Жүйеге кіру
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес қорытындылары

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес қорытындылары

11.12.2020

Бүгін Еуразиялық  экономикалық одақ мемлекеттері басшыларының, ЖЕЭК Құрметті Төрағасы,  Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың,  Молдова Республикасының Президенті Игорь Додонның, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің, Куба Республикасының Президенті  Мигель Диас-Канель Бермудестің, Еуразиялық  экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы Михаил Мясниковичтің қатысуымен бейнеконференция режімінде Жоғары Еуразиялық  экономикалық кеңестің отырысы болып өтті. 

ЕАЭО мемлекеттерінің басшылары Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарын бекітті

Стратегияларды іске асыру инвестициялық және   инновациялық белсенділіктің өсуі, өсуге және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің икемді механизмдерін қалыптастыру есебінен мүше мемлекеттер экономикасының озыңқы дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.   

Құжатта ЕАЭО туралы шартта көзделмеген, білім беру, туризм, спорт және денсаулық сақтау сияқты жаңа салалардағы ынтымақтастық механизмдері айқындалған.

Комиссияға 2021 жылы әзірленуге тиіс Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ газ нарығын қалыптастыру жөніндегі халықаралық шарт шеңберінде ЕАЭО ортақ газ нарығында газ тасымалдау бойынша қызметтер көрсетуге баға және тариф белгілеу мәселесін тараптармен бірлесіп пысықтау тапсырылды. Жұмыс қорытындысы туралы ЖЕЭК-тің кезекті отырысында баяндалатын болады.

Жоғары кеңес Өзбекстан Республикасына және Куба Республикасына ЕАЭО жанындағы байқаушы мемлекет мәртебесін беруді мақұлдады​. Мәртебе байқаушы мемлекеттің өкілдері шақыру бойынша Одақ органдардың отырыстарына шешім қабылдау құқығынсыз қатыса алатынын және Одақ қабылдаған құжаттарды ала алатынын бағамдайды.

Одақ мемлекеттерінің басшылары ЕАЭО-ның 2021 жылға арналған халықаралық қызметінің негізгі бағыттарын бекітті. Құжатта ЕАЭО-ның келесі жылға арналған халықаралық қызметінің түйінді векторлары мен практикалық басымдықтары бейнеленген, 2021 жылы ынтымақтастықты тереңдету жоспарланып отырған үшінші елдермен, өңірлік интеграциялық бірлестіктермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықтың қазірдің өзінде құрылған механизмдері, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықтың ықтимал перспективалы бағыттары белгіленіп көрсетілген.

Жоғары кеңес Одақтың орташа мерзімді перспективаға арналған сыртқы сауда саласындағы стратегиялық бағдарларын айқындады.

ЕАЭО елдерінің басшылары Иран Ислам Республикасымен Уақытша келісімді дамытуға орай Иранмен еркін сауда туралы келісім бойынша келіссөздерді бастауды мақұлдады. Бұл өзара тиімді экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, сауда байланыстарын кеңейтуге, ЕАЭО елдері мен Иран жеткізетін өнімнің ассортиментін кеңейтуге ықпал ететін болады.

Одақ мемлекеттерінің басшылары ЕАЭО-да арнаулы қорғау, демпингке қарсы және өтемақылық шараларды қолдану механизмдерін жетілдіру тәсілдемелерін талқылады.

ЕАЭО мемлекеттерінің басшылары Одақтың ортақ газ нарығын қалыптастырудың бірінші кезеңінің іс-шараларын орындауды аяқтауды қамтамасыз ету және екінші кезеңіне көшу туралы шешім ​ қабылдады, сондай-ақ    Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің мұнай саласындағы заңнамасын үндестіру жөніндегі "жол картасын" бекітті.

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес ЕЭК Кеңесіне мемлекеттік сатып алу мақсаттары үшін жекелеген тауарлардың шығарылған елін айқындау қағидаларын бекіту жөнінде өкілеттіктер берді. ЖЕЭК отырысында Еуразиялық экономикалық комиссияның Жұмыс регламентіне өзгерістер енгізуге қатысты тиісті шешім қабылданды.  Қағидалар ЕАЭО-ның барлық елінің өнім берушілерінің Еуразиялық экономикалық одақтағы мемлекеттік сатып алуға тең қолжетімділікті қамтамасыз етеді деп күтілуде.

ЕАЭО мемлекеттерінің басшылары ЖЕЭК-тің кейбір шешімдеріне ауа райы болжамы жөнінде қызметтер көрсету секторы бөлігінде, мүлікті бағалау жөнінде қызметтер көрсету секторы бөлігінде ЕАЭО шеңберінде қызметтер көрсетудің бірыңғай нарығы жұмыс істейтін қызметтер көрсету секторлары (кіші секторлары) тізбесіне өзгерістер енгізуді мақұлдады. ЖЕЭК мүшелері ЕАЭО елдерінің үкіметтеріне қызметтер көрсетуді ырықтандыруды тездетуді тапсырды.

ЕАЭО мемлекеттерінің басшылары бірнеше құжатқа қол қояды. Атап айтқанда, ЕАЭО кедендік шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізу кезінде қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласында ақпарат алмасу туралы келісім, 2010 жылғы 18 маусымдағы Кеден одағының кедендік аумағындағы еркін (арнайы, ерекше) экономикалық аймақтар және еркін кедендік аймақтың кедендік рәсімі мәселелері жөніндегі келісім және бірқатар басқалары.

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес ЕАЭО Сотының судьясы Эрна Айриянды Еуразиялық экономикалық одақ Сотының Төрағасы, Одақ Сотының судьясы Константин Чайканы ЕАЭО Соты Төрағасының орынбасары етіп бекітті. Шешім 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

ЖЕЭК шешіміне сәйкес 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап ЕАЭО органдарында -  Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесте, Еуразиялық үкіметаралық кеңесте және Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінде жыл бойы Қазақстан Республикасы төрағалық етеді. ЕАЭО туралы шартқа сай, бұл органдардағы төрағалық етушінің орнына жыл сайын орыс әліпбиі тәртібімен жоспарлы ротация жүреді. Өткелі тұрған 2020 жылы барлық құрылымдарда Беларусь Республикасы мен оның өкілдері төрағалық етті.

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің келесі отырысы 2021 жылғы мамырда Қазақстан Республикасында өтеді.​