Жүйеге кіру
Михаил Мясникович Арменияға сапарының қорытындылары бойынша: «Қазіргі бар тосқауылдарды жою қажет және жаңа кедергілердің пайда болуына жол бермеу керек»

Михаил Мясникович Арменияға сапарының қорытындылары бойынша: «Қазіргі бар тосқауылдарды жою қажет және жаңа кедергілердің пайда болуына жол бермеу керек»

07.02.2020

7 ақпан күні Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы Михаил Мясникович Ереванға сапармен барып, Армения Республикасының басшылығымен кездесті.

Михаил Мясникович пен Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинян Еуразиялық экономикалық одақтағы интеграцияны дамыту мәселелерін қарастырды.

Никол Пашинян Михаил Мясниковичті ЕЭК Алқасының Төрағасы қызметіне кірісуімен құттықтап, оған тиімді және жемісті жұмыс тіледі. Ол Михаил Мясникович бастаған Еуразиялық экономикалық комиссия ЕАЭО шеңберіндегі ынтымақтастық пен сауда-экономикалық байланыстарын дамытуға жаңа серпім беретініне сенім білдірді.

ЕЭК Алқасының Төрағасы өзінің кандидатурасын қолдағаны үшін Армения Республикасының Премьер-министріне алғысын білдірді. Михаил Мясникович өз жұмысымен Одақ елдерінің басшылары көрсеткен сенімді ақтайтынын мәлімдеді.

Кездесуге қатысушылар Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарын, сауда тосқауылдарын, алып қоюлар мен шектеулерді жою тәсілдемелерін, инвестицияларды ынталандыруды талқылады, сондай-ақ ЕАЭО шеңберінде ішкі тауар айналымының көлемін ұлғайту және бірыңғай энергетикалық нарықты қалыптастыру бойынша дәйекті қадамдар жасаудың маңыздылығын атап көрсетті.

Михаил Мясниковичтің Армения Республикасының Бірінші вице-премьері Мгер Григорянмен кездесуінде әңгімелесушілер ЕАЭО алдында тұрған мүмкіндіктер мен міндеттер туралы пікір алмасты.

Олар Одақ елдерінің заңнамасын одан әрі үндестірудің, сауда үшін кедергілерді жоюдың маңыздылығын және мемлекеттердің ерекшеліктеріне негізделген ортақ экономикалық механизмдерді құру бойынша жұмысты жалғастыру қажеттігін атап көрсетті.

Мгер Григорян Михаил Мясниковичті ЕЭК Алқасының Төрағасы лауазымына тағайындалуымен құттықтап, осындай тәжірибелі мемлекеттік қайраткерге сеніп тапсырылған бұл тағайындауға қуанышты екенін атап өтті.

Михаил Мясникович өз кезегінде Армения Республикасының Бірінші вице-премьері айтқан Одақты одан әрі дамыту жөніндегі идеялар үшін алғысын білдірді және оның ЕЭК Кеңесінің қызметіне белсенді қатысуын жоғары бағалады.

Михаил Мясниковичтің Армения Республикасының Президенті Армен Саркисянмен және Армения Республикасы Ұлттық жиналысының Спикері Арарат Мирзоянмен кездесулері барысында да ЕАЭО-ны дамытудың жаңа тәсілдемелері, Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың стратегиялық бағыттары, ортақ Одақтық нарықтағы сауда кедергілерін жою талқыланды.

Армения басшылығымен болған келіссөздер қорытындысы бойынша журналистермен кездесуде Михаил Мясникович: «Мен Армения сапарының нәтижелеріне өте ризамын. Біз тосқауылдарды жоюға көп көңіл бөлдік. Ең бастысы, біз жаңа кедергілердің пайда болуына қалай жол бермеу керектігі туралы айттық», деді.​