Жүйеге кіру
Өзбекстан ЕАЭО-дағы сауда мәселелерін реттеу тәжірибесін зерделейді

Өзбекстан ЕАЭО-дағы сауда мәселелерін реттеу тәжірибесін зерделейді

15.03.2021

Еуразиялық экономикалық комиссияның Сауда жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Андрей Слепнев 15 наурызда Өзбекстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Инвестициялар және сыртқы сауда министрі Сардор Умурзаков басқарған Өзбекстан делегациясының Ресей Федерациясына жұмыс сапары шеңберінде Өзбекстан Республикасы Инвестициялар және сыртқы сауда министрінің бірінші орынбасары Лазиз Кудратовпен келіссөздер жүргізді. Сол күні ЕЭК Сауда жөніндегі министрі Андрей Слепневтің қатысуымен ЕЭК Алқасының Төрағасы Михаил Мясниковичтің Сардор Умурзаковпен кездесуі болып өтті, оның барысында сауда ынтымақтастығының мәселелері қозғалды.

 

«Күні кеше біздің парламентіміз Еуразиялық экономикалық одақпен өзара іс-қимылды дамыту жөніндегі «жол картасын» бекітті. Кедендік-тарифтік және тарифтік емес реттеуді қоса, заңнаманы үндестіру тұрғысында тұтастай бірқатар мәселе қойылды. Сөз бұл арада өнеркәсіп, көлік, стандарттар мен техникалық реттеудің мәселелері жайында болып отыр», — деп хабардар етті Лазиз Кудратов. Оның сөзінше, Өзбекстан Республикасының Инвестициялар және сыртқы сауда министрлігінде Одақпен ынтымақтастықтың мәселелерімен айналысатын арнаулы бөлімше құрылған.

Өз тарапынан Андрей Слепнев қазір Өзбекстанның ДСҰ-ға қосылу туралы жүргізіп жатқан келіссөз жұмысының маңыздылығын атап көрсетті. Оның пікірінше, заңнаманы Одақтың қағидаларына сәйкестікте құру ұйымда қабылданған нормаларға орай реттеуге келтіруге ықпал ете алар еді. Бұдан басқа, Еуразиялық стандарттарды инкорпорациялау өзара сауданың болмай қоймайтын артуына ықпал еткен болар еді.

«Елеулі тақырып сауда инфрақұрылымына да байланысты. Бізде Өзбекстан үшін қызығушылық тудыруы мүмкін бірқатар жоба бар. Атап айтқанда, сөз тоңазытылған және мұздатылған өнімді жеткізуді тездетуге және шығындарды барынша азайтуға мүмкіндік беретін «Агроэкспресс» жобасы туралы болып отыр», — деп атап өтті ЕЭК Сауда жөніндегі министрі. Логистиканы тездету өзбек ауыл шаруашылығы өнімдері жеткізілімдерін өсіре түсуге мүмкіндік береді, бұл түптеп келгенде, салада жұмыспен айналысатын жүздеген мың жұмыскерге оңды әсер етуі мүмкін.

Бұдан басқа, ТМД еркін сауда аймағы туралы шартын имплементтеу және осыған байланысты акциздердің күшін жою тақырыбы қозғалды. Тараптар трансшекаралық электрондық сауда, көліктік цифрландыру, техникалық реттеу және саудада қайта сақтандырудың өзара механизмдерін құру мәселелерін одан әрі талқылауға мүдделілік білдірді, демпингке қарсы тергеп-тексеру рәсімдерін қарады.

 

Лазиз Кудратов Өзбекстанның мемлекеттік билік органдары өкілдерінің құзыреті деңгейін арттыру және Одақта қолданылатын реттеушілік практикаларына бағдар ұстану мақсатында Комиссияның оқып-үйрену семинарлары мен консультацияларын өткізуін жақтап сөйледі.​