Жүйеге кіру
Көліктік қағаз құжаттардағы кедендік белгілердің күші жойылуы мүмкін

Көліктік қағаз құжаттардағы кедендік белгілердің күші жойылуы мүмкін

16.03.2020

Егер кедендік операциялар электрондық түрде жасалса, Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметіне қатысушылардың көліктік қағаз құжаттарында кеден органдарының қосымша белгілері талап етілмейді. 16 наурызда ЕЭК Кеңесі Еуразиялық үкіметаралық кеңестің тиісті шешімін мақұлдады, оны биылғы сәуірде одақтас елдер Үкіметтерінің басшылары қабылдауы мүмкін.

ЕЭК Кеңесі мүшелерінің пікірінше, бұл электрондық кедендік құжаттарды неғұрлым тиімді қолдануға, кеденшілердің, халықаралық тасымалдаушылардың және басқа да СЭҚ-қа қатысушылардың ресурстарын үнемдеуге көмектеседі. Кеденнің ақпараттық жүйелеріне енгізілетін мәліметтерге қосымша - және қағазда да белгі қою - мәселен, кедендік операцияларды жасау уақытын айтарлықтай арттырады, ал бұл қазіргі заманғы кедендік технологияларды ендіруден болатын нәтижені азайтады.

Осы мәселе теңіз және темір жол көлігіне неғұрлым көбірек қатысты. Кеденшілерге темір жол тасымалдары кезінде бірнеше ондаған, теңіз тасымалы кезінде бірнеше мыңға дейін көлік құжаттарын бір мезгілде өңдей отырып, олардың әрқайсысына қолмен белгі қойып шығуға тура келеді.

Еуразиялық экономикалық комиссия бірқатар тұжырымдарға келе отырып, жағдаятқа алдын ала кешенді талдау жүргізді. Біріншіден, Одақта қол жеткізілген ақпараттық жүйелердің даму деңгейін ескере келгенде, кеден органдары қосымша көліктік (тасымал) қағаз құжаттарын басып шығаруға мүқтаж емес. Екіншіден, мұндай белгілерді, ең алдымен, СЭҚ-қа қатысушылардың өздері және басқа да мемлекеттік органдар, өз қызметтерінде деректермен электрондық алмасуды белсенді пайдалануының жеткіліксіздігінен, операциялардың жасалуын растауы ретінде талап етеді.

Бұдан басқа, ұлттық актілер, жекелеген (кедендік емес) ведомстволардың регламенттері көп жағдайда кеден органдарының бұрыннан-ақ операциялардың көпшілігін электрондық түрде жасап келе жатқанын ескере бермейді. Кедендік операциялардың электрондық түрде жасалғанына немесе жасалмағанына қарамастан, мұндай актілер мен регламенттер тауардың ілеспе құжаттарының қағаз даналарына қойылатын белгілердің бар болуын көздейді. Тауарлармен іс-қимылдың бұдан арғы алгоритмі осыған байланысты болады, мысалы, полиция органдарының көлік құралының жүк бөлігін ашу мүмкіндігі, тауарларды тиеуге рұқсат беру және т. б. Осы себептер бойынша СЭҚ-қа қатысушылар, соның ішінде тасымалдаушылар белгі қойылуы үшін кеден органдарына жүгінуге мәжбүр болуда.

Үкіметаралық кеңестің оң шешімі болған кезде өтпелі кезең енгізіледі. Кедендік белгілердің қағаз құжаттарда қосарласуының күшін жоюды 2021 жылғы 1 ақпаннан бастау жоспарланып отыр.​