Жүйеге кіру
ЕАЭО-да жануарлардан алынатын өнімді «фермадан сөреге дейін» қадағалап отыру жүйесі қалыптастырылады

ЕАЭО-да жануарлардан алынатын өнімді «фермадан сөреге дейін» қадағалап отыру жүйесі қалыптастырылады

IMG_8560.JPG
12.03.2021

Еуразиялық экономикалық одақтағы жануарларды және жануарлардан алынатын өнімді бірдейлендіру мен қадағалап отыру мәселелері Еуразиялық экономикалық комиссияның штаб-пәтеріндегі семинарда талқыланды.

 

Іс-шара ЕЭК пен Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын сақтау ұйымы (ХЭБ) арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандумды іске асыру жөніндегі пилоттық бағдарлама шеңберінде өтті. Пікірсайысқа ЕАЭО мемлекеттері ветеринариялық қызметтерінің өкілдері, ХЭБ-тің Мәскеудегі, Нұр-Сұлтандағы және Брюссельдегі өңірлік өкілдіктерінің басшылары, Еуропалық комиссияның Денсаулық сақтау және тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі бас директоратының (DG SANTE) қызметкерлері қатысты.

 

ЕЭК Техникалық реттеу жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Виктор Назаренко өз сөзінде адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғау үшін жануарларды және жануарлардан алынатын өнімді бірдейлендіру мен қадағалап отырудың маңыздылығын атап өтті.

 

«Елде бірдейлендіру мен қадағалап отырудың «фермадан сөреге дейін» жатыққан жүйесінің бар болуы ветеринариялық-санитариялық жағынан қауіпті жануарлар мен жануарлардан алынатын өнімді айналыстан дер кезінде алып тастау мүмкіндігін береді. Бірдейлендіру мен қадағалап отыру жүйесі жедел тергеп-тексеру жүргізуге және қауіпсіздік көрсеткіштері бойынша анықталған сәйкессіздік себептерін белгілеуге, жануарлардың, соның ішінде адам мен жануарларға ортақ аурулардың профилактикасы мен оларға қарсы күресу тиімділігін арттыруға да мүмкіндік береді», — деп атап көрсетті Виктор Назаренко.


Семинарға қатысушылар ХЭБ стандарттарымен және Еуропалық одақ пен Еуразиялық экономикалық одақтың жануарларды және жануарлардан алынатын өнімді бірдейлендіру мен қадағалап отыру саласындағы нормативтік құқықтық актілерімен, ХЭБ стандарттарын іске асыру тәжірибесімен, Еуропалық TRACES қадағалап отыру жүйесімен танысты.


ХЭБ-тің Мәскеудегі өңірлік өкілдігінің басшысы Будимир Плавшич ХЭБ пен ЕЭК-тің Одақтың ветеринария саласындағы нормативтік құқықтық актілерін халықаралық стандарттармен үндестіру мәселесіндегі бұдан арғы жемісті ынтымақтастығына сенімді екендігін білдірді.

 

Анықтама

 

Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын сақтау ұйымы (ХЭБ) бүкіл әлемдегі жануарлар денсаулығы үшін жауапты үкіметаралық ұйым болып табылады. Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) ХЭБ-ті жануарлар денсаулығының халықаралық стандарттары бойынша референттік ұйым ретінде таниды.

 

ХЭБ-тің басты міндеті – жануарлардың денсаулығы мен саламаттығын, ветеринариялық денсаулық сақтауды жақсарту. 182 мемлекет, соның ішінде ЕАЭО-ға қатысушы елдер ХЭБ мүшесі болып табылады.​