Жүйеге кіру
Үкіметаралық кеңес дағдарысқа қарсы шұғыл тұрақтандыру шараларын және ЕАЭО елдерінің экономикасын қалпына келтіру мен одан әрі дамыту шараларын бекітті

Үкіметаралық кеңес дағдарысқа қарсы шұғыл тұрақтандыру шараларын және ЕАЭО елдерінің экономикасын қалпына келтіру мен одан әрі дамыту шараларын бекітті

10.04.2020
Еуразиялық үкіметаралық кеңес мүшелері 10 сәуірде Еуразиялық экономикалық одақта халықтың өмірлік маңызды қажеттіліктерін қамтамасыз ету, өзара сауданы қолдау, COVID-19 пандемиясы жағдайында тауарлардың еркін қозғалыста болуы және бұдан кейінгі экономикалық өсу үшін жағдайлар жасау жөніндегі шаралар пакетін қабылдады.

ЕЭК Алқасының Төрағасы Михаил Мясникович атап көрсеткендей, Комиссия күн сайын туындайтын өткір мәселелерді реттеуге күш-жігер жұмсай отырып, өз қызметін қайта құрды. Шаралар кешені мүше мемлекеттердің үкіметтерімен бірлесіп әзірленді.

«Ұсынылған шараларды біз екі бөлімге топтастырдық. Бірінші бөлім - бұл тұрақтандыру сипатындағы шұғыл шаралар пакеті, ол коронавирустық инфекцияның таралуын алдын ала ескерту және салдарын барынша азайту жөнінде санитариялық-эпидемиологиялық іс-шараларды жүргізу кезінде тиісті уәкілетті органдардың өзара іс-қимылын ұйымдастыруды, соның ішінде азық-түлік нарығының теңгерімділігі мәселелері бойынша консультациялар жүргізу, ең бірінші қажет тауарлардың жеткізілімін жедел ұйымдастыру арқылы жүргізуді көздейді», - деп атап өтті Михаил Мясникович.

Шұғыл шаралар блогы сынамды маңызы бар тауарларды жеткізу үшін «жасыл дәліз» құруды да қамтиды. Бұл кедендік әкелу баждарын уақытша нөлге түсіруді, кедендік рәсімдерді оларға арналған декларацияларды автоматты тіркеу мүмкіндігін қоса оңайлатуды, пандемия салдарын алдын ала ескерту және жою үшін қажетті тауарларға қатысты бірінші кезекте кедендік операциялар жасауды бағамдайды.

Шаралардың бірінші блогында - сынамды маңызы бар тауарлардың үшінші елдерге экспортына бірыңғай уақытша шектеулер ендіру; коронавирустық инфекцияның таралуына ден қоюдың айрықша қажеттілігіне байланысты уақытша шектеулер ендіру туралы ұлттық құқықтық актілердің жобалары бойынша Комиссия Кеңесі мүшелерінің - Одақ елдері вице-премьер-министрлерінің деңгейінде жедел консультациялар өткізу; техникалық реттеу саласындағы уәкілетті органдардың консультациялары; жекелеген салалар үшін олардың экономикалық және әлеуметтік маңыздылығын және т.б. ескере отырып, жиынтықтаушылар мен материалдарға кедендік әкелу баждарын уақытша төмендету немесе нөлге түсіру қамтылған.

Вирусқа қарсы препараттар мен вакциналар жасау, олардың жаппай өндірілуін жөнге салу жөніндегі бірлескен іс-шараларды іске асыру қажеттілігі айрықша ескерте айтылған. Сондай-ақ Одақ шеңберінде де, сол сияқты халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттығын сақтау жөніндегі талаптарды ескере келгендегі транзит мақсатында да көлік пен жүк тасымалдарының үздіксіз жұмысы қажет.

«Екінші бөлім - бұл бұдан арғы экономикалық дамуды қалпына келтіру және қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасауға бағытталған жүйелік сипаттағы шаралар. Ол макроэкономикалық тұрақтылықты, қаржы нарықтары мен төлем жүйелерінің жұмыс істеу орнықтылығын қамтамасыз етуді, экономиканың нақты секторының кәсіпорындарын қолдауды, экономикаларды қолдау процесіне біздің өңірлік қаржы институттарының белсене қатысуын қамтиды», - деп атап көрсетті Михаил Мясникович.

Бұл шаралар блогына сауданы цифрландыруды дамыту, соның ішінде электрондық тауар-ілеспе құжаттарды пайдалануды кеңейту, логистикалық операторлардың өзара іс-қимылын цифрлау, электрондық цифрлық қолтаңбаны, импорттық, экспорттық және транзиттік тауарлар үшін автоматты тіркеу мен шығару технологияларын қолдануды кеңейту де кірістірілген.

Үкіметаралық кеңес отырысында қалыптасқан жағдайда Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттары жобасында көзделген медициналық және биоинженерлік технологиялар саласындағы бірлескен бағдарламалар мен жобаларды игерісуге, биологиялық қауіпсіздік тұжырымдамасын әзірлеуге дереу кірісудің орынды болатыны атап өтілді.