиссияда өткен кеңесте Одақ елдерінің ветеринария саласындағы уәкілетті органдарының басшылары Одақтың бірыңғай ветеринариялық талаптарына ірі қара малдың кеуекті энцефалопатиясы (ІҚМ КЭ) бойынша бақылаудағы тауарларға (өнімдерге) қойылатын қауіпсіздік талаптары бөлігінде өзгерістер енгізу қажеттігін растады.

Енгізілетін өзгерістер Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын сақтау ұйымының (ХЭБ) халықаралық стандарттары мен ұсынымдарына тұтастай сай келеді және ел ІҚМ КЭ бойынша ХЭБ-тің белгілі бір мәртебесін орындауға тиіс болатын ХЭБ талаптарына негізделген. Қазіргі уақытта мұндай мәртебені алу үшін Ресей мен Қазақстан ХЭБ-ке өтінім берді.

«Ірі қара малдың кеуекті энцефалопатиясы (ІҚМ КЭ) қоздырғышын Одақ елдеріне әкелу (бұл бірінші кезекте тірі мал мен сиыр сүйегінің еті) тәуекелін көтеретін жануарлардан алынатын тауарлар мен өнімдерге қойылатын Бірыңғай ветеринариялық талаптарды нақтылау Одақ елдерінің экспорттық әлеуетін арттырады, сондай-ақ мүше мемлекеттер арасындағы өзара саудада негізсіз шектеулерді енгізуді болдырмауға мүмкіндік береді», – деп атап көрсетті Виктор Назаренко.

Кеңеске қатысушылар сондай-ақ бірқатар өзекті мәселелерді, атап айтқанда, Одақтағы ветеринариялық құралдардың айналысын реттеу қағидаларының жобасын, биологиялық материалдың мүше мемлекеттер арасындағы орын ауыстыру жағдайларын, жануарлар мен жануарлардан алынатын өнімдердің бірдейлендірілуін, тіркелуін және қадағалануын жүргізу кезіндегі келісілген тәсілдемелер туралы ереженің жобасын қарады.

2018 жылдан бастап ЕЭК Техникалық реттеу жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Виктор Назаренко Одаққа мүше мемлекеттердің ветеринария саласындағы уәкілетті органдарының басшыларымен тұрақты негізде жоғары деңгейдегі кеңестер өткізіп келеді. Бұл кеңестерде уәкілетті органдардың басшылары деңгейінде шешуді талап ететін өзекті мәселелер қаралады.

Анықтама

Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын сақтау ұйымы (ХЭБ) бүкіл әлемдегі жануарлардың денсаулығына жауапты үкіметаралық ұйым болып табылады. ДСҰ-ның референттік ұйымы ретінде танылған. ХЭБ-тің басты міндеті - жануарлардың денсаулығы мен саламаттығын, ветеринариялық денсаулық сақтауды жақсарту. 182 мемлекет, соның ішінде ЕАЭО-ға қатысушы елдері ХЭБ мүшесі болып табылады.​