Жүйеге кіру
ЕАЭО-да Бірыңғай ветеринариялық талаптар халықаралық стандарттармен үндестіріледі

ЕАЭО-да Бірыңғай ветеринариялық талаптар халықаралық стандарттармен үндестіріледі

09.07.2019
Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Алқасы 9 шілдеде кедендік және техникалық реттеу, санитариялық, фитосанитариялық және ветеринариялық шаралар, сауда, макроэкономика, цифрландыру, Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдеріндегі ішкі нарықтың жұмыс істеуі салаларындағы мәселелерді қарады.
ЕЭК Алқасы Ветеринариялық бақылауға (қадағалауға) жататын тауарларға қойылатын бірыңғай ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптарға бірқатар өзгерістер енгізді. Барлық өзгерістер Бірыңғай ветеринариялық талаптарды халықаралық стандарттармен, ұсынымдармен және нұсқамалармен үндестіруге, ветеринариялық бақылауға (қадағалауға) жататын тауарлармен сауданы оңайлатуға бағытталған.
Өзгерістер терісі бағалы аңдар, кроликтер, иттер мен мысықтар Одақ аумағына әкелінген және мүше мемлекеттер арасында орын ауыстырған кездегі ветеринариялық талаптардың тізбесін қысқартуды көздейді. Өзгерістер жануарларды клиникалық қарау туралы белгінің қолданылу мерзімін 14 күнге дейін арттыруды да бағамдайды. Бұл ит пен мысық иелеріне оларды, болу елінің ветеринарына қосымша клиникалық қаратпай-ақ, Одақ елдерінен тыс жерлерге алып шығуға мүмкіндік береді. Аумақтың құс тұмауы бойынша салауаттылығын растау жөніндегі норма түзетілетін болады, бұл жабайы фауна өкілдерінде осы аурудың пайда болу жағдайлары кезінде құс шаруашылығы тауарларымен саудаға шектеу енгізуден құтылуға көмектеседі.
Қара күзендерді псевдомонозға қарсы міндетті вакциналау туралы норманы енгізу ветеринариялық қауіпсіздіктің тиісті деңгейін орнатуға мүмкіндік береді. Қара күзендердің псевдомонозы жануарлардың жұқпалы ауруларына жатады, ол бойынша ЕАЭО елдерінде жоспарлы профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі. Бұл норма мүше мемлекеттердің ветеринариялық қағидаларын біріздендіреді.
Бірыңғай ветеринариялық талаптарға өзгерістер енгізілуіне байланысты Одаққа үшінші елдерден әкелінетін бақылауға жататын тауарларға арналған Бірыңғай ветеринариялық сертификаттардың нысандарына ұқсас өзгерістер енгізіледі.
ЕЭК Алқасы Одақтың «Парфюмериялық-косметикалық өнімнің қауіпсіздігі туралы» техрегламентіне өзгерістердің күшіне ену тәртібін белгіледі. Атап айтқанда, осындай өнімнің техрегламент талаптарына сәйкестігін бағалау туралы өзгерістер күшіне енгізілгенге дейін берілген немесе қабылданған құжаттардың қолданылу мерзімдері айқындалды. Осы құжаттардың қолданысы кезеңінде, олардың жарамдылық мерзімі ішінде әзірленген парфюмерия мен косметиканы өндіру және айналысқа шығару мүмкіндігі көзделген. Бұдан басқа, құжаттардың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін кәсіпкерлер мұндай тауарларды олардың жарамдылық мерзімі ішінде ЕАЭО-ның бірыңғай нарығында сата алады.
Одақтың «Парфюмериялық-косметикалық өнімнің қауіпсіздігі туралы» техрегламентіне өзгерістер 2020 жылғы 6 мамырда күшіне енетінін еске сала өткен жөн. Олар парфюмериялық-косметикалық өнімнің ингредиенттік құрамына қойылатын талаптарды өзектілендіруге қатысты болады, сутектік көрсеткішінің (рН) мәніне қойылатын талаптарды, микробиологиялық тәуекелі төмен парфюмериялық-косметикалық өнім үшін микробиологиялық көрсеткіштері бойынша талаптарды, таңбалауға қойылатын талаптарды нақтылайды, парфюмериялық-косметикалық өнімнің тұтынушылық ерекшеліктеріне қатысты жасалған өтініштердің негізділігінің ортақ критерийлерін белгілейді.
ЕЭК Алқасы ЕАЭО сыртқы экономикалық қызметінің Бірыңғай тауар номенклатурасына және ЕАЭО Бірыңғай кедендік тарифіне ванадий-алюминий лигатурасына орай өзгеріс енгізуді және 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қоса алғанда 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі аралықта оған арналған кедендік баж ставкасын нөлге айналдыруды шешті. Қазіргі таңда ставка 10% құрайды. Шешім Қазақстан Республикасының бастамаларын қарау қорытындылары бойынша қабылданды және ЕАЭО-дағы титан өнімін өндірушілерді қолдауға бағытталған. Ванадий-алюминий лигатурасы титан қорытпалары өндірісінде өнеркәсіптің әртүрлі салалары үшін және медициналық бұйымдар әзірлеу үшін пайдаланылады.
Комиссия Алқасы әуе және су кемелерінің борт жабдығына кіріктірілген немесе оның құрамына кіретін азаматтық мақсаттағы радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғыларды ЕАЭО-ның кедендік аумағына әкелуді жеңілдетуге шешім қабылдады. Енді мұндай тауарларды әкелу үшін дербес қорытынды немесе рұқсат ету құжаты қажет болмайды. Осындай өтінішпен Ресей Федерациясы қайырылды, өйткені арнайы рұқсат ету құжаттарын алу енді артық. Бұл Одақтың кедендік аумағына әкелу кеден органдарына рұқсат ету құжаттарын ұсынбай жүзеге асырылатын радиоэлектрондық құралдар номенклатурасын арттыруға және радиоэлектрондық құралдардың жекелеген санаттарына арналған лицензиялар мен рұқсат ету құжаттарын беру жөніндегі әкімшілік рәсімді алып тастауға мүмкіндік береді, сондай-ақ тауарларды кедендік декларациялаудың мерзімін қысқартады.
Қазақстан Республикасы дәрілік заттарды және медициналық бұйымдарды сатып алуға арналған мемлекеттік тапсырысты орналастыру кезінде Одаққа мүше мемлекеттердің өнім берушілеріне ұлттық режимді ұсыну туралы шешім қабылдады. Бұдан бұрын, осы тауар позициялары бойынша мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырған кезде преференциялар Қазақстан Республикасының өндірушілері үшін ғана белгіленген болатын. ЕАЭО елдері өнім берушілерінің сауда-саттыққа қазақстандық өндірушілер қатысқан жағдайда жеңімпаз атану мүмкіндігі болмады.
Комиссия Алқасы үстіміздегі жылғы сәуірде осы мәселені қарады және Қазақстан Республикасына бұл кедергіні алып тастауды ұсынды. 2019 жылғы 30 мамырда Қазақстан тарапы заңнамаға өзгерістер енгізіп, мүше мемлекеттердің өнім берушілері үшін ұқсас құқықтар берді.
Комиссия Алқасы бұл шешімге мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезіндегі бәсекелестіктің бірдей талаптары сақталатын ЕАЭО-ның ортақ нарығын құру жолындағы ілгерлемелі қозғалыс ретінде қарайды.
ЕЭК Алқасы малға жем тасуға және автопойыздар құрамында ауыл шаруашылығы жүктерін буып-түюсіз тасуға арналған жартылай тіркеме-жемтасығышты Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің Бірыңғай тауар номенклатурасының 8716 31 000 0 қосалқы позициясында сыныптады.