Жүйеге кіру
Жоғары деңгейдегі жұмыс тобы ЕАЭО-да деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету механизмдерін айқындайды

Жоғары деңгейдегі жұмыс тобы ЕАЭО-да деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету механизмдерін айқындайды

1.jpg
09.02.2021

Еуразиялық экономикалық одақта бейінді ведомстволардың басшылары деңгейінде цифрлық трансформация бойынша жұмыс тобы құрылуы мүмкін. Жұмыс тобы бірінші кезекте деректер айналымы саласындағы регуляторикамен айналысады. «Digital Almaty 2021» цифрлық форумы шеңберінде өткен «2025 жылға дейінгі ЕАЭО стратегиясының цифрлық күн тәртібі» панельдік сессиясы барысында Еуразиялық экономикалық комиссияның Ішкі нарықтар, ақпараттандыру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Гегам Варданян осындай бастамамен сөз сөйледі.

«Еуразиялық экономикалық одақта 2025 жылға дейінгі дамыту стратегиясы мақұлданды, онда Одақтың мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізу үшін қажетті түйінді шаралар мен механизмдер бейнеленген. Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарының бірі — Одақтың цифрлық кеңістігін, цифрлық инфрақұрылымдар мен экожүйелер қалыптастыру болып табылады. Одақтағы деректер айналымы туралы халықаралық шартты пысықтау мәселесі цифрлық күн тәртібінде маңызды орын алады. Бүгінде технологиялар тез ендірілуде, ал реттеушілік бөлігі тежеңкіреп тұр. ЕАЭО-ның ауқымды жобаларын дамыту үшін ең осал жер — деректердің айналымы мәселесі», — деді Гегам Варданян.

ЕЭК министрінің пікірінше, деректерді бөлудің дәл тәсілдемесін, дәлірек айтқанда, интеграциялық процестер шеңберінде деректермен қалай алмасқан орынды болатынын, қандай ақпаратты айрықша мүше мемлекет тарапында сақтаған жөн болатынын айқындау қажет. Ақпарат түрлерінің тізбесін алмасу үшін кеңейтуге көмектесе алатын деректер (мысалы, иесізденуі) қауіпсіздігін қамтамасыз ету механизмін тұжырымдаған да жөн деп санайды Гегам Варданян.

Дөңгелек үстелге қатысушылар Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде деректермен алмасу саласындағы ынтымақтастыққа мүдделілік блдіре отырып, бастаманы қолдады.

Армения Республикасының Жоғары технологиялар өнеркәсібі министрі Акоп Аршакян бұл бағытта Арменияда үлкен жұмыс жүргізілетінін хабарлады. «Мәселен, Армения Республикасында дербес деректерді қорғау туралы заң қолданылады, АР Әділет министрлігінің Дербес деректерді қорғау агенттігі де құрылған. Біз үшін ЕАЭО шеңберінде деректер алмасуды ұйымдастыру туралы мәселе өзекті міндет болып табылады және біздің тарапымыздан оларды шешудің тәсілдемелерін жұмыс деңгейінде талқылауға дайынбыз», — деді министр.

Беларусь Республикасының Байланыс және ақпараттандыру министрі Константин Шульган деректер алмасудың өскелең рөлін және пікірсайыстық әрі проблемалық мәселелер бойынша ЕАЭО елдеріндегі тәсілдемелердің ұқсастығын атап өтті. «Одақ шеңберінде біз деректер алмасу жөніндегі қандай да бір ортақ заң актісін талқылай алған болар едік», — деп мәлімдеді Шульган. Оның пікірінше, ЕАЭО шеңберінде, соның ішінде иесізденген деректерді оларды қорғаудың бір тәсілі ретінде пайдалану есебінен, өзара іс-қимыл үшін біршама мүмкіндіктер бар.

«Жұмыс тобын құруға келсек, ол жедел қарауды талап ететін мәселелерді тиімді шешетін құрал бола алар еді», — деп атап көрсетті Шульган.

Қырғыз Республикасының Ақпараттық технологиялар және байланыс мемлекеттік комитеті жанындағы «Тундук» электрондық өзара іс-қимыл орталығы» мемлекеттік кәсіпорны директорының орынбасары Азамат Буржуев атап көрсеткендей, жеделдетілген цифрландыру жағдайында дербес деректердің үлкен коммерциялық құндылығы болады. Бірақ айқындау маңызды болатын реттелмеген мәселелер бар. Бұл ретте ірі трансшекаралық компаниялар ауқымы мол ақпарат жинақтайды. «Бізге азаматтарымызды қалай қорғау және цифрлық егемендікті қамтамасыз ету туралы ойлану керек. Бір Қырғызстанның ауқымында мұны шешу жеңіл емес. Ал ЕАЭО ауқымында ірі корпорациялармен сөйлесу қиын болмас еді», — деп мәлімдеді Азамат Буржуев.

Оның сөзінше, деректердің өзін және байланыс арналарын қорғау жөніндегі парадигманы айқындау да қағидатты маңызды, бұл технологиялық шығындарды талап етеді. «Пандемия мәселенің басында ақпараттық алмасу тұратынын көрсетіп берді. ЕЭК-тің көмегімен біз экономикалық процестерді оңтайландырып, өте тиімді ақпараттық алмасу ұйымдастыра алған болар едік», — деп топшылайды Буржуев. 

Сессияға қатысушылар дербес деректер саласындағы міндеттемелер бойынша халықаралық провайдерлермен келіссөз үшін альянс қалыптастыру мүмкіндігін сөз етті.

ЕАЭО ішіндегі дербес деректер айналымы жаңа үлкен нарық тудыруы мүмкін. Бірінші кезекте бұл иесізденген деректер мен солардың негізіндегі қандай да бір талдама, деп санайды Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек. «Біз иесізденген дербес деректер алмасу бойынша ынтымақтастыққа дайынбыз. Иесізденбеген ақпаратқа келсек, оны үшінші тұлғаларға беру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес азаматтардың өзінің рүұқсатымен ғана болады. Бізде жеткілікті дәл тәсілдеме бар — дербес деректер Қазақстан аумағында сақталуға тиіс. Мемлекетаралық ақпараттық алмасуға біз ЕАЭО-ның жалпы процестері шеңберінде дайынбыз, бұл қазірдің өзінде шынайылық», — деді Асхат Оразбек.

Оның пікірінше, ЕАЭО-да дербес деректер бойынша тұтастай заңнаманы үндестірген және дәлдеп жұмыс жүргізген маңызды. «Нарықтың қандай бір бөлігін қозғауға тиіс емеспіз. Бірақ ірі интернет-провайдерлер мәселесі бар. Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде альянс қалыптастыруды, белгілі бір келісімге келуді ұсынамын, бұл ЕАЭО аумағында біздің азаматтарымыздың дербес деректерін орналастыру бөлігінде оларды ынтымақтастыққа шақыруға мүмкіндік береді. Қазақстан да, Қырғызстан да, Армения да, Беларусь те бұл мәселені дербес шеше алмайды. Бірақ бәріміз біріксек, мұны шеше аламыз деп ойлаймын», — деп түйіндеді Асхат Оразбек.

Гегам Варданян интеграциялық бірлестіктің ынталандырмасының бірі – деректер айналымы туралы келісім, сондай-ақ реттеуші «құмсалғыштарды» пайдалану бола алады, деп санайды.

«ЕАЭО-да деректердің трансшекаралық айналымын реттеу туралы келісімді қабылдау ынтымақтастықтың барлық бағыты бойынша даму негіздері, «деректер экономикасын» дамыту және цифрлық күн тәртібі шеңберіндегі жобаларды іске асыру ретінде деректер айналымының ортақ нарығын құруға мүмкіндік береді. Келісім деректер айналымына қатысушылардың құқықтарын қорғаудың жалпы механизмдерін құруға мүмкіндік береді. Біз келісілген талаптарды тұжырымдауды ұсынамыз», — деп қорытындылады ЕЭК министрі.

Анықтама

«Digital Almaty» жаһандық және өңірлік цифрлық күн тәртібін, бүкіл әлемдегі цифрландыру саласындағы сын-қатерлерді, шешімдер мен саясатты қалыптастыру мен талқылаудың түйінді алаңдарының бірі болып табылады. Форумның мақсаты — COVID-19 жағдайында цифрлық күн тәртібін, цифрлық трансформацияның жаңа стратегияларын және пандемия кезеңіндегі аса жаңа технологиялар саласындағы трендтерді талқылау үшін өңірлік және жаһандық деңгейдегі алаңды қамтамасыз ету.​