Жүйеге кіру
ЕЭК министрі Виктор Назаренко: «ЕАЭО жұмыс істеп тұрған бес жыл ішінде біз бірыңғай экономикалық кеңістік қалыптастырудың мағыналы жолынан өттік»

ЕЭК министрі Виктор Назаренко: «ЕАЭО жұмыс істеп тұрған бес жыл ішінде біз бірыңғай экономикалық кеңістік қалыптастырудың мағыналы жолынан өттік»

10.12.2019

Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) Техникалық реттеу жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Виктор Назаренко Беларусь Республикасы Президенті жанындағы Басқару академиясында «Техникалық реттеудің бірыңғай жүйесі - Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттердің экономикаларын интеграциялаудың базалық шарты» тақырыбында сөйлеген сөзінде: «Біздің Одаққа бес жыл толды. Осы қысқа мерзім ішінде біз бірыңғай экономикалық кеңістік қалыптастырудың мағыналы жолынан өттік. ЕАЭО ЖІӨ соңғы жылдары өсімнің неғұрлым жоғары қарқынын көрсетті. Мысалы, 2018 жылы одақтық ЖІӨ тұрақты бағаларда өсуі 2,5% құрады. ЕАЭО ішіндегі өзара сауданың жалпы көлемі 9,2% өсті. Үшінші елдермен сыртқы сауда көлемі 2017 жылмен салыстырғанда 18,8%, ал экспорт - 26,8% артты», – деп атап өтті. Іс-шара Еуразиялық интеграция идеясының 25 жылдығына және Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылуының 5 жылдығына арналды.

ЕЭК министрі «біз Еуразиялық экономикалық одақта бірыңғай техникалық реттеу жүйесін құрудамыз. Оның негізгі мақсаты - Одақтың бірыңғай нарығында саудадағы тосқауылдарды жою және оны қауіпсіз емес өнімдерден қорғау», – деп атап көрсетті. Осының нәтижесі - ЕАЭО-ның қабылданған 48 бірыңғай техникалық регламенті, олардың 42-сі қазірдің өзінде күшіне енді. Олар Одақ нарығында айналыста жүрген - тамақ өнімдері мен балалар тауарларынан бастап ауыл шаруашылығы машиналарын жасау мен автомобиль жасау, электротехника, темір жол көлігі, химия өнеркәсібі, мұнай мен газға дейінгі өнімнің 85%-ын реттейді.

Виктор Назаренко Одақ елдерінің өнеркәсіптік мүдделерін қорғаудың негізгі құралдарының бірі және нарыққа қауіпсіз өнім түсуінің кепілі ретінде ЕАЭО сарапшылары кеңінен талқылап отырған өнімдердің міндетті талаптарға сәйкестігін бағалау тақырыбы төңірегінде сөз қозғады. ЕЭК Одақ елдерінің уәкілетті органдарымен бірге осы салада тәртіп орнату жөнінде жүйелі жұмыс жүргізуде. Осыған байланысты ол 2019 жылғы қазанда қабылданған ЕАЭО Үкіметаралық кеңесінің шетелдік дайындаушы уәкілеттік берген тұлғалар қызметіне қатысты шешіміне ерекше назар аударды.

«Шетелдік дайындаушы уәкілеттік берген тұлға» ұғымын практикада қолдануға біркелкі тәсілдемелер белгілеудің өткір қажеттілігі анықталды. Бұл өнімнің техникалық регламенттер талаптарына сәйкестігін бағалау саласында тәртіп орнату жөніндегі кешенді шаралардың негізгі әрі маңызды мәселелерінің бірі, – деп мәлімдеді Виктор Назаренко. – Үкіметаралық кеңестің шешімі біздің нарыққа үшінші елдерден қауіпті өнім әкелуді болдырмау үшін жағдай жасаудың маңызды қадамдарының бірі болып табылады. Тауарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шетелдік дайындаушылар уәкілеттік берген тұлғалар Одақтың кедендік аумағында өнімнің сәйкестігін бағалау және айналымға шығару кезінде осы дайындаушының атынан әрекет етуге, сондай-ақ оның одақтық техникалық регламенттер нормаларына сәйкестігіне жауап беруге тиіс».

ЕЭК министрі сондай-ақ Комиссияның санитариялық, ветеринариялық және карантиндік фитосанитариялық шараларды қолдану, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы, дәрілер мен медициналық бұйымдардың ортақ нарығын құру жөніндегі жұмысы туралы хабардар етті. Ол Одақ органдарының барлық қызметі адамның өмірі мен денсаулығын қорғауға, тауарлар қозғалысының еркіндігін қамтамасыз етуге, Одақта өндірілетін өнімнің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталғанын атап өтті.​