Жүйеге кіру
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес мүшелері жұмыс кездесуінің қорытындылары

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес мүшелері жұмыс кездесуінің қорытындылары

14.04.2020

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес Төрағасы, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенконың бастамасы бойынша 14 сәуірде ЖЕЭК мүшелерінің жұмыс кездесуі болып өтті. Одақ елдерінің көшбасшылары коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау және ЕАЭО-да экономикалық тұрақтылықты қолдау жөніндегі бірлескен іс-қимылды бейнеконференция режимінде қарады.

 

Александр Лукашенко қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштықты қамтамасыз ету, бірінші кезекте тек өзін  ғана қауіпсіздендіруге ұмтылу салдарынан ЕАЭО негіздерінің шайылып кетуіне жол бермеу тақырыбын талқылауды ұсынды. «Егер біз күш-жігерімізді біріктірмесек, онда ертең бұзылған экономикалық байланыстарды қалпына келтіретін боламыз және бұған көп уақыт, ақша мен еңбек кетеді»,- деген сенімде Беларусь Президенті.

 

Бәрінен бұрын ол ЕАЭО-дағы транзиттік қатынастың сақталуының маңыздылығын атап өтті. «Біз Беларусь арқылы ЕАЭО мүддесіндегі транзитті жүзеге асырудамыз. Еуроодақпен шекарада біз барлық Беларуське келушілерді және Беларусь арқылы транзитпен өтушілерді тексерудеміз. Осы жағдаятта жеткілікті түрде  парасатты іс-әрекет жасау қажет деп ойлаймын. Меніңше, елдер арасындағы көлік дәлізі тек Беларусьте ғана сақталуға тиіс емес. Бұл дәлізді Ресей, Қазақстан, Армения, Қырғызстан арқылы және әрі қарай айқындап алған жақсы болар еді»,- деп мәлімдеді Александр Лукашенко.

 

Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинян коронавирус пандемиясымен байланысты жағдаят ЕАЭО үшін сынақ болып табылатынын атап көрсетті. «Біздің елдеріміздің ынтымақтастыққа және осы күндері айқын көрінген өзара қолдау көрсетуге әзірлігі интеграцияның қалыптасып болғанын және оның үлкен даму әлеуеті бар екенін айғақтайды»,- деді Никол Пашинян.

 

Армения Премьер-министрі ЕАЭО-ның жаһандық экономикалық дағдарыстың сынағына төтеп беріп қана қоймай, сонымен бірге өз институттары арқасында одан аз шығынмен шыға алатынына сенім білдірді.

 

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жағдаятқа орай әрекет етуден  басқа, дағдарыстан сабақ ала отырып, орта және ұзақ мерзімді перспективаға арналған шаралар туралы ойлану қажеттігі жайында мәлімдеді.

 

«Дағдарыстың қосылған құн тізбегінің жаһандық ландшафтын айтарлықтай өзгертетініне ешқандай күмән жоқ. Біздің экономикаларымыздың бәсекелестік артықшылықтары негізінде қосылған құндардың өңірлік тізбегін құруға кірісуге болар еді. ЕАЭО-ның ұзақ мерзімді орнықтылығы сауда процестерінің орнықтылығына тікелей байланысты. Қазіргі сәтте тауарлар саудасы - төрт еркіндіктің ең бастысы»,- деп атап көрсетті Қазақстан Президенті.

 

Өз кезегінде Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков ЕАЭО елдерінің көптеген азаматы пандемия жағдайында қиын жағдаятқа тап болғанын атап өтті. Ол осы қиындау уақытта оларды әлеуметтік және медициналық қолдаудың бірыңғай механизмін қабылдауды ұсынды.

 

«Біздің Одақта елдеріміздің халқын негізгі азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етудің барлық мүмкіндіктері бар. ЕАЭО ішінде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың өзара саудасында шектеулер болмауға тиіс»,- деп санайды Сооронбай Жээнбеков.

Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин коронавирус пандемиясы өмірдің барлық жағына теріс әсер етіп жатқанын және инфекцияның таралуын тоқтату үшін әдеттегіден тыс  шаралар талап етілетінін атап көрсетті.

 

«Пандемияға халықаралық қоғамдастықтың күш-жігерін біріктіру арқылы ғана тиімді қарсы тұруға болады. Нақ осындай ұжымдық тәсілдемелерді Ресей барлық көпжақты алаңдарда: БҰҰ-да, «Жиырманың тобында» және ТМД-да ілгерілетіп келеді.  Және, әрине, біз ЕАЭО мемлекеттері арасындағы тығыз ынтымақтастықты  аса сұранысты деп есептейміз»,- деп атап өтті Ресей Президенті.

 

Владимир Путин пандемия жағдайында ие болған тәжірибені ескере отырып, осындай жағдаяттар қайталанған жағдайда жедел әрі үйлесімді іс-әрекет жасау үшін Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттары жобасының денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастыққа қатысты ережелерін күшейтуді ұсынды.

 

ЕЭК Алқасының Төрағасы Михаил Мясникович мемлекет басшыларына пандемия жағдайында экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған ЕАЭО шеңберінде қабылданып жатқан шаралар туралы хабарлады. Атап айтқанда, ол Үкіметаралық кеңес бекіткен шұғыл дағдарысқа қарсы тұрақтандыру шаралары мен ЕАЭО елдерінің экономикасын қалпына келтіру және одан әрі дамыту жөніндегі шаралар кешені туралы айтып берді.

 

«Біз резервтерді қайдан көріп отырмыз? Олардың елдер қол жеткізетін уағдаластықтарды орындауда екендігі сөзсіз. Өзара саудадағы шектеулерді барынша азайтып, сенімді нығайту керек»,- деп Михаил Мясникович бұған көз жеткізе айтты.

 

Талқылау қорытындысы бойынша ЕАЭО мемлекеттері басшылары COVID-19 пандемиясына байланысты бірлескен мәлімдеме қабылдады.