Жүйеге кіру
ЕЭК-те Еуразиялық «бестіктің» өнеркәсіп министрлерінің бірінші кездесуі өтті

ЕЭК-те Еуразиялық «бестіктің» өнеркәсіп министрлерінің бірінші кездесуі өтті

14.03.2019
Кездесу 13 наурызда Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) штаб-пәтерінде болып өтті. Министрлер  Еуразиялық экономикалық одақта (ЕАЭО) бірыңғай өнеркәсіп саясатын қалыптастыру тәсілдемелерін және кооперациялық жобаларды іске асыру перспективаларын талқылады.

Талқылауға ЕЭК Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян, ЕЭК-тің Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі министрі Александр Субботин, Армения Республикасы Экономикалық даму және инвестициялар министрі Тигран Хачатрян, Беларусь Республикасының Өнеркәсіп министрі Павел Утюпин, Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр, Қырғыз Республикасы Өнеркәсіп, энергетика және жер қойнауын пайдалану мемлекеттік комитетінің төрағасы Эмиль Осмонбетов және Ресей Федерациясы Өнеркәсіп және сауда министрі Денис Мантуров қатысты.

Кездесуді ЕЭК Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян ашты. Ол ЕАЭО бірыңғай экономикалық кеңістігін қалыптастыру үшін, соның ішінде өнеркәсіп саласында келісілген саясаттар жетіспейтінін атап көрсетті. Келісілген саясаттар негізінде заң шығармашылығы жатуға тиіс, сол себепті ЕЭК ұлттық заңнаманы үндестіру жөнінде жүйелі құжат дайындау бастамасын көтерді.

«Бірінші кезекте біз таңдаулы практика ретінде және оларды алдағы уақытта ұлттық заңнама деңгейінде пайдалануға ұсыным жасауға болатын модульдік заңдар әзірлеуді ұсынамыз. Екіншіден, жаңа кедергілердің пайда болуынан қашу үшін өнеркәсіп саласындағы заң актілері өзара қаншалықты айырмашылықты  екеніне зерттеулер жүргізу қажет деп санаймыз. Және, ақырында, қызметтің жаңа салаларында, цифрлық экономикада біз жаңа заң өрісін құратын боламыз және нақ осы одақтық заң актілеріне бағдар ұстауды ұсынамыз», - деп атап өтті Тигран Саркисян.
 
ЕЭК Алқасының Төрағасы ЕАЭО-да зергерлік және жарықдиодты өндірістер саласында алғашқы кооперациялық жобалармен жұмыстың басталып та кеткенін айтты. Бұдан басқа, ЕЭК Еуразиялық кәсіпорын тұжырымдамасымен жұмыс істеуде, бұл Еуропалық тәжірибемен ұқсастығы бойынша елдерді бірлескен жобаларды іске асыруға қызықтыруға мүмкіндік береді. Бизнестің мүддесін барынша толық ескеру үшін ол тараптарға сауда келісімдерін жасасу жөнінде өз позицияларын білдіруді де ұсынды.

Александр Субботин Одақ елдерінің өнеркәсіптің басым салаларында айтарлықтай ілгерілегенін, мысалы, ауыл шаруашылығы машиналарын жасауда бірлескен кәсіпорындарды субсидиялау ойдағыдай шешілгенін, ЕЭК пен Германияның Ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілер қауымдастығы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум шеңберінде жаңа өндірістер дамып, станок жасау жөніндегі инжиниринг орталығы құрылып жатқанын атап көрсетті. Кооперациялық жобаларды қаржыландыру үшін Еуразиялық даму банкі қаражаттарын пайдалану мүмкіндігі бар.

«Біздің міндетіміз – бірыңғай бренд аясында үшінші елдердің нарығына кіре алатын бәсекеге қабілетті өнім жасау. Бұл үшін бізге үйлестірілген күш-жігер қажет», - деді Александр Субботин.

Денис Мантуров объективті себептерге орай әр елде әртүрлі өндірістер дамығанын және барлық елдерді ЕАЭО шеңберінде біріктіретін нәрсенің ізделуі қажеттігін атап өтті. «Мысалы, зергерлік өнім өндірмейтін ел жоқ. Бұл шын мәнінде барлығының мүддесін білдіретін тура сол сала», - деп мысал келтірді  Ресей Федерациясының Өнеркәсіп және сауда министрі.

Министрлер сондай-ақ ауыл шаруашылығы және құрылыс техникасына арналған тораптар мен жинақтауыштар өндірісі саласындағы елдік кооперацияның перспективаларын және басқа мәселелерді талқылады.