Жүйеге кіру
ЕЭК мүше мемлекеттердің аграрлық ғылым саласындағы ынтымақтастығының перспективалы бағыттарын бекітті

ЕЭК мүше мемлекеттердің аграрлық ғылым саласындағы ынтымақтастығының перспективалы бағыттарын бекітті

16.12.2020

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы 15 желтоқсанда Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің агроөнеркәсіптік кешен (АӨК) саласындағы 2021–2025 жылдарға арналған бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар (ҒЗТКЖ) тізбесін бекітті.

Құжат Одақ елдері бірлесіп іске асыруға дайын, ауыл шаруашылығы мен АӨК экономикасының түйінді салаларындағы ҒЗТКЖ-дың 27 тақырыбын кірістіреді.

Зерттеулер мақсаты – инновациялық өнімдер мен технологиялар әзірлеу есебінен аграрлық сектордың неғұрлым өзекті міндеттерін шешу.

АӨК бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін мүше мемлекеттердің бірлескен күш-жігерімен ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа бейімделген және жоғары өнімді сорттарын жасау, нақты егіншілік жүйесін дамыту және топырақтың құнарлылығын молайту, жемшөптік қоспалар өндірісі технологиясын жетілдіру, өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығында биотехнологияларды әзірлеу жоспарлануда.

Экономика саласындағы зерттеулер шаруашылық жүргізудің шағын нысандарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, ауыл шаруашылығында қызметтер көрсету секторы мен цифрлық технологияларды дамыту мәселелерін шешуге бағытталған.

«Біз бірлескен ҒЗТКЖ-ды іске асыру мемлекетаралық ынтымақтастықты дамытуға, дербес жоғары технологиялы    тауарлар өндірісін өсіруге, сондай-ақ Одақта импорттық материалдық-техникалық ресурстарға жұмсалатын шығындарды азайтуға ықпал ететін болады деп күтеміз», – деп атап өтті ЕЭК Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Артак Камалян.

ЕЭК Алқасы қабылдаған тағы бір құжат - «Одаққа мүше мемлекеттердің қажеттілігі үшін түрлендірілген крахмалдарды алу технологиясын әзірлеу жөніндегі бірлескен ҒЗТКЖ-ды іске асыру туралы» ұсыным.

Бұл саладағы  бірлескен зерттеулердің өзектілігі өнеркәсіптің әртүрлі саласында кеңінен қолданылатын қажетті қасиеттері бар крахмалдардың  Одақ нарығындағы жоғары сұранымынан туындайды.

ЕАЭО елдері дербес шикізат базасы бар болуына қарамастан, импорт есебінен өнімнің бұл түріне деген іші сұранымды айтарлықтай дәрежеде өтейді. Мәселен, 2019 жылы Одақтың түрлендірілген крахмалдармен өзін өзі қамтамасыз етуі 35% деңгейінде бағаланды.

Құжат жобасы мүдделі мүше мемлекеттерге бірлескен ҒЗТКЖ-ды іске асыруды тағамдық және техникалық мақсаттар үшін түрлендірілген крахмалдар өндірісі технологияларын, сондай-ақ нормативтік құжаттаманы және нарық пен патенттік іздеуді зерттеу нәтижелері негізіндегі түрлендірілген крахмалға арналған арнаулы жабдық әзірлеуді көздейтін іс-шаралар негізінде жүзеге асыруды ұсынады.

«Бұл жобаны іске асыру түрлендірілген крахмалдарға импорттық тәуелділікті және оларды сатып алуға жұмсалатын валюталық шығындарды азайтуға, сондай-ақ қосылған құны жоғары тағамдық және техникалық мақсаттағы жаңа өнеркәсіптік өнімдер алуға мүмкіндік береді»,- деп қорытындылады ЕЭК Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі министрі Артак Камалян.​​