Жүйеге кіру
ЕЭК пен ЕАТ ынтымақтастықты кеңейту туралы уағдаласты

ЕЭК пен ЕАТ ынтымақтастықты кеңейту туралы уағдаласты

10.07.2020
ЕЭК Экономика және қаржы саясат жөніндегі министрі Тимур Жақсылықов пен «Росфинмониторинг» директоры, ЕАТ төрағасы Юрий Чиханчин Еуразиялық экономикалық комиссия мен Қылмыстық кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топтың (ЕАТ) ынтымақтастығын кеңейтуді талқылады.

Кездесуге қатысушылар Еуразиялық экономикалық одақтағы тауарлардың, қызметтер көрсетудің, капиталдың және жұмыс күшінің еркін орын ауыстыруының азаматтар мен ұйымдар үшін айқын пайдалы болуынан бөлек, бақылаушы мемлекеттік органдардың алдынан ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл қажеттігіне байланысты қосымша сын-қатер тосатынын атап өтті. Комиссияның осы мәселелермен жұмыс істеуі Одақтың барлық қаржы жүйесінің ашықтығын арттыруға, сондай-ақ ЕАЭО-ның жекелеген елдеріндегі тиісті тәуекелді азайтуға көмектеседі.

Әсіресе қолма қол ақша қаражатының трансшекаралық өткізілуі туралы ақпаратпен алмасу маңызды.

Тимур Жақсылықовтың сөзінше, ЕАЭО құқығында ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері Одақтың кедендік шекарасы арқылы қолма қол ақша қаражатының және ақша құралдарының өткізілуі бөлігінде тікелей реттеледі. Сонда да қаржы және басқа салалардағы Комиссия әзірлейтін халықаралық шарттардың жобалары Ақшаны жылыстатуға қарсы күрес жөніндегі қаржылық шараларды әзірлеу тобының (ФАТФ) ұсынымдарына сәйкес пысықтауды және бағалауды талап етеді.

ЕЭК министрі Комиссия мамандарының ЕАТ-тың ақшаны жылыстатудың және терроризмді қаржыландырудың типтік тәсілдері мен схемаларын, сондай-ақ осы саладағы ұлттық жүйелердің кемшіліктерін зерттеуге бағытталған типологиялық зерттеулеріне қатысуына мүдделілік білдірді.

Анықтама

Ақшаны жылыстатуға қарсы күрес жөніндегі қаржылық шараларды әзірлеу тобы (ФАТФ) «Үлкен жетіліктің» шешімі бойынша 1989 жылы құрылған. Бұл ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес саласындағы халықаралық стандарттарды (қазір 40 негізгі және 9 арнайы Ұсыным) әзірлеумен және имплементациялаумен айналысатын негізгі халықаралық институт. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Қарарына (2015 жылғы № 1617) сәйкес ФАТФ ұсынымдары БҰҰ мүше мемлекеттерінің орындауы үшін міндетті болып табылады.

Қылмыстық кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топ (ЕАТ) – ФАТФ типтес өңірлік топ, оның қызметі өңір мемлекеттеріне кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылдың тиісті құқықтық және институционалдық негіздерін құруға жәрдем көрсетуге бағытталған. ЕАТ ФАТФ әдіснамасы негізінде мүше мемлекеттердің осы саладағы ұлттық жүйелерін өзара бағалауды жүргізеді, ақшаны жылыстатудың және терроризмді қаржыландырудың типологиясын зерттейді, мүше мемлекеттерге техникалық жәрдемдесу бағдарламасын іске асырады.

ЕАТ-қа тоғыз мемлекет - Беларусь, Үндістан, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түркменстан және Өзбекстан кіреді. Армения ЕАТ қызметіне байқаушы мәртебесінде қатысады. ЕЭК ЕАТ-тағы байқаушы мәртебесін 2016 жылы алды.