Жүйеге кіру
Қиыр Шығыстың инфрақұрылымын дамытудың ЕАЭО елдері үшін үлкен маңызы бар

Қиыр Шығыстың инфрақұрылымын дамытудың ЕАЭО елдері үшін үлкен маңызы бар

11.09.2018
Көлікті, инфрақұрылымды және логистиканы дамытпайынша Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) тиімді жұмыс істеуі мүмкін емес. ІV Шығыс экономикалық форумында «Ресей-Жапония әріптестігі: Еуразиялық транзит әлеуетін іске асыру» сессиясында сөз сөйлеген Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Эмиль Кайкиев осылай деп атап көрсетті.
«Біздің елдеріміздің географиялық жағдайы өңірлік қана емес, жаһандық маңызы бар көлік-логистика маршруттарын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бүгін біз Ресей мен Жапония арасында көлік өткелін құрумен Қиыр Шығыстың инфрақұрылымын дамыту жобасын талқылаймыз. Оның Ресей-Жапон экономикалық қатынастарын да, сол сияқты Одақ елдері арасындағы қатынастарды да тереңдету үшін зор әлеуеті бар екендігіне сенімдімін», - деп атап өтті Эмиль Кайкиев.
ЕАЭО аумағы бойынша екі халықаралық «Солтүстік-Оңтүстік» және «Батыс –Шығыс» көлік дәлізі өтеді. «Батыс –Шығыс» дәлізінің негізін Транссібір магистралы құрайды, ол бүкіл Ресейді кесіп өтеді, шығысында Қазақстанның, Қытайдың, Моңғолияның теміржол желілеріне және Ресей порттары арқылы Жапонияға, Кореяға, ал батысында - Ресей порттары және шекара өткелдері арқылы, сондай-ақ Беларусь Республикасы арқылы Еуропа елдеріне шығуды қамтамасыз етеді.
Транссібір бойынша сыртқы сауда және транзиттік жүктердің 50%-дан астамы тасымалданады, оның техникалық мүмкіндіктері жылына 130 млн тонна жүкті, соның ішінде 200 мың халықаралық транзит контейнерлерін тасымалдауға жол ашады. Перспективада транзиттік контейнерлерді тасымалдау көлемі жылына 1 миллионға дейін жетуі мүмкін.
Эмиль Кайкиев Транссібір магистралы бойынша Жапониядан Ресейге тестілік мультимодальды тасымалдарды температураның және ылғалдылық деңгейінің датчиктерімен жарақтандырылған контейнерлерде ұйымдастыруды қолдады. ЕЭК министрі бұл эксперимент Одақтың басқа да елдерінде болуы мүмкін деген үмітте.
Еуразиялық транзит әлеуетін іске асыру туралы айта келіп, Эмиль Кайкиев Қытай тарапымен өзара іс-қимылға да тоқталып өтті. Ол Одақ мемлекеттері мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы қол қойылған келісім тиімді екенін, соның ішінде көлік және инфрақұрылым саласындағы өзара іс-қимылға жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.
Мәселен, пилоттық жобалар тізбесін қалыптастыру және оларды бірлесіп іске асыру жоспарлануда. Тұтастай алғанда, жобалар Қытай – Еуразиялық одақ – Еуропалық одақ және ілеспе маршруттар бағыты бойынша толассыз логистиканы жолға қоюға бағытталған. Осы мақсатта Комиссия Еуразиялық даму банкінің қатысуымен жоғары деңгейдегі жұмыс тобын құрды.
Одақтың көлік-транзит әлеуетін іске асыру тасымал процестерін цифрландыру мен оларға бақылау жасауды қоса алғанда, цифрлық күн тәртібінің дамуына ықпал ететін болады.
ЕАЭО-да интермодальдық және транзиттік тасымалдарды дамытуға, құқықтық базаны және оларды қамтамасыз етудің құралдарын дайындауға халықаралық ұйымдармен сындарлы өзара іс-қимыл көмектеседі. Бұл - Солтүстік Шығыс және Орталық Азияда жапсарсыз теміржол интермодальдық көлік қызметтерін көрсетуді әзірлеу жөніндегі БҰҰ ЭСКАТО жобасы және БҰҰ ЕЭК-тің, соның ішінде е-CMR, e-TIR секілді маңызды конвенциялары мен келісімдеріне қосылу жөніндегі жұмыс.