Жүйеге кіру
ЕАЭО елдері трансшекаралық интернет-сауданы кешенді реттеу қағидасын дайындайды

ЕАЭО елдері трансшекаралық интернет-сауданы кешенді реттеу қағидасын дайындайды

10.04.2020
Үкіметаралық кеңес 10 сәуірде Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасына Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің үкіметтерімен бірлесіп ЕАЭО-ның халықаралық электрондық сауда саласындағы құқығының өзгерістері туралы актілер дайындауды тапсырды. Шын мәнінде, бұл салада кешенді құқықтық реттеудің тиімді механизмдерін қалыптастыру міндеті тұр.   

Бұл арада сөз шетелдік интернет-алаңдарда сатып алынатын әрі жеке және заңды тұлғалардың атына әкелінетін тауарларды жеке санатта бөліп көрсету мен оларға қатысты бірқатар ерекшелікті белгілеу туралы болып отыр. Олар мұндай тауарларға қатысты арнайы кедендік әкімшілендіруді, кедендік баждар мен салықтарды, тарифтік емес, техникалық және өзге де реттеу шараларын қолдануға байланысты. Одақта электрондық сауда операторы институтын енгізу мүмкіндігі қаралуда.

Мұндай институтты енгізудің негізгі мақсаттарының бірі, мысалы, жеңілдетілген және ыңғайлы кедендік әкімшілендіруді орнату деп аталады. Яғни, кеден органдары шын мәнінде «бірыңғай терезе» режимінде - көптеген жеке тұлғалармен және компаниялармен емес, декларацияны беруге, алушылардың атынан кедендік баждар мен салықтарды төлеуге, декларацияланатын тауарлар үшін жауапты болатын бір немесе бәлкім бірнеше уәкілетті тұлғалармен жұмыс істей алады.

Одақ мемлекеттерінің өкілдері әзірге бірқатар түйінді мәселелер бойынша келісілген пікір тұжырымдамағанын атап өткен жөн. Бұл жай-жапсарды -  электрондық сауданы құқықтық реттеудің ерекшеліктерін, сондай-ақ тауарларды бажсыз әкелу шектерін талқылауды қиындатады. Атап айтқанда, интернет-дүкендерде сатып алынатын тауарлардың жеке тұлғалар арасындағы әрі-бері жіберілетін әдеттегі сәлем-сауқаттан бөлініп көрсетілуі мүмкін нақты критерийлерін айқындап алу талап етіледі.

Сыртқы сауданың дәстүрлі схемасы тауар ағындарын шоғырландыру есебінен тауарлардың кедендік шекара арқылы орын ауыстыруының өзін де,  сол сияқты олардың кедендік құнын бақылауды, кеден және салық төлемдерін алуды, тарифтік емес реттеу шараларын орындауды және, әрине, әкелінетін тауарларды сертификаттауды тәртіпке келтіруге мүмкіндік береді.

Интернет-сауда тұтынушының тауарларды шетелдік өндірушіден тікелей интернет-алаңның көмегімен таңдайтынын және сатып алатынын білдіреді. Нәтижесінде дәстүрлі жеткізілімдер тізбегі бұзылады - көтерме сауда сатушылары мен сатып алушылары болмайды, ал миллиондаған түпкі сатып алушы – жеке әрі заңды тұлғалар миллиондаған өндірушімен өзара іс-қимыл жасайды.

Бұл құбылыс бұдан бірнеше жыл бұрын мұндай жаппай сипатқа ие болған жоқ, сол себепті қазіргі бар кедендік қағидалар шеңберіне - жеке тұлғалар үшін бұл ретте тарифтік емес реттеу шараларын сақтамай-ақ бажсыз шек шегінде ресімдеудің оңайлатылған тәртібіне жатық болды.

Бүгінде электрондық сауда көлемінің өскені соншалық, оның ЕАЭО елдерінің азаматтары үшін сөзсіз жақсы жақтары болуымен бірге,  айқын көрінген кемшін тұстары да пайда болды. Атап айтқанда, әртүрлі саладағы қоғамдық мүдделерге қатер төне бастады: әдеттегі сауданың қысқаруы есебінен салық салу базасы қысқаруда; пайда орталықтары сауда интернет-алаңдарының басқы компаниялары тіркелген елдерге кетуде; дүкендер жабылуда және жұмыс орындары жойылуда; бажсыз әкелінетін өнім Одақ ішінде өндірілетін тауарлармен бәсекелестік кезінде жосықсыз артықшылықтарға ие болуда; сертификаттаудың және басқа да шектеулердің іс жүзінде болмауына байланысты азаматтардың қауіпсіздігі мен денсаулығына төнетін қатер біртіндеп өсе түсуде.

Сөйтіп, сыртқы сауданың жаңа сегменті жаңаша, кешенді құқықтық реттеуге де мұқтаж болып отыр.

Үкіметаралық кеңес тиісті механизмдер құру үшін Еуразиялық экономикалық комиссияға ЕАЭО мемлекеттерінің Үкіметтерімен бірлесіп трансшекаралық электрондық сауда мәселелері жөніндегі жоғары деңгейдегі жұмыс тобын қалыптастыру туралы тапсырма берді. Оны ЕЭК Сауда жөніндегі министрі Андрей Слепнев басқарады.