Жүйеге кіру
ЕЭК және ЕК: техникалық реттеу мәселелері бойынша диалог бастау алды

ЕЭК және ЕК: техникалық реттеу мәселелері бойынша диалог бастау алды

Фото-1.jpg
08.11.2019

Еуроодақ - Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) маңызды сауда әріптесі. ЕАЭО мен ЕО елдерінің бизнес-қоғамдастығының өкілдері өзара сауданы дамыту үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар жасалуына мүдделі. Еуропалық комиссия өкілдерімен ЕЭК-тегі кездесуде бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) Техникалық реттеу және аккредиттеу департаментінің директоры Тимур Нұрашев мәлімдеді.

«ЕАЭО мен ЕО заңнамасын, атап айтқанда техникалық реттеу саласында үндестіру Еуразиялық және Еуропалық интеграциялық бірлестіктер арасындағы сауда кедергілерін еңсерудің неғұрлым пәрменді құралдарының бірі болып табылады», – деп атап көрсетті Тимур Нұрашев. Кездесу осы саладағы нормативтік құқықтық актілерді жақындастыру перспективаларына арналды. Тараптардың ортақ пікірінше, оны екі одақтың сауда-экономикалық қатынастарының серпілісін қамтамасыз етуге бейім байсалды техникалық диалогтың басталуы деп бағалауға болады.

 

ЕЭК департаментінің директоры Еурокомиссиядан келген әріптестерін ЕАЭО-дағы техникалық реттеу жүйесі туралы хабардар етті, ұлтүсті міндетті талаптарын белгілеу жөнінде жүргізіліп жатқан жұмыс, сәйкестікті бағалаудың бірыңғай қағидалары мен рәсімдері, аккредиттеудің ашық рәсімдерін құру мен нарықты қадағалау туралы айтып берді.

 

Еуропалық комиссияның Ішкі нарық, өнеркәсіп, шағын және орта кәсіпкерлік жөніндегі бас директоратының өкілдері Катя Модрич пен Кирилл Диршерл ЕО-дағы өнімдер мен қызметтер көрсетуге, сәйкестікті бағалау рәсімдеріне қойылатын қауіпсіздік талаптарын белгілеудің негізгі ерекшеліктері туралы хабарлады. Еуроодақ нарығындағы өнімді мемлекеттік қадағалау және оған үшінші елдердің тауарларын жіберу рәсімдері мәселелеріне айрықша назар аударылды.

 

Тараптар Еуроодақта өнімге қойылатын міндетті талаптарды сақтауға бақылау жасау (қадағалау) органдары арасындағы даулар мен келіспеушіліктерді қарау рәсімін қолдануды, ЕО референттік зертханаларының қызметін, Еуропалық стандарттарды өзекті етуді және басқаларды қоса, Еуропалық парламент пен Кеңестің № 768/2008/ЕС шешімімен байланысты мәселелерді жан-жақты талқылады.

 

ЕЭК Техникалық реттеу және аккредиттеу департаменті директорының орынбасары Оксана Плашкова ЕАЭО-ның «Алкоголь өнімінің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентінің негізгі ережелері туралы хабардар етті.

 

Кездесуге қатысушылар техникалық реттеу, дәрілер мен медициналық бұйымдар айналысы, кедендік ынтымақтастық және т.б.мәселелер бойынша сенімгерлік қатынастар түзу үшін мұндай диалогтардың маңыздылығын атап өтті.

 

«Біздің сарапшыларымыздың жүйелі кездесуі өнімге қойылатын қауіпсіздік талаптары мен нарықты қадағалау жөніндегі рәсімдерді үндестіруге, тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және саудадағы техникалық тосқауылдарды алып тастауға жәрдемдесетін болады. Өзара іс-қимылдың сындарлы әрі тиімді болуы үшін екі интеграциялық бірлестікте техникалық реттеу шараларын іске асырумен байланысты мәселелерді реттеу және тәсілдемелерді жақындату жөнінде бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеуді орынды санаймыз», – деп ұсыныс білдірді Тимур Нұрашев.