Жүйеге кіру
Тигран Саркисян ШЫҰ мемлекеттері басшыларының саммитіне қатысты

Тигран Саркисян ШЫҰ мемлекеттері басшыларының саммитіне қатысты

14.06.2019

Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян маусымның 13-інен бастап 14-іне дейінгі аралықта Бішкекте (Қырғыз Республикасы) Қырғызстанның төрағалығымен өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) Мүше мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына қатысты.

Саммитке қатысушылар жаһандық қауіпсіздік, өңірлік тұрақтылық, экстремизмге, терроризмге және есірткі тасымалына қарсы іс-қимыл, экономиканың, өнеркәсіптің даму мәселелері, гуманитарлық саладағы ынтымақтастық сияқты бағыттар бойынша ШЫҰ шеңберіндегі өзара іс-қимылдың ағымдағы жай-күйі мен перспективаларын талқылады.

ШЫҰ мүшелері қабылдаған басты қорытынды құжат Бішкек декларациясы болды, онда тараптардың ШЫҰ қызметінің алдағы дамуын пайымдауы бейнеленген, мүше мемлекеттердің өзекті өңірлік және халықаралық проблемалар бойынша позициясы расталған. Сондай-ақ, осы құжатта өзекті халықаралық және өңірлік мәселелер бойынша келісілген бағалаулар ұсынылған, ұйымның БҰҰ-ның жастар құқықтары туралы конвенциясын дайындау жөніндегі бастамасы хатталған.

Бұдан басқа, саммит қорытындылары бойынша мүше мемлекеттер басшылары, министрліктер мен ведомстволар, халықаралық ұйымдар басшылары деңгейіндегі 20-дан астам құжатқа қол қойылды. Олардың арасында ШЫҰ-ға қатысушы елдердің өңіраралық ынтымақтастығын дамыту бағдарламасы, цифрландыру және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы ынтымақтастық тұжырымдамасы, «ШЫҰ-Ауғанстан» байланысу тобының алдағы іс-қимылдарының «жол картасы», Дүниежүзілік туристік ұйыммен Өзара түсіністік туралы меморандум, сондай-ақ БҰҰ-ның Гуманитарлық мәселелерді үйлестіру жөніндегі басқармасымен, БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымымен, БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясы хатшылығымен, «Астана» халықаралық қаржы орталығымен өзара түсіністік туралы меморандумдар, бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісім бар.

ШЫҰ-дағы төрағалық Қырғызстаннан кейін Ресейге ауысады. Ұйымның келесі саммиті 2020 жылғы 22–23 шілдеде Челябинскіде өтеді.


Анықтама
Сегіз ел ШЫҰ-ның мүше мемлекеті болып табылады, олар: Үндістан Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қытай Халық Республикасы, Қырғыз Республикасы, Пәкістан Ислам Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы, Өзбекстан Республикасы.

Төрт ел ШЫҰ жанындағы байқаушы мемлекет мәртебесіне ие, олар: Ауғанстан Ислам Республикасы, Беларусь Республикасы, Иран Ислам Республикасы, Моңғолия Республикасы.

Алты ел ШЫҰ-мен диалог бойынша әріптес болып табылады, олар: Әзербайжан Республикасы, Армения Республикасы, Камбоджа Корольдігі, Непал Федеративтік Демократиялық Республикасы, Түркия Республикасы, Шри-Ланка Демократиялық Социалистік Республикасы.