Жүйеге кіру
Михаил Мясниковичті туған күнімен құттықтаулар

Михаил Мясниковичті туған күнімен құттықтаулар

LBMV6091.jpg
06.05.2020

Бүгін ЕЭК Алқасының Төрағасы Михаил Мясникович өзінің 70 жасқа толуын атап өтуде. Оның атына осыған орай ЕАЭО елдерінің мемлекет және үкімет басшыларынан, мемлекеттік органдар мен Одақ елдерінің дипломатиялық миссияларының, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың басшыларынан құттықтау хаттары, жеделхаттар және телефон қоңыраулары келіп түсуде. Міне - кейбір құттықтаулар.

 «Құрметті Михаил Владимирович, Сізді мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Сіз өміріңіздің көп бөлігін белорус халқына адал қызмет етуге және туған елдің игілігі жолындағы қажырлы еңбекке арнадыңыз, – делінген Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенконың хатында. – Табандылық, құзыреттілік, қағидатты ұстаным және адамдарды тани білу – әрқашан да Сізге тән түйінді қасиеттер болды. Ең жауапты мемлекеттік лауазымдардағы жұмыс кезінде игерген салиқалы басқарушылық тәжірибеңіз, зор беделіңіз, өзіңізге және айналаңыздағы адамдарға жоғары талап қоя білетіндігіңіз Сіздің Еуразиялық интеграцияның дамуына жаңа серпім беретініңізге берік сендіреді». Михаил Мясниковичке Беларусь Республикасының Президенті мықты денсаулық, барлық белгіленген жоспарларының іске асырылуын, сондай-ақ сүйікті отбасы мен сенімді достары ортасында ұзақ та бақытты өмір сүруді тіледі.

 «Сіз бай тәжірибеңіздің, мемлекеттік қызмет пен саясат саласындағы ұлағатты және қажырлы жұмысыңыздың арқасында Еуразиялық экономикалық интеграцияның қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қоса беретіндігіңізге нық сенімдімін, – делінген Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбековтың хатында. – Сізге, құрметті Михаил Владимирович, мықты денсаулық, мол игілік және жауапты қызметіңізде табыс тілеймін».

 «Әртүрлі лауазымдардағы аса мол жұмыс тәжірибеңіздің, стратегиялық ойлай білуіңіздің, сирек кездесетін жеке және кәсіби қасиеттеріңіздің арқасында Сіздің Еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық процестерді жандандырып, дамытудың, қатысушы мемлекеттер мүддесінің теңгерімін қамтамасыз етудің қарапайым емес кешенді міндеттерінің ойдағыдай шешілуіне қол жеткізетініңіз кәміл», – деп атап көрсетті Беларусь Республикасының Премьер-министрі Сергей Румас. Ол Михаил Мясниковичтің білімі, мақсаткерлігі, беделі мен ұйымдастырушылық таланты Еуразиялық экономикалық одақтың тиімді дамуына жан-жақты ықпал ететін болады деп сенім білдірді.

 Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Асқар Мамин ЕЭК Алқасының басшысына мол бақыт, мықты денсаулық, ізгі игіліктер мен жаңа жетістіктер тіледі. Ол Михаил Мясниковичтің бай басқару тәжірибесі мен экономикалық және интеграциялық процестерді практикалық тұрғыда терең білуі ЕАЭО-ның институционалдық нығаюына елеулі үлес қосады деп атап өтті. «Сіздің төрағалығыңызбен ЕЭК Алқасы біздің бірлестік мемлекеттері арасындағы одақтық әріптестікті нығайту ісінде елеулі табыстарға қол жеткізетініне сенім мол», – деп санайды Асқар Мамин.

 Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Михаил Мишустин Михаил Мясниковичтің Ресей мен Беларусьтің достас одақтастық қатынастарын нығайтуға және дамытуға қосқан зор жеке үлесін атап өтті. «Үкімет басшысы қызметінде жұмыс істей отырып, Сіз ірі бірлескен экономикалық инвестициялық жобаларды іске қосуға ықпал еттіңіз, Ресей мен Белоруссияның Одақтық мемлекетінің Министрлер Кеңесінің маңызды шешімдерін қабылдауға қатыстыңыз. Сіздің бай кәсіби тәжірибеңіз Еуразиялық экономикалық комиссия жұмысының тиімділігін арттыратынына, Еуразиялық экономикалық одақтағы интеграцияны одан әрі тереңдетуге қызмет ететініне сенімдімін».