Жүйеге кіру
ЕЭК Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі министрінің кеңесшісі Владимир Мальцевтің «Союзное вече» газетіне берген сұхбаты: «МАЗ бен КамАЗ-ды жаңа деңгейге шығарамыз»

ЕЭК Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі министрінің кеңесшісі Владимир Мальцевтің «Союзное вече» газетіне берген сұхбаты: «МАЗ бен КамАЗ-ды жаңа деңгейге шығарамыз»

16.11.2016

Мәскеуде Беларусьтің Өнеркәсіп министрлігі мен РФ Өнеркәсіп және сауда министрлігі Алқасының бірлескен отырысы өтіп, онда станок жасау саласын дамыту мәселелері талқыланды. ЕЭК Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі министрінің кеңесшісі Владимир Мальцев «СВ»-ға кездесу қорытындысы туралы айтып берді

- Кездесуде қандай негізгі тақырыптар қозғалды?

- «Бестік» шеңберіндегі өндірістік кооперацияның және «екіліктің», яғни Беларусь пен Ресей Одақтас мемлекетінің тәжірибесін қолданудың өзекті мәселелері талқыланды. Отырыстың негізгі тақырыбы – Станок-құрал саласының инжинирингтік орталығын құру болды. 2015 жылы оны ЕАЭО-ның барлық елдері үшін құру туралы шешім қабылданды. Тараптар оған өздерінің мүдделілігін растады, олар мұны технологиялардың қайта келуіне, жаңа құрастыру өндірістерін құруға, импорт алмастыру мәселелерін шешуге ықпал етеді деп санайды. 

- Жұмысты неден бастайсыздар?

- ЕАЭО аумағындағы барлық өндірістерге талдау жасаймыз, қандай станоктар мен жинақтауыштар жетпейтінін қараймыз және біздің үкімет басшыларына өндірістерді, оның ішінде шетелдік инвесторларды тарта отырып, салу бойынша бірлескен жобалар ұсынатын боламыз. Бұдан соң нарықтарымызды ДСҰ нормаларына қайшы келмейтін қорғау нормаларын енгіземіз. 

Бұрын мұндай орталық тек «екілік» үшін құрылған болатын, енді әрі қарай жылжитын боламыз. Идеяны 2017-2019 жылдар аралығында іске асыра аламыз деп ойлаймын. Бізге үкіметтер басшылары осындай міндет қойып отыр. Орталық орналасатын жер мен оны қаржыландыру көзі қазір белсенді талқылануда. Барлық тараптар мұндай құзырет орталығының өз мемлекетінде болуына мүдделі. 

- Ілгеріде МАЗ мен КамАЗ базасында тіптен трансұлттық корпорация құрылмақ еді. Қазір бұл жұмыстың жағдайы қалай?

- Бұл тұста жағдай қызық. Егер ашығын айтсақ, МАЗ бен КамАЗ – бұл біздің ортақ нарығымыздағы бәсекелестер. Бір жағынан бұл жақсы, өйткені олардың бәсекелестігінен үнемі өнім сапасы өсіп отырады және түптен келгенде бұдан тұтынушы пайда көреді. Екінші жағынан қарсы тұруға көп күш жұмсалады. Ал мемлекеттердің протекциялық саясаты Еуразиялық экономикалық одақ мүдделеріне қайшы келеді. Көбіне жоғарыдан түсірілетін кооперациялық жоба, бизнес пайда көрмейтін болғандықтан, тоқырап қалып жатады. Кәсіпорындар нарықты бөліп те алды, тіптен бір біріне кедергі жасамау үшін бірлескен баланс жасай бастады және олардың бір шатырдың астына бірігуге ниеті жоқ.

- Жағдайдан шығар амал бар ма?

- Біз бизнестің ұстанымын құрметтейміз. Ымыраға келуге дайынбыз. Егер біздің алпауыт кәсіпорындарымыз бәсекеге қабілетті өнім шығарса және ол шамадан тыс мөлшерде болса, онда біз келісімді түрде үшінші елдердің нарығына шығып, оны бірлесе игере аламыз. Міне, осы тұста біз қол қойған немесе таяу арада ресімдейтін еркін сауда аймақтары туралы келісімдер іске қосылады. Қырыққа тарта ел келіссөздерді бастауға ниет білдірді.  

- ЕЭК Беларусь пен Ресейдің одақтық бағдарлама тәжірибелерін зерделей ме? Мұндай тетік ЕАЭО-да жұмыс істеп кетуі мүмкін бе?

- Әрине. Қазір біз бірлескен Еуразиялық жобаларды қаржыландыру туралы ереже дайындап жатырмыз. Бұл ЕАЭО туралы шарттың негізгі бабында көзделген. Жұмысты 2017 жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз. 
Қолдау тетіктерінің бірін Еуразиялық даму банкі қамтамасыз етеді. Осы банкпен бірге ортақ бағдарламаларды қаржыландыру жүйесін әзірлеп, бекітеміз деген премьер-министрлер деңгейіндегі уағдаластық бар. Біз жобалардың тартымдылығын ұлғайту үшін бұл банктің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауды қарастыруға дайынбыз. 

- Бұған дағдарыс кедергі жасамай ма?

- Экономикада құлдырау бар. Бірақ бәрібір банк дағдарыстың бар-жоғына қарамастан анық залалды жобаларды қаржыландырмайды. Онда байыпты мамандар жұмыс істейді және оған жақсы, өміршең жобалар ұсыну керек, сонда ғана қаржыландыру бойынша қиындық болмайды.