Жүйеге кіру
ЕЭК және Халықаралық салық қауымдастығы ынтымақтастық туралы уағдаласты

ЕЭК және Халықаралық салық қауымдастығы ынтымақтастық туралы уағдаласты

06.09.2018
Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) салық заңнамасын жетілдіру кезінде Халықаралық салық қауымдастығының сарапшылық бағалауын пайдаланатын болады. Бұдан басқа, ұйымдар Түсіністік туралы меморандум жасасуды және салық тақырыбы бойынша бірлескен іс-шаралар өткізуді жоспарлауда. Бұл туралы 2-6 қыркүйек аралығында Сеулде (Оңтүстік Корея) болып өткен 72-інші IFA Конгресінде Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) Экономика және қаржы саясаты жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Тимур Жақсылықов, Халықаралық салық қауымдастығының (International Fiscal Association, IFA) президенті Мюррей Клэйсон және ұйымның бас хатшысы Жан-Блэйз Эккерт уағдаласты.
Тимур Жақсылықов ЕЭК қызметінің бағыттары, Комиссияның қаржы саясаты және экономика саласындағы өкілеттіктері, бірыңғай экономикалық кеңістіктің қатысушы елдерінің заңнамасын үндестіру және салық саясаты саласында халықаралық өзара іс-қимылды дамыту перспективалары туралы әңгімеледі.
«Бүгінде ЕЭК жаһандық цифрлық экономика мен корпорациялардың бөлімшелеріне салық салу жағдайларында салық салуды жетілдіру жөнінде үлкен жұмыстар жүргізуде. Сондай-ақ біз салықтық базаға зиян келтірмей тікелей шетелдік инвестицияларды тарту үшін әртүрлі салықтық ынталандыруларды пысықтаудамыз, - деп атап өтті Тимур Жақсылықов. - ЕАЭО елдерінің салық заңнамасын жетілдіру кезінде Халықаралық салық қауымдастығының сарапшылық бағалауларына қол жеткізген пайдалы болар еді».
Мюррей Клэйсон өз кезегінде салық тақырыбы бойынша тәжірибе алмасу және бірлескен конференциялар мен семинарлар өткізудің маңызын атап өтті.

Бұдан басқа, Тимур Жақсылықов Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) Салық саясаты және әкімшілік жүргізу орталығының директоры Паскал Сан-Аманмен және осы ұйымның экс-директоры Джеффри Оуэнспен, сондай-ақ Халықаралық салық құжаттамасы бюросының (IBFD, Амстердам) және Вена экономика және бизнес университетінің Австрия және халықаралық салық құқығы институтының басшылығымен кездесулер өткізді.

Халықаралық салық қауымдастығының 72-інші Конгресінде әлем елдерінің қаржы және салық ведомстволарының, салық төлеушілер қауымдастығының басшылары, салық саясаты саласындағы ғылыми сарапшылар бас қосты.Қатысушылар салық заңнамасын, тікелей және жанама салық салуды қолдану мәселелерін, электрондық саудаға салық салудың өзекті проблемаларын, сондай-ақ халықаралық салық салу мәселелерін талқылады. Бұдан басқа, салық әкімшіліктерінің салық төлеушілермен өзара іс-қимылы мәселелері мен елдердің ерекшеліктерін ескере келгендегі BEPS жоспары тармақтарының имплементациясы сарапшылардың нақты назарында болды.

Анықтама:
Халықаралық салық қауымдастығы (International Fiscal Association, IFA) 1938 жылы құрылған. Оның штаб-пәтері Роттердамда (Нидерланды) орналасқан. IFA айрықша халықаралық салық салумен айналысатын әлемдегі жалғыз жаһандық халықаралық үкіметтік емес ұйымды білдіреді. IFA салық салу мәселелері бойынша ЭЫДҰ және БҰҰ консультанты болып табылады. Қауымдастықтың әлемнің 114 елінде 12900-дан астам мүшесі және 70 ұлттық бөлімшесі бар.

Вена экономика және бизнес университетінің Австрия және халықаралық салық құқығы институты - корпоративтік және халықаралық салық салу саласындағы зерттеулермен және оқытумен айналысатын әлемдегі ірі институттардың бірі, Венада (Австрия) орналасқан. Институт халықаралық салық салу мәселелері бойынша белсенді ғылыми және зерттеу қызметін жүргізеді.