Жүйеге кіру
ЕАЭО мен АСЕАН сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты тереңдетеді

ЕАЭО мен АСЕАН сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты тереңдетеді

14.11.2018

Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян мен Оңтүстік Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығының (АСЕАН) бас хатшысы Лим Джок Хой 14 қарашада Сингапурде ЕЭК пен АСЕАН арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Меморандум жасасу рәсімі қауымдастықтың қатысушы елдері лидерлерінің және Ресей Федерациясының Президенті, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің төрағасы Владимир Путиннің қатысуымен өтті.

ЕЭК пен АСЕАН арасындағы меморандум бүкіл Еуразия құрлығы ауқымында интеграциялық блоктардың өзара іс-қимылы мәселелерінің кең спектрін талқылау жөніндегі диалог алаңын қалыптастыру үшін іргетас қалайды.

Қол қою рәсімінен кейін баспасөз өкілдеріне шыққан кезінде Тигран Саркисян журналистерге: «Меморандум жасасу ЕАЭО мүше мемлекеттері мен АСЕАН қатысушы елдері арасында сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылды жан-жақты кеңейтуге ықпал ететін болады», - деп мәлімдеді.

Тараптар кедендік реттеу және сауда рәсімдерін оңайлату, санитариялық және фитосанитариялық шаралар, техникалық реттеу, электрондық сауда, қызметтер көрсету саудасы және инвестициялар, сондай-ақ кәсіпкерлікті дамыту сияқты бағыттар бойынша ынтымақтасатын болады. Бірінші кезекте бұл микро-, шағын және орта кәсіпорындар деңгейіндегі орнықты өзара іс-қимылды дамыту үшін қажетті жағдайлар жасайды.

Форум аясында ЕЭК Алқасының Төрағасы Тигран Саркисянның Сингапур Республикасының Премьер-министрі Ли Сянь Лунмен кездесуі болып өтті. Тараптар Еуразиялық экономикалық одақ пен Сингапур арасында еркін сауда аймағы туралы келісім жасасу жөніндегі келіссөз процесінің алға басуын атап өтті. Олардың пікірінше, құжатқа қол қою өзара сауда айналымының, инвестициялардың, сондай-ақ күрделі қаржылар мен технологиялар алмасудың өсуін ынталандыра алады.

Анықтама

ЕЭК пен АСЕАН хатшылығы 2014 жылдан бастап ұйым басшылары деңгейінде өзара іс-қимылды жүргізіп келеді. 2016 жылдан бастап ЕАЭО мен Вьетнам арасында еркін сауда аймағы туралы келісім қолданылады. Сингапурмен ЕСА туралы келісім жасасу перспективалары 2016 жылғы мамырда ЕЭК Алқасының Төрағасы Тигран Саркисянның Сингапур Республикасының Премьер-министрі Ли Сянь Лунмен кездесуі барысында талқыланғанын, оның қорытындысы бойынша бұл тректі дамытуға деген мүдделілік атап өтілгенін еске сала өткен жөн. ЕЭК пен Сингапур Республикасының Үкіметі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға сол кезде қол қойылған еді.

Бруней, Вьетнам, Индонезия, Камбоджа, Лаос, Малайзия, Мьянма, Сингапур, Таиланд, Филиппин АСЕАН-ның мүше мемлекеттері болып табылады.