Жүйеге кіру
ЕАЭО-да COVID-19-ға байланысты автомобильдерді уақытша әкелу мерзімі ұзартылды

ЕАЭО-да COVID-19-ға байланысты автомобильдерді уақытша әкелу мерзімі ұзартылды

11.09.2020

​​Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі 11 қыркүйекте жеке тұлғалар үшін автомобильдердің және басқа көлік құралдарының Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында уақытша болу мерзімін сақталып отырған COVID-19 пандемиясына және коронавирустық инфекцияның таралуының екінші «толқынының» пайда болу мүмкіндігіне байланысты ұзартты.

Еуразиялық экономикалық одақ елдері Беларусь Республикасының ЕЭК Кеңесінің осы жылғы 29 сәуірдегі тиісті № 47 шешімінің күшін 2021 жылғы 31 наурызға дейін ұзарту туралы бастамасын қолдады.

Сөйтіп, автомобильді және басқа техниканы уақытша әкелген азаматтар келесі жылғы 31 наурызға дейін оларды ЕАЭО-дан кері әкету міндетінен босатылды және тиісінше әкімшілік шараларға және кедендік төлемдер төлеуге ілікпейді.

Шешім Калининград облысынан жеңілдікті тәртіпте кедендік тексеруден өткен өз автомобильдерімен келген және үйлеріне қайта алмай отырған азаматтарға да қатысты.

ЕЭК Кеңесі ЕАЭО-ға тұрақты тұруға қоныс аударған адам, босқын, мәжбүрлік қоныс аударушы мәртебесін алған шетелдік азаматтардың жеке мүлкін ЕАЭО-ның кедендік аумағына жеңілдікті бажсыз әкелу мүмкін болатын 18 айлық мерзімді де 2021 жылғы 31 наурызға дейін тоқтата тұрады.

Шешім 2020 жылғы 1 наурыздан бастап 2021 жылғы 31 наурызға дейінгі аралықта пайда болған немесе пайда болатын жағдайларда қолданылады.

Бұл шешімнің қабылдануына коронавирустық инфекциямен күрес жөніндегі ЕАЭО-да қабылданған шараларға байланысты азаматтардың өз құқықтарын іске асыруы және өз міндеттерін атқаруы мүмкін еместігі себепші болды.​