Жүйеге кіру
ЕЭК халықаралық ұйымдармен қант және астық бойынша ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қоюды жоспарлауда

ЕЭК халықаралық ұйымдармен қант және астық бойынша ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қоюды жоспарлауда

16.12.2019

Лондонда (Ұлыбритания) Халықаралық қант ұйымының (ХҚҰ) штаб-пәтерінде Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Александр Субботин Халықаралық қант ұйымының атқарушы директоры Хосе Оривемен Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) қант нарығын дамыту мәселелерін талқылады.

Александр Субботин Одақтағы ақ қанттың жоғары экспорттық әлеуетін - шамамен 500 мың тонна екенін атап көрсете келіп, ЕАЭО елдерінде қант қызылшасы саласын дамытудың оң үрдістері бар екенін атап өтті. Оның сөзінше, бүгінде бірінші кезектегі міндет оны үшінші елдерге экспорттау шараларын тұжырымдау болып табылады.

Осыған байланысты, сондай-ақ ХҚҰ-ның әлемдік қант нарығында қолайлы жағдайларды қалыптастыру жөніндегі міндеттерін ескере отырып, Комиссия мен Халықаралық қант ұйымы арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасасу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Меморандум шеңберінде қант нарығының тұрақтылығын және әлемдік азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, уақытылы статистикалық және талдамалық ақпаратпен алмасуға, Комиссия мен Одақ мемлекеттерінің ХҚҰ өткізетін семинарларға, конференцияларға және басқа да іс-шараларға қатысуына бағытталған іс-шаралар мен механизмдер көзделеді.

Александр Субботин сондай-ақ Халықаралық астық кеңесінің (ХАК) атқарушы директоры Арно Петимен кездесіп, Комиссияның осы халықаралық ұйыммен сындарлы өзара іс-қимылын орнату перспективаларын талқылады.

Кездесу барысында ЕЭК министрі Одақтағы - Халықаралық астық кеңесінің мүшелері болып табылатын Қазақстан мен Ресейдің негізгі астық өндірушілерінің үлесіне осы тауардың әлемдік өндірісінің шамамен 6%-ы және бидайдың әлемдік экспортының 23%-ы тиетінін хабарлады. Және де Одақ елдері бидайдың жиынтық экспорты бойынша әлемде бірінші орында, бидай ұны бойынша - екінші, арпа бойынша - үшінші, жүгері мен күнжара бойынша - бесінші орында.

«ЕАЭО-ның тұрақты жұмыс істейтін реттеуші органы болып табылатын Еуразиялық экономикалық комиссия үшін Халықаралық астық кеңесімен өзара іс-қимылды жолға қою зор ықылас тудырады. Мысалы, ұлттық аграрлық саясаттардағы өзгерістер мен олардың әлемдік нарықтың жай-күйіне әсері туралы жедел және талдамалы ақпарат алу, астық, бұршақ, майлы дақылдар мен күріш бойынша әлемдік сұраныс пен ұсынысты қысқа мерзімді әрі ұзақ мерзімді болжау саласында тәжірибе алмасу бөлігінде», – деп атап өтті Александр Субботин.

Бұдан басқа, ЕЭК министрінің пікірінше, астық нарығының тұрақтылығын және әлемдік азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған ХАК бағдарламаларына ЕАЭО елдерінің қатысу мүмкіндігінің, сондай-ақ Комиссияның ХАК өткізетін конференцияларға қатысуының перспективасы бар.

Арно Пети Халықаралық астық кеңесінің ЕАЭО-мен өзара іс-қимылға баса назар аударатыны және астық саудасы саласындағы халықаралық ынтымақтастықты тереңдетуге ұмтылатыны, астық секторын дамытуға, оның ашықтығын, астық нарығының тұрақтылығын және әлемдік азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға жәрдемдесетіні жайында хабардар етті. 

Кездесу қорытындысы бойынша бірлескен жұмыс туралы уағдаластыққка қол жеткізілді. Комиссия мен Халықаралық астық кеңесі дәнді дақылдардың құнын болжау бойынша ХАК платформасы базасында шығарылатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің құнын болжау және ауыл шаруашылығы өндірісінің қажеттіліктері үшін ресурстар мен жабдықтарға қажеттілікті анықтау бойынша ЕАЭО мамандандырылған цифрлық платформасын құру жоспарлап отыр.

ХАК атқарушы директоры мен ЕЭК министрі Халықаралық астық кеңесі өкілдерінің ЕАЭО Іскерлік кеңесінің іс-шараларына қатысуы туралы уағдаласты. Одақта қолданылатын тарифтік және тарифтік емес қорғау шаралары туралы ақпаратпен, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенінде жаңа технологияларды ендіру мен пайдалану, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және қайта өңдеу бойынша жаңа өндірістік объектілерді құру туралы мәліметтермен алмасу жоспарлануда.

Кездесуде айқындалған ынтымақтастық бағыттарын Комиссия мен Халықаралық астық кеңесі арасындағы өзара түсіністік туралы тиісті меморандумға кірістіру көзделген, оған 2020 жылы қол қою жоспарланып отыр.

Ұлыбританияға жұмыс сапары барысында ЕЭК министрі Беларусь Республикасының Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Сергей Алейникпен кездесті, онда ЕЭК, ЕАЭО елдері және халықаралық тауар ұйымдарының бұдан арғы ынтымақтастығының мәселелері талқыланды.

Анықтама

Халықаралық қант ұйымы (ХҚҰ) - тұрақты түрдегі талдау мен талқылауды, арнайы зерттеулерді, соның ішінде семинарлар мен конференциялар барысында жүргізе отырып, халықаралық қант нарығындағы сауда талаптарын жетілдіруге көмектесетін үкіметаралық бірлестік. 2019 жыл бойынша Беларусь пен Ресейді қоса алғанда, әлемнің 87 елі оның мүшесі болып табылады.

Халықаралық астық кеңесі (ХАК) - 1949 жылы Лондонда (Ұлыбритания) құрылған үкіметаралық ұйым. Оның қызметі 1995 жылғы Астық саудасы туралы конвенцияға сәйкес дәнді дақылдар саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған және астық, майлы тұқым және күріш саудасына қатысты. Қазақстан мен Ресей соның ішінде ХАК мүшесі болып табылады.​