Жүйеге кіру
ЕАЭО мен Куба арасындағы қатынастар айрықша оң серпін көрсетуде

ЕАЭО мен Куба арасындағы қатынастар айрықша оң серпін көрсетуде

08.02.2019
6-8 ақпанда Гаванада Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) пен Куба Республикасы арасындағы қатынастарды дамытуға арналған бірқатар іс-шаралар өтті. Комиссия Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян бастаған Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) делегациясы Кубаға жұмыс сапары шеңберінде экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.

ЕЭК Алқасының Төрағасы Тигран Саркисянның елдің Мемлекеттік кеңесі төрағасының орынбасары Инес Мария Чапманмен кездесуінде Одақ елдерінің Кубаға қатысты инвестициялық мүмкіндіктері талқылау нысанасына айналды.

Инес Мария Чапман ақпараттық технологияларды дамытуға, сондай-ақ өнеркәсіптік саланы жаңғырту мен дамыту жөніндегі бағдарламаға ерекше назар аудара отырып, Кубаның жаңартылған экономикалық саясатының негізгі элементтерімен таныстырды.

Тигран Саркисян республикадағы нақ осы жаңа экономикалық бағдарламаларды іске асыру кезеңінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер мен Куба арасындағы ынтымақтастықты кеңейтудің маңызын атап өтті. «Кубаның экономиканы әртараптандыру желісін ескере отырып, ЕАЭО-дағы әріптестеріңіз бұл процестерге қатысуға дайын. Бұдан басқа біздің Одақ кәсіпкерлері тарапынан нақты жобалар мен ұсыныстар қазірдің өзінде бар», - деді ЕЭК Алқасының басшысы.

Куба Республикасы Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары Рикардо Кабрисаспен кездесуде Тигран Саркисян аталған кезеңде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер мен Куба арасындағы тауар айналымының және ынтымақтастықтың өсу көзі болуы мүмкін негізгі бағыттарын анықтаудың маңызды екенін атап көрсетті. «Біз үшін өз мақсаттарымызды іске асыру жолында өзіміздің дәстүрлі әріптестерімізбен ынтымақтасқан маңызды. Куба – ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің байырғы әріптесі және де біздің елдеріміздің арасындағы қатынастар айрықша оң серпін көрсетіп отырғаны қуанышты»,- деп мәлімдеді Тигран Саркисян.

ЕАЭО мемлекеттерінің Кубаға экспорты 2018 жылғы қаңтар-қараша ішінде 2017 жылдың тектес кезеңімен салыстырғанда 25,7%, 2017 жылы – 28,4% өсті, соның ішінде Беларусьтен – 15,8% және Ресейден 29,5%. Одақ елдерінің Кубамен сауда айналымы 2018 жылғы қаңтар-қараша ішінде 2017 жылдың тектес кезеңімен салыстырғанда 6,8% артты. 2017 жыл ішінде осындай көрсеткіштің өсімі 15,2% құрады.

Куба Министрлер кеңесінің вице-премьері өз тарапынан Кубаның ЕАЭО-ға мүше мемлекеттермен қатынастарды дамытуға мүдделі екенін хабарлады. «Біздің Ресеймен және Беларусьпен барынша белсенді экономикалық ынтымақтастығымыз бар, алайда осындай серпіннің Одақтың басқа қатысушыларымен де болғанын қалаймыз. Экономиканы әртараптандыру, биотехнологияларды, тиімді ауыл шаруашылығын, жаңартылған өнеркәсіпті дамыту, жаңғыртылған энергетика жөніндегі жаңа бағдарламаларымыз біздің ынтымақтастығымыздың өсуі үшін жақсы негіз қалайды», - деп мәлімдеді ол.

Тараптар ЕАЭО елдері мен Кубаның бизнесі үшін ақпараттық кітапшаны бірлесіп әзірлеу туралы уағдаласты.

ЕЭК делегациясының Кубаға жұмыс сапары шеңберінде ЕЭК пен Куба үкіметі арасындағы өзара іс-қимыл жөніндегі бірлескен комиссияның бірінші отырысы және ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер мен Куба арасындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша іскер топтардың конференциясы болды.

Отырыстардың қорытындылары бойынша ЕЭК Интеграция және макроэкономика жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Татьяна Валовая мен Куба Республикасының Сыртқы сауда және шетелдік инвестициялар министрі Родриго Мальмьерка Диас ЕЭК Алқасының Төрағасы Тигран Саркисянның қатысуымен ЕЭК пен Куба Республикасы үкіметі арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандумды іске асыру жөнінде 2019 жылға арналған іс-шаралардың бірлескен жоспарына қол қойды.

Тараптар маңызды мән беріп отырған жоспарға сәйкес ЕЭК уәкілетті бөлімшелері мен Кубаның мемлекеттік билік органдары арасында консультациялар сериясы басталады.

Іс-шаралар барысында соңғы екі жылда Еуразиялық экономикалық одақ елдері мен Куба арасында тауар айналымының өскені атап өтілді, сауда-экономикалық ынтымақтастықты өсіре түсудің жаңа мүмкіндіктері талқыланды.

«Біздің өзара саудамыздың масштабы өсуде: 2017 жылы тауар айналымы 15%, ал өткен жылдың 11 айының қорытындысы бойынша тағы да 7% артты. Алайда Одақтың барлық елдерімен сауданы әртараптандыру маңызды міндет болып табылады. Бүгінгі сәтте айналымның үлкен бөлігі Ресейдің (77% жуық) және Беларусьтің (16% жуық) үлесіне тиіп отыр. Бірлестіктің басқа елдері тарапынан да ынтымақтастыққа деген белгілі бір мүдделілік бар», - деп мәлімдеді Татьяна Валовая.

Ол ЕЭК пен Куба Республикасы үкіметі арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандум қабылданғаннан бері бір жылдан аз уақыт өткенін, бірақ ынтымақтастық неғұрлым белсенді бола түскенін де атап өтті. «Біз Комиссия өкілдерінің кубалық әріптестерімен байланысуының жоғары деңгейін атап өтеміз, - деді ЕЭК министрі. - Мысалы, 2018 жылы фармацевтика саласындағы сарапшылардың консультациясы болып өтті, кубалық делегация Еревандағы «Еуразиялық апта» халықаралық көрме форумына қатысты».

Родриго Мальмьерка Диас өзінің сәлемдесу сөзінде сауданың жақсы серпініне қарамастан, Кубаның Одақ мемлекеттерімен экономикалық ынтымақтастығының көлемі қолда бар мүмкіндіктерге сәйкес келмейтінін атап көрсетті. Бұл ретте ол әсіресе Армениямен, Қазақстанмен және Қырғызстанмен сауда айналымын арттыру әлеуетін атап өтті. «Бірлескен комиссия алаңына және ЕЭК пен Куба Республикасы үкіметі арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандумға Еуразиялық экономикалық одақтың барлық елдерімен ынтымақтастықты дамыту үшін оңтайлы негіз ретінде қараймыз», - деп қорытындылады Куба Республикасының өкілі.

Күн тәртібіне сәйкес болған пікірсайыс Куба тарапының Одақтағы дәрілердің және медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы жаңа енгізілімдерге, сондай-ақ мүше мемлекеттердің барлығымен экономиканың нақты секторында, соның ішінде Куба өнеркәсібін, бірінші кезекте машина жасау мен химия өнеркәсібін жаңғыртумен байланысты бірлескен жобаларды іске асыру шеңберіндегі ынтымақтастықты өсіре түсуге деген мүдделілігін көрсетті.
ЕЭК-тің Одақтағы өнеркәсіптік кооперацияны тереңдету жөніндегі күш-жігері және «бестік» мемлекеттерінің Кубамен осы бағыттағы ынтымақтастығы туралы ЕЭК Интеграцияны дамыту департаментінің директоры Сергей Шухно әңгімеледі. Оның пікірінше, мүмкін болатын кооперацияның нақты салаларын айқындау мақсатында кубалық іскер топтардың ЕАЭО елдеріне, сол сияқты біріккен Еуразиялық бизнестің Кубаға бизнес-миссиясын ұйымдастырған орынды.
Бірлескен комиссияның келесі отырысы 2020 жылы Одақ мемлекеттерінің бірінде өтеді.
Куба Республикасының Сауда-өнеркәсіптік палатасы ұйымдастырған бизнес-конференцияда Одақ мемлекеттері мен Куба Республикасы кәсіпкерлерінің тікелей байланысуының маңыздылығы туралы әңгіме одан әрі жалғасты. Бұл ЕАЭО мен Куба арасындағы Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғаннан кейін ұйымдастырылған бірінші форум болды. Оған ЕАЭО-дағы әріптестерімен ынтымақтастықты дамытуға бағдар ұстаған кубалық компаниялардың өкілдері қатысты. Бизнес-форум шеңберінде тараптар сауда, білім беру, медицина және қаржы секторы саласындағы ынтымақтастық жобаларын талқылады.
Мүше мемлекеттердің өкілдері – Арменияның Төтенше және Өкілетті елшісі Ара Айвазян, Беларусьтің Төтенше және Өкілетті елшісі Александр Александров, Қазақстанның Төтенше және Өкілетті елшісі Ақылбек Камалдинов және Ресейдің Төтенше және Өкілетті елшісі Андрей Гуськов Бірлескен комиссияның және іскер топтарға арналған конференцияның отырыстарының қатысушылары болды. Олар ЕАЭО елдері мен Куба ынтымақтастығының әлеуетін неғұрлым тиімді пайдалану қажеттігін қолдады. Іс-шараларға ЕЭК өкілдері де қатысты және баяндамалар жасады.
ЕЭК делегациясының Кубаға сапары барысында ЕЭК министрі Татьяна Валоваяның Куба Сыртқы істер министрінің орынбасары Марселино Медино Гонсалеспен, Куба Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Альфредо Гонсалес Лоренсомен жұмыс кездесулері де болып өтті.
Анықтама
2018 жылғы 31 мамырда Гаванада Еуразиялық экономикалық комиссия мен Куба Республикасының үкіметі арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Құжаттың мақсаты – Еуразиялық экономикалық одақ елдері мен Кубаның сауда айналымы мен инвестицияларды артыру, сауданың дамуына кедергі келтіретін тосқауылдарды жою жөніндегі күш-жігерін үйлестіру, экономикада бірлескен іс-шараларды жүйелі жүргізу үшін мүмкіндіктер ашу.
Куба - ЕАЭО елдері үшін байырғы, дәтүрлі және жақсы таныс әріптес. Ынтымақтастықтың терең тарихи тамыры бар және ол елдерді экономикалық әрі мәдени байланыстыратын өткен кезеңнің ортақ қомақты іргетасына сүйенеді. ЕЭК пен Куба үкіметінің меморандумы – қазіргі заманғы жағдайларға орай өзара іс-қимылды жаңарту мен жандандырудың тұғырнамасы.