Жүйеге кіру
ЕЭК-те ЕАЭО-ны дамытудың басым бағыттарын үдемелі іске асыру талқыланды

ЕЭК-те ЕАЭО-ны дамытудың басым бағыттарын үдемелі іске асыру талқыланды

12.02.2021

Еуразиялық экономикалық комиссияның Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Артак Камалян Қазақстанның Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановпен кездесу өткізді.

 

Диалогқа қатысушылар Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 15 қаңтардағы ЕАЭО мемлекеттерінің басшыларына арнаған үндеуінде белгіленген Еуразиялық экономикалық одақты дамытудың басты бес бағыты бойынша жұмысты жеделдетіп іске асырудың маңыздылығын атап көрсетті. Тараптар интеграциялық процестің барлық қатысушысы экономикалық және әлеуметтік жүйелердің орнықтылығын сақтау, азаматтардың әл-ауқатын арттыру, тұтастай ЕАЭО-ның және әрбір мүше мемлекеттің прогресін қамтамасыз ету сияқты ұзақ мерзімді басымдықтарды бағдар етуге тиіс екендігін атап өтті.

«Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі блок жұмысының басымдықтарының бірі — өнеркәсіптік кооперацияға қосымша серпім беру, Комиссияның «Өнеркәсіптік ынтымақтастықтың негізгі бағыттары» құжатын жаңа мазмұнмен толықтыру. Сөз – Одақта жаңа кооперациялық тізбектерді құру, елдеріміздің өнеркәсіп салалары арасындағы байланысты елеулі нығайту туралы», — деп атап өтті Артак Камалян.

 

ЕЭК министрі 2025 жылға дейінгі Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі «Өнеркәсіптік ынтымақтастықтың негізгі бағыттары» (ӨЫНБ) жобасымен жұмыс туралы айтып берді. Құжатта өнеркәсіптік ынтымақтастықтың мақсаттары, міндеттері, бағыттары мен құралдары көрсетілген. Ережелердің көпшілігі «Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарымен» қадамдастырылған. ЕАЭО шеңберіндегі өнеркәсіптік ынтымақтастықтың мақсаты — Одақ елдерінің әлемдік нарықта осы заманғы, зиятты, бәсекеге қабілетті экономика құрудағы тиімді және өзара пайдалы ынтымақтастығы негізінде өнеркәсіптік дамудың орнықтылығын жеделдету және арттыру болуға тиіс. Бұл үшін Одақ нарығының әлеуетін пайдалану негізінде ЕАЭО мемлекеттері өнеркәсіптік өндірісінің озыңқы өсуін ынталандыру; өнеркәсіптік кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, бірлесіп өндірілген тауарлардың сыртқы нарықтарға экспортын ілгерілету; өнеркәсіптің инновациялық дамуын және цифрлық трансформациясын бірлесіп ынталандыру арқылы өнеркәсіптік өндірісті технологиялық дамытудың жаңа деңгейіне көшу сияқты міндеттерді шешу; «Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарын» іске асыру шеңберінде өнеркәсіптік интеграцияны дамыту талап етіледі.

Кездесуге қатысушылар жаңа ӨЫНБ қабылдау 2025 жылға дейін Одақтағы өнеркәсіптік ынтымақтастықты тереңдету үшін құқықтық әрі ұйымдастырушылық негіз қалайды, тұтастай ЕАЭО-ның стратегиялық мақсаттарына және атап айтқанда Одақ мемлекеттерінің өнеркәсібін дамытудың ұлттық басымдықтарына негізделе отырып, өнеркәсіптік интеграцияның өзекті міндеттерін шешуге мүмкіндік береді деген пікірге тоқтады.

ЕЭК министрі Комиссияның Одақ елдерінің уәкілетті органдарының, тараптардың жекеше логистикалық компаниялары мен қауымдастықтарының өкілдерімен ЕАЭО мемлекеттерінің ұлттық тауар жеткізуші жүйелерін, соның ішінде көтерме сауда-логистикалық кешендер құру арқылы ұштастыру бойынша консультациялар өткізгенін де хабарлады. Артак Камалянның сөзінше, тараптардың салааралық сипаттағы әрі көлік және логистикалық инфрақұрылым, сапа және қауіпсіздік стандарттары, ақпараттандыру, сауда сияқты және басқа салаларды қозғайтын мәселені одан әрі зерделеуге деген ортақ мүдделілігі бар. Осыған байланысты Комиссия жұмысты жалғастыруды жоспарлауда.

Артак Камалян мен Бақыт Сұлтанов органикалық өнімнің бірыңғай нарығын қалыптастыруды талқылады.

«Органикалық өнімге әлемдік сұраныстың артуы жағдайында бұл трендтің біздің елдерімізде де дамығаны маңызды. ЕАЭО мемлекеттерінің бұл секторды дамыту үшін орасан зор әлеуеті бар», — деп атап көрсетті Артак Камалян. ЕЭК министрінің сөзінше, бұл мәселемен жұмыс халықты денсаулыққа пайдалы тамақ өнімімен қамтамасыз ету жөніндегі маңызды міндетті шешеді.

 

Кездесуді қорытындылай келіп, диалогқа қатысушылар ЕЭК министрі айтқан барлық жоспарды үдемелі іске асыруға деген екі жаққа бірдей мүдделілікті білдірді.​