Жүйеге кіру
Еуразиялық үкіметаралық кеңес ЕАЭО цифрлық күн тәртібін іске асыру, Одақ елдерінің өнеркәсіптік кооперация, сауда ынтымақтастығы мәселелері бойынша өзара іс-қимылы салаларында шешімдер қабылдады

Еуразиялық үкіметаралық кеңес ЕАЭО цифрлық күн тәртібін іске асыру, Одақ елдерінің өнеркәсіптік кооперация, сауда ынтымақтастығы мәселелері бойынша өзара іс-қимылы салаларында шешімдер қабылдады

09.08.2019

9 тамызда Чолпон-Атада (Қырғыз Республикасы) болып өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңес (ЕҮАК) отырысында Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) цифрлық күн тәртібін іске асыру, Одақ елдерінің өнеркәсіптік кооперация, сауда ынтымақтастығы және бірқатар мәселелер бойынша өзара іс-қимылы салаларында маңызды шешімдер қабылданды.

Үкіметаралық кеңес
Одақ елдерінің заңды тұлғаларының (шаруашылық жүргізуші субъектілерінің) өз арасындағы және мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарымен ақпараттық өзара іс-қимылын қамтамасыз ету үшін Трансшекаралық ақпараттық өзара іс-қимыл тұжырымдамасын мақұлдады.

Тұжырымдаманы электрондық цифрлық қолтаңбаны қолдана отырып іске асыру бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимыл үшін мүмкіндіктер жасайды деп бағамдалауда. Осындай сервистерді қамтамасыз ететін инфрақұрылым субъектілеріне, операторларға қойылатын талаптар мен басқа да қағидаларды ЕАЭО елдері 2020 жылғы мамырға дейін әзірлейді және бекітеді деп күтілуде.

ЕҮАК мүшелері Одақ елдерінің 2019-2020 жылдарға арналған АӨК-ті дамытудың бірлескен болжамдарын, ауыл шаруашылығы өнімі, азық-түлік, зығыр талшықтары, былғары шикізаты, мақта талшықтары және жүн бойынша сұранысы мен ұсыныстарының теңгерімдерін бекітті.

Болжамға сай 2020 жылы 2017 жылмен салыстырғанда Одақ бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің өндірісі долларлық баламасында 3,7% - 118,6 млрд долларға дейін артады. Өзара сауда өсімі 24% құрайды – сөйтіп, өзара жеткізілімдер көлемі 10,4 млрд долларға дейін өседі. Үшінші елдерге экспорт
19,2% артады, бұл долларлық баламасында 4,1 млрд доллар құрайды, ал импорт 3,2% артады. 2020 жылы Одаққа үшінші елдерден ауыл шаруашылығы өнімі мен азық-түлік импорты 31,3 млрд доллар құрайды, сол екі арада Одақты үшінші елдерге экспорты 56,7 млрд доллар құрайды.

Бірлескен болжамдармен Комиссия сайтында танысуға болады.

Үкіметаралық кеңес
«Еуразиялық өнеркәсіптік кооперация, қосалқы келісімшарт жасасу және технологиялар трансфері желісі» жобасының жаңартылған паспортын бекітті.

Жобаның мақсаты -
өнеркәсіптік кооперация, қосалқы шарттасу және технологиялар трансфері мақсатында ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілерінің өзара іс-қимылын қамтамасыз ету үшін цифрлық экожүйе құру, өндірістік тізбектерді модельдеуді және өндірістік қуаттардың оңтайлы жүктемесін қамтамасыз ету, сондай-ақ технологиялар трансфері арқылы инновациялық процестерді ынталандыру.

Жоба шеңберінде Еуразиялық желінің
шаруашылық жүргізуші субъектілерінің тізілімі 2020 жылдың соңына қарай 50 мың шамасында, ал 2024 жылға қарай 125 мың дерлік шаруашылық жүргізуші субъектіні қамтуға тиіс.

Бұл ретте, негізгі сценарийге сай,
Еуразиялық желі шеңберінде 2020 жылдың соңына қарай 9,7 млрд Ресей рубліне жуық сомада 350-ден астам келісімшарт, ал 2024 жылға қарай жалпы сомасы 110 млрд рубльден асатын 3,5 мыннан астам келісімшарт жасасылуға тиіс.

Үкіметаралық кеңес
мүшелері ЕАЭО-ның кедендік аумағы бойынша қауіпті қалдықтардың трансшекаралық өткізілуі туралы келісімге қол қойды.

Құжатты мүше мемлекеттер азаматтарының өмірі мен денсаулығын қорғауды қамтамасыз ету, сондай-ақ қауіпті қалдықтардың трансшекаралық тасымалына және оларды жойылуына бақылау жасау жөніндегі Базель конвенциясы бойынша халықаралық міндеттемелерін орындау үшін Одақ елдері Комиссиямен бірлесіп әзірледі.

Келісім Одақтың бір елінен екінші еліне, мысалы, құрамында күшәла, сынап немесе оның қосылыстары бар, металлургиялық өндірістердің және құрамында бериллий, гальваникалық қалдықтар болатын әйнек өндірісінің шаңдары бар қалдықтардың, хлор-органикалық қышқылдар өндірісі қалдықтарының және т.б. өткізілуімен байланысты қатынастарды реттейді.

Келісімнің күші ЕАЭО елдерінің өзара саудасы кезінде қалдықтардың трансшекаралық өткізілуін жүзеге асыратын, жеке кәсіпкерлер ретінде тіркелген заңды және жеке тұлғаларға қолданылады. Жеке тұлғалардың жеке пайдалануы үшін қалдықтарды трансшекаралық өткізуіне тыйым салынған.

Келісімді іске асыру Одақта қауіпті қалдықтардың трансшекаралық тасымалының рұқсат беру тәртібін, мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының, соның ішінде берілген қорытындылар (рұқсат беру құжаттары) мен осындай тасымалдар кезінде анықталған бұзушылықтар туралы хабардар етуді бағамдайтын өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді.

ЕҮАК Комиссияға Одақ елдерінің үкіметтерімен бірлесіп «Еуразиялық компания» ұйымдық-құқықтық нысанын жүргізу үшін корпоративтік құқық нормаларын үндестіру мүмкіндігіне талдау жасауды тапсырды.

ЕЭК Алқасы Еуропалық одақтың және Еуропалық компаниялар деп аталатындардың тәжірибесін әлдақашан зерделеді. Талдау нәтижелері Одақ шеңберінде корпоративтік құқықтың ұлтүсті жүйесін қалыптастыру жөнінде ЕО тәжірибесін пайдалану Еуразиялық экономикалық интеграцияның қисынды жалғасуы болатынын көрсетті.

Мұндай нысан өндірушілерді халықаралық кооперациялық тізбектерге тарту үшін қолайлы жағдайлар жасайды, сыртқы нарықтарға қол жеткізуді жеңілдетеді және Одақ компанияларының әлемдік нарықтарда жайғасуына ықпал етеді.Бұдан басқа, экономиканың жекелеген секторлары үшін бұл интеграцияның елеулі тереңдеуінің және Одақтың ішкі нарығындағы кедергілерді жоюдың ынталандырмасы бола алады.

Үкіметаралық кеңеске
мүше мемлекеттер бюджеттері арасындағы кедендік әкелу баждарының сомаларын есепке жатқызу мен бөлу туралы есеп ұсынылды.

ЕАЭО елдерінде 2020 жылғы 1 қаңтарға дейін кедендік әкелу баждары сомаларын бөлудің мынадай нормативтері белгіленді:
Армения Республикасы – 1,220%, Беларусь Республикасы – 4,560%, Қазақстан Республикасы– 7,055%, Қырғыз Республикасы – 1,900%, Ресей Федерациясы – 85,265%.

Есепте атап өтілгеніндей, 2018 жылы елдер арасындағы өндіріп алынған және бөлінген
кедендік әкелу баждарының жалпы көлемі 6% – 11,6 бастап 12,3 млрд АҚШ долл. дейін артты.

Республикалық (федералдық) бюджеттердің кірістері құрамында әкелу баждарынан түскен кірістер Армения Республикасында – 5,4%, Беларусь Республикасында – 4,5%, Қазақстан Республикасында– 3,4%, Қырғыз Республикасы – 11,8%, Ресей Федерациясы – 3,4% құрады.

Есепте ЕАЭО елдерінің бюджеті түсімдеріне әсер ететін факторлар туралы, мүше мемлекеттер арасындағы кедендік әкелу баждары сомаларының қарсы ағындары туралы, алыс шетел елдерінде шығарылған тауарлардың өзара экспорты мен импорты туралы ақпарат та ұсынылды.

Үкіметаралық кеңес ЕЭК Алқасына Кедендік әкелу баждарының сомаларын есепке жатқызу мен бөлу тәртібі туралы хаттаманы іске асыру монитрингі жөніндегі жұмысты жалғастыруды тапсырды.