Жүйеге кіру
ЖЕЭК қорытындылары: газ, мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарығын қалыптастыру бағдарламалары мақұлданды, ЕАЭО шеңберінде интеграциялық процестерді одан әрі дамыту туралы декларацияға қол қойылды

ЖЕЭК қорытындылары: газ, мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарығын қалыптастыру бағдарламалары мақұлданды, ЕАЭО шеңберінде интеграциялық процестерді одан әрі дамыту туралы декларацияға қол қойылды

07.12.2018
6 желтоқсанда Санкт-Петербургте (Ресей) өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) отырысы барысында интеграция, өнеркәсіптік ынтымақтастық, энергетика салаларында бірқатар маңызды шешімдер қабылданды.

Іс-шараға Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин және Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян қатысты. Отырысқа Молдова Республикасының Президенті Игорь Додон да қатысты.

Отырысты ашқан ЖЕЭК Төрағасы Владимир Путин, 2018 жылғы ЕАЭО органдарындағы Ресей төрағалығының қорытындыларын жинақтай келіп, «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі ынтымақтастық барынша ойдағыдай әрі серпінді ілгерілеп келеді, біздің мемлекеттеріміздің экономикалық әлеуетінің неғұрлым толық ашылуына ықпал етуде» деп атап көрсетті.

ЕАЭО бірыңғай цифрлық кеңістігін іске қосу үшін нормативтік және институционалдық база қалыптастырылды. Одақтың 2019 жылға арналған бюджетінде ірі цифрлық жобаларды жүзеге асыру үшін айтарлықтай қаражат көзделген.

Ресей тарапы интеграциялық күн тәртібіне азаматтардың жүріп-тұру тәртібін оңайлату, денсаулық сақтау, туризм, спорт саласында неғұрлым тығыз өзара іс-қимылды жолға қою мәселелерін де қосуды ұсынды.

Отырысты қорытындылай келіп, Владимир Путин ортақ пікір бойынша аса маңызды интеграциялық міндеттердің қатарына ішкіодақтық нарықтың жұмыс істеу тиімділігін арттыру, өнеркәсіптік кооперацияны нығайту, бірыңғай цифрлық кеңістік құру, валюта-қаржы және ақша-кредит саясатын неғұрлым тығыз үйлестіру кіретінін атап көрсетті.
Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинян өз сөзінде Армения ЕАЭО-дағы интеграциялық процестерді одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін атап көрсетті.

«Біздің елдеріміздің интеграциясы сайып келгенде бизнесті жүргізуге және адами әлеуетті толық мәнінде іске асыруға қолайлы жағдайлар жасауға қызмет етуге тиіс. Интеграцияның нәтижелерін барлығымыз да сезінуіміз керек. Егер оған қарапайым адамдар мүдделі болса, интеграция сол кезде қайтымсыз сипатқа ие болады», - деп атап көрсетті Никол Пашинян.

Ол Арменияның Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестегі төрағалық эстафетасын қабылдауға әзір екенін де айтып өтті.

Беларусь Президенті Александр Лукашенко елдің Еуразиялық экономикалық одақ форматындағы ынтымақтастықтың дамуына серпін бере түсуге әзір екендігін растады.

«Практика көрсеткендей, бөгеулерді жойып отырған ғана емес, сонымен қатарлас олардың пайда болу мүмкіндігін жоққа шығару жағдайларын жасау да маңызды, - деді Александр Лукашенко. - Осыған байланысты қандай да бір мүше мемлекет шектеулерді қайталап енгізген немесе қолданыстағыларды ұзартқан жағдайда шешім қабылдауы үшін Еуразиялық экономикалық комиссияға өкілеттік беруді ұсынамын».

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев экономиканың түбегейлі салаларында «зәкірлі» жобаларды іске асыру қажеттігін атап көрсетті. Осыған байланысты Комиссия мен ЕАЭО елдерінің үкіметтеріне мұндай жобалардың тізбесін айқындау ұсынылды.

«Сонау 1994 жылы мен тұңғыш рет ММУ қабырғасында осы интеграциялық жобаны құру идеясын айтып сөз сөйледім және тең құқықтық пен еріктілік қағидаттары туралы айттым. Сол кезде мен уақыт өте келе халықаралық аренаның үлкен ойыншысы болып түрленетін қуатты экономикалық одақты көз алдыма елестеттім. Бүгінде бұл идея шындыққа айналды. Келесі жылы ЕАЭО туралы шартқа қол қойылғанына 5 жыл және еуразиялық интеграция идеясына 25 жыл толады. Осы екі мерекелік күнге орайластырып, кезекті отырысты келесі жылғы мамырда Астанада өткізуді ұсынамын», - деді Қазақстан басшысы.

Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков ЕАЭО мүше елдерімен қарым-қатынас өзгеріссіз басымдық болып қала беретін атап өтіп, елдің ашық сенімді диалогқа әзір екендігін білдірді. «Біз трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің жай-күйі туралы мәселені талқылау маңызды деп санаймыз. Бәсекелестіктің ортақ қағидаларының бұзылуының жолын кесу жөнінде қабылданған шараларды талдау, тиімді әрі бәсекеге қабілетті халықаралық ұйым ретінде Одақ туралы тұрақты түрде оң пікір қалыптастырып отыру қажет», - деп атап өтті Сооронбай Жээнбеков.
Өз кезегінде ЕЭК Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының қорытындылары бойынша журналистер алдында сөз сөйлеп, интеграциялық жобаны одан әрі ілгерілетуге және дамытуға бағытталған 15 мәселе бойынша шешім қабылданғанын хабарлады. ЖЕЭК мүшелері экономикалардың цифрлық трансформациясын басым бағыттардың бірі деп санайды. «Біз Астанада құзырет орталығын қалыптастыру туралы уағдаластық, одан әрі мұндай орталықтар ЕАЭО-ның басқа да елдерінде құрылуы мүмкін. Комиссияға осы орталықпен өзара іс-қимыл тәртібін және цифрлық жобаларды іске қосу механизмдерін пысықтауға тапсырма берілді», - деп атап өтті Тигран Саркисян.

Ол сондай-ақ пилоттық жобалар туралы, атап айтқанда, тауарларды цифрлық бақылап отыру жөнінде айтты. «Бұл Одақтың бес елі үшін ортақ, салық және кеден қызметтері онлайн-режимде тауарларды бақылап отыруды қамтамасыз ету үшін қол жеткізе алатын жүйе болады», - деді Тигран Саркисян.

ЕЭК Алқасының Төрағасы Одақтың газ, мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарығын қалыптастыру бағдарламаларын ЖЕЭК мүшелері мақұлдағанын атап көрсетті. «Біз бағдарламаларға енгізілген іс-шараларды іске асыруды бастаймыз, бірақ бұл ретте газ транзитіне арналған бағаны айқындау әдістемесімен жұмыс істеуді жалғастыра береміз. Бұл алдағы уақытта Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес деңгейінде бекіту үшін жұмыс істеуге тура келетін пікірсайысты мәселелердің бірі», - деп атап өтті Тигран Саркисян.

Қорытындысында ЕЭК Алқасының Төрағасы Одақтың 2019 жылы ЕАЭО туралы шартқа қол қойылуының бес жылдығын және еуразиялық интеграция идеясының 25 жылдығын атап өтетінін хабарлады. Бұл уақыт ішінде Одақ интеграциялық бірлестік ретінде қалыптасты және бүгінде әлемдегі ең ілгерімпаз бірлестіктердің бірі болып табылады. «Жақында біз АСЕАН-мен меморандумға қол қойдық, бұл ұйым да біздің тәжірибемізді зерделеуде және тереңдетілген ынтымақтастық жолымен жүруді жоспарлауда. Бұл жаһандық тренд және бес жыл ішінде біз бұл салада елеулі түрде ілгеріледік», - деп тұжырымдады Тигран Саркисян.

***

Мемлекеттер басшыларына ЕАЭО-дағы цифрлық күн тәртібін іске асыру барысы туралы баяндама ұсынылды. Одақ елдерінің үкіметтерімен бірлесіп, Комиссия 2017 жылғы қазанда Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес бекіткен Одақтың 2025 жылға дейінгі цифрлық күн тәртібін іске асырудың негізгі бағыттарының ережелері мен басымдықтарын нақты түрде жүзеге асыруда. Комиссияға іскер топтар мен мүше мемлекеттердің билік органдарынан 40 бастама пысықтауға түсті. Бұл ретте олардың басым бөлігі – Одақ елдерінің бизнесінен түсті. Оларды пысықтау механизмі «төселтуден» өтуде, оны жақсартудың жолдары анықталды, цифрлық күн тәртібін іске асыру үшін бірінші кезеңде қажет нормативтік-құқықтық база қалыптастырылуда.

«Цифрлық бақылап отыру (соның ішінде сәйкестендіру) жүйесінің жұмыс істеуі және дамуы» бастамасы бойынша пилоттық жобалар жасалуда. Бірнеше тақырыптар, атап айтқанда, солардың қатарында «ЕАЭО-да электрондық ілеспе құжаттарды енгізу және өзара тану», «Еуразиялық экономикалық одақтың цифрлық көлік дәліздерінің экожүйесі тұжырымдамасын әзірлеу», «Деректердің трансшекаралық айналымын реттеу модельдерін әзірлеу» бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Сарапшылық алаңшаларда деректер айналымын реттеу, «реттеуші құмсалғыштар», цифрлық сауда, цифрлық өнеркәсіптік кооперация, цифрлық көлік дәліздері және т.б. мәселелер бойынша белсенді жұмыс жүруде.

Алғашқы бастамаларды талдау ұсыныстарды пысықтау, базалық жобалармен және Одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесімен ұштастыру, цифрлық жобаларды іске асыру механизмін дамыту қажеттігін көрсетті.
Комиссия мүше мемлекеттердің құзырет орталықтарымен, соның ішінде сарапшылық алаңшалар мен жобалар шеңберінде бірлескен жұмысты жандандыруды жоспарлауда. Бизнеспен және тұтынушылармен бәрінен бұрын цифрлық кеңістіктегі өзара іс-қимыл цифрлық күн тәртібін іске асыру кезіндегі жобалау қызметінде ажырамас инкорпорацияланған бағыт болуға тиіс.

Мемлекеттер басшылары ЕАЭО-дағы интеграциялық процестерді одан әрі тереңдету туралы декларацияға қол қойды.
Құжат Одақ туралы шарттың қолданылу саласын кеңейтуді және интеграциялық күн тәртібіне жаңа міндеттер енгізуді бағамдайды. Ол Одақ шеңберіндегі интеграциялық процестерді Одақтың бірыңғай нарығының ең жоғары тиімділігін қамтамасыз ету және оның бизнес пен тұтынушылар үшін мүмкіндігін іске асыру, «инновациялар аумағын» қалыптастыру және ғылыми-өнеркәсіптік және технологиялық серпілістерді ынталандыру, сондай-ақ адамдар үшін интеграцияның әлеуетін ашу және олардың өмір сапасын арттыру, Одақты сыртқы әріптестермен өзара тиімді және тең құқықты ынтымақтастық үшін ашық, қазіргі заманғы неғұрлым маңызды даму орталығы ретінде қалыптастыру және өзара іс-қимылдың жаңа форматтарын түзу сияқты түбірлі бағыттар бойынша одан әрі тереңдетуге бағытталған.
Мүше мемлекеттердің декларацияны қабылдауы Одақ дамуының перспективалық векторын нығайтып, еуразиялық экономикалық интеграцияны жандандыру үшін импульс болады.

Декларацияны іске асыру жөніндегі механизмдер мен іс-шаралар еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарын айқындайтын құжатқа енгізілетін болады.

ЕАЭО елдерінің лидерлері газ, мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарығын қалыптастыру бағдарламаларын бекітті.
ЕАЭО ортақ газ нарығын қалыптастыру бағдарламасы қабылдануының мүше мемлекеттер үшін зор маңызы бар, өйткені онда көзделген іс-шаралар бәсекелестікті дамытуға, газ тасымалдау желілеріне кемсітушіліксіз қол жеткізуді қамтамасыз етуге және нарықтық баға белгілеуге көшуге бағытталған, бұл ұлттық экономикалардың орнықты дамуын қамтамасыз етуге ықпал ететін болады.

ЕАЭО мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарында бірыңғай биржалық кеңістік, айқын биржалық және биржадан тыс баға индикаторлары қалыптастырылатын болады, мүше мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілерінің мұнай және мұнай өнімдерінің биржалық сауда-саттығына кемсітушіліксіз қол жеткізуі, сондай-ақ бірыңғай биржалық кеңістік шеңберінде жасалған мәмілелерді (шарттарды) орындау механизмі айқындалатын болады.

Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру мүше мемлекеттердің одан әрі экономикалық дамуына, энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға және Одақ елдері тауарларының энергетика ресурстарының әлемдік нарығындағы бәсекеге қабілеттілігі өсуіне алып келеді.

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес мүше мемлекеттердің Жерді дистанциялық зондтау (ЖДЗ) деректерінің ұлттық дереккөздері негізінде ғарыштық және геоақпараттық қызметтер көрсетуді ұсыну саласындағы ынтымақтастығын дамыту туралы ұсынысты мақұлдады.

Өнеркәсіп саласында ЕАЭО елдері бірлесіп қаржыландыратын алғашқы Еуразиялық кооперациялық жоба басталу сәтіне дайындалуда. Ол «Ғарыштық және геоақпараттық технологиялар - жаһандық бәсекеге қабілеттіліктің өнімі» Еуразиялық технологиялық платформасының қатысушылары болып табылатын Ресей, Қазақстан және Беларусь кәсіпорындарының бастамасы арқасында мүмкін болды.

ЖЕЭК ЕАЭО елдеріне мақұлданған ұсыныстар негізінде «Ғарыштық және геоақпараттық технологиялар - жаһандық бәсекеге қабілеттіліктің өнімі» Еуразиялық технологиялық платформасының базасында Еуразиялық экономикалық комиссияның үйлестірушілік рөлімен «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің Жерді дистанциялық зондтау (ЖДЗ) деректерінің ұлттық дереккөздері негізінде ғарыштық және геоақпараттық қызметтер көрсетуді ұсыну жөніндегі интеграцияланған жүйесі» мемлекетаралық бағдарламасы жобасын әзірлеуді тапсырды. Ұлттық ғарыш жүйелерінің интеграциясын көздейтін құжат, мүдделі мүше мемлекеттердің кәсіпорындары кооперациясы шеңберінде қазіргі заманғы ғарыш аппараттарын жобалау мен өндіру Еуразиялық үкіметаралық кеңестің қарауына ұсынылатын болады. Қатысушы елдердің үкіметтері ұлттық ғарыштық бағдарламалар шеңберінде мемлекетаралық бағдарламаның іс-шараларын қаржыландыратын және іске асыратын болады.

Бағдарлама ЕАЭО бірыңғай экономикалық кеңістігінің артықшылығын пайдалануға, Одақ елдерінің өнеркәсіптік, ғылыми-техникалық және маркетингтік мүмкіндіктерін біріктіруге мүмкіндік береді.

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес ЕАЭО халықаралық қызметінің 2019 жылға арналған негізгі бағыттарын бекітті.
Шетелдік мемлекеттердің үкіметтерімен, өңірлік бірлестіктермен, халықаралық ұйымдармен және бизнес-қоғамдастықтармен, сондай-ақ сарапшылық топтармен қызметтің үш түбірлі бағыты белгіленді.

Біріншісі өзара іс-қимыл туралы меморандумдардың, преференциялы және преференциялы емес сауда келісімдерін жасасу туралы жүргізіліп жатқан келіссөздердің шеңберіндегі ынтымақтастықтың жасалып қойған механизмдерін дамытуды бағамдайды.

Екінші трек ынтымақтастықтың нормативтік-құқықтық және институционалдық құралдарын жасау үшін Одақпен ынтымақтасуға мүдделі тараптармен өзара іс-қимылды қамтиды.

Халықаралық қызметтегі үшінші трек еуразиялық экономикалық интеграция туралы анық әрі өзекті ақпаратты ілгерілетуге және өңірлік экономикалық интеграцияның тиімді әрі бәсекеге қабілетті халықаралық ұйымы ретінде Одақ туралы оң түсінік қалыптастыруға бағытталған.

2019 жылғы басым әріптестер Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Еуропалық одақ елдері, Қытай, ынтымақтастық туралы меморандумдар жасасылған немесе жасасу жөнінде келіссөздер жүріп жатқан елдер - Сингапур, Камбоджа, Таиланд, Куба, Чили, Перу, Иордания, Марокко, Фарер аралдары, Молдова, еркін сауда аймағы туралы келісім жасасылған немесе келіссөздер жүріп жатқан елдер - Вьетнам, Сингапур, Израиль, Мысыр, Үндістан, Сербия, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен өңірлік экономикалық бірлестіктер - Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) және оның өңірлік экономикалық комиссиялары, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ), Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ), «Азия – Тынық мұхит экономикалық ынтымақтастығы» (АТЭЫ) форумы, сондай-ақ Оңтүстік Шығыс Азия мемлекеттерінің қауымдастығы (АСЕАН), Анд қоғамдастығы, МЕРКОСУР және т.б. болып қала береді.
Армения Республикасы 2019 жылы ЕАЭО органдарында - Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесте, Еуразиялық үкіметаралық кеңесте және Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінде ротациялық негізде төрағалық етуші мемлекет болып айқындалды. Армения бұл ретте үстіміздегі жылы ЕАЭО басшылық органдарында төрағалық еткен Ресей Федерациясын ауыстырады.

ЖЕЭК кезекті отырысы 2019 жылғы мамырда Астанада (Қазақстан Республикасы) өтеді.