Жүйеге кіру
Геоақпараттық қызметтер көрсету саласындағы Еуразиялық топталым орбитаға шығады

Геоақпараттық қызметтер көрсету саласындағы Еуразиялық топталым орбитаға шығады

13.07.2020
ЕЭК Кеңесі 13 шілдеде Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің Жерді қашықтан зондтау (ЖҚЗ) деректері негізінде ғарыштық және геоақпараттық қызметтер көрсету саласындағы бірінші жаһандық кооперациялық жобаны – Одаққа мүше мемлекеттер үшін пилоттық болатын Мемлекетаралық бағдарламаны мақұлдады. Енді оны іске қосу үшін соңғы қадам қалды, ол – үстіміздегі жылғы 17 шілдедегі Үкіметаралық кеңестің бекітуі.

«Одақ елдері президенттерінің мемлекетаралық бағдарлама әзірлеу жайындағы тапсырмасынан кейін ғарыш мекемелерінің және ғарыш техникасының жетекші өндірушілерінің өкілдері бірлесіп еңбек етті. Қорытындысында шын мәнінде сапалы әрі перспективалық дайындамасы бар пысықталған құжат дайын болды», деп атап өтті Еуразиялық экономикалық комиссияның Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі министрі Артак Камалян.

Жерді ғарыштан қашықтан зондтау технологиялары біздің планетамыздың ресурстарын тиімді басқаруға көмектесетін, оны зерттеудің дәлдігі жоғары және жедел құралы. Бүгінгі технологиялар пайдалы қазбаларды барлау мен өндірудің тиімділігін арттыру, ауыл шаруашылығына аса жаңа практикаларды енгізу, төтенше жағдаяттарды алдын ала ескерту мен олардың салдарын жою, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруін бақылау мақсатындағы бірегей шешімдерді ұсынады. Ауа райы болжамдары жасалатын ақпараттың шамамен 80%-ы ғарыштан алынады.

Жер орбитасында барлығы шамамен 500 спутник қашықтан зондтаумен айналысады. Және бұған жақын уақыттың өзінде Еуразиялық топталым қосыла алады.

Мемлекетаралық бағдарламаны 2021 жылдан бастап 2025 жылға дейінгі аралықта іске асыру ұйғарылған. Бұл үшін Одақ елдеріне және Комиссияға үш кезеңнен бірлесіп өту қажет болады. Бірінші кезең – Одақ елдері спутниктерінің қолданыстағы және перспективалы топталымдарын біріктіру. Нәтижесінде байқау аясындағы аумақтың жабылу алаңы айтарлықтай артады, шолу мерзімділігі және тұтынушыға берілетін қажетті ақпараттың жеделдігі артады. Тиісінше әлемдік ғарыш нарығында біріккен спутник ресурстарының бәсекеге қабілеттілігі өседі.

Екінші кезеңде ЕАЭО елдері бірыңғай ақпараттық портал – біріккен ғарыштық түсірілім материалдары бойынша дерекқор құрады, деректерді қабылдау мен өңдеудің ұлттық жерүсті кешендерін жаңғыртады. Бұл Одақ мемлекеттері экономикасының әртүрлі секторын пайдаланушыларға ұсынылатын геоақпараттық қызметтер көрсетудің сапасын айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді.

Мемлекетаралық бағдарламаның қорытынды кезеңі – орта және жоғары ажыратылымды ғарыш аппараттарының базасында одақтық елдердің перспективалық бірлескен ЖҚЗ ғарыштық жүйесін құру болады, оларды әзірлеу мен өндіру мүше мемлекеттер кәсіпорындары кооперациясында жүзеге асырылатын болады. Бірлескен өндірістің перспективалы ғарыш аппараттарының сипаттамалары таңдаулы әлемдік үлгілерге сәйкеседі, ал кейбір параметрлері бойынша олардан асып түсетін болады.

Мемлекетаралық бағдарлама бірыңғай экономикалық кеңістіктің артықшылығын тиімді пайдалануға, Одақ елдерінің өнеркәсіптік, ғылыми-техникалық және маркетинг мүмкіндіктерін біріктіруге, жобамен жұмыс істеуге ғарыштық аппараттарды иемденбеген Армения мен Қырғызстанды қоса, Одақтың барлық елін қатысуға тартуға және қорытындысында Мемлекетаралық бағдарламаның барша қатысушысы қол жеткізе алатын айтарлықтай үлкен ортақ нәтиже алуға мүмкіндік береді.​