Жүйеге кіру
2019 жылғы 1 қарашаға қарай ЕАЭО елдері көлік құралдарының электрондық паспорттарының бірыңғай жүйесіне көшуге тиіс

2019 жылғы 1 қарашаға қарай ЕАЭО елдері көлік құралдарының электрондық паспорттарының бірыңғай жүйесіне көшуге тиіс

16.04.2019
Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) Техникалық реттеу жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Виктор Назаренконың төрағалығымен ЕЭК-те өткен кеңесте Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінің бейінді мемлекеттік органдарының басшылары мәлімдеді.
«Көлік құралдарының электрондық паспорттарын енгізу жөніндегі келісімде көзделгендей, тиісті жүйені толық форматта пайдалану ЕАЭО-ның барлық қатысушылары электрондық КҚП ресімдеуді және оларды өз ұлттық сегменттерінде автомобильді тіркеу кезінде қолдану мүмкіндігін қамтамасыз еткенде басталады»,- деп атап өтті ЕЭК министрі. Қазір Ресей тарапы электрондық КҚП пайдалануға деген неғұрлым мол дайындығын көрсетуде және іс жүзінде барлық рәсімді аяқтады. «Электрондық паспорт» АҚ жүйесінің әкімшісі биылғы жылғы желтоқсанға қарай жүйенің ресейлік сегменті айына 170 мың осындай автопаспорттарды ресімдей алады деп хабардар етті. 2019 жылғы қарашадан бастап Ресейде уәкілетті меморгандар, сондай-ақ автомобиль шығарушылар мен олардың ресми өкілдері тек электрондық КҚП ресімдейтін болады. Одақтағы жаңа көлік құралдары нарығы жылына барлығы 2,3 млн астам автомобильді құрайды. Бұл ретте электрондық паспорттардың ЕАЭО елдеріндегі автоиеленушілер үшін «ауырсындырусыз» енгізілетіндігі атап көрсетілді. Олар электрондық автопаспортқа ауыстырғысы келгенше, ескі құжатты жоғалтып алмаса немесе әзірге олардың автомобилі кәдеге жаратылмайтын болса, қағаз түріндегі КҚП-ны қанша уақыт қажет деп санаса, сонша уақыт пайдалана алады. Жаңа паспорттар міндетті түрде электрондық түрінде беріледі. Кеңестің қорытындысы бойынша меморгандар ай сайын Комиссияны тарта отырып, мүше мемлекеттерде электрондық паспорттардың ұлттық жүйелерін іске қосу дайындығына мониторинг жүргізуге уағдаласты. Бұл тараптардың электрондық КҚП-ға көшу мүмкіндігін жақсы түсіну үшін қажет. Көлік құралдарының электрондық паспорттарына толық мәнінде көшу көлік құралдарының өзара орын ауыстыруын, азаматтар үшін оларды тіркеу рәсімін оңайлатады, жүйенің қатысушыларына техниканың өмірлік циклын қадағалауға, ал меморгандарға – ЕАЭО-ның барлық елдерінде бірыңғай форматтағы анық дерекқорды пайдалануға мүмкіндік береді.