Жүйеге кіру
Михаил Мясникович Михаил Мишустинмен кездесуде ЕЭК жұмысын жетілдіруді ұсынды

Михаил Мясникович Михаил Мишустинмен кездесуде ЕЭК жұмысын жетілдіруді ұсынды

06.03.2020

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы Михаил Мясникович Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Михаил Мишустинмен кездесті. Кездесу РФ Үкіметі Үйінің Камин залында 6 наурызда өтті. Тараптар Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарымен жұмыстың барысын және ЕЭК жұмысын жетілдіру мәселелерін талқылады.

Михаил Мясникович Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің барлық астаналарына барғанын, «бестік» мемлекеттері басшыларының, үкіметтері басшыларының және интеграция мәселелерімен тікелей айналысатын лауазымды тұлғаларының тілектері мен аманаттары туралы толық түсінік алғанын атап көрсетті.

«Маған Еуразиялық экономикалық комиссияның жұмысына қарау мүмкіндігі де ұсынылды және соған орай жұмысымызды қалай жетілдіру керектігі туралы ұсыныстармен бөліскім келеді. Көптеген, рұқсат беруді талап ететін, түйінді тұстар бар», – деді ЕЭК Алқасының басшысы.

Ол сондай-ақ мемлекет және үкімет басшылары қабылдаған саяси шешімдер мен практикалық істер арасында алшақтық бар екенін атап өтті.

«Бұл алшақтықты біз Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттары жобасының құралдары мен механизмдерінің арқасында жөнге салуға тырыстық. Менің ойымша, бұл құжаттың құндылығы, бірінші кезекте, онда тікелей қолданылатын нормалар бар болуына саяды», – деп атап өтті Михаил Мясникович.

Михаил Мишустин стратегиялық бағыттармен жұмысты аяқтау маңызды міндеттердің бірі болып табылатынын атап көрсетті. Пысықталған жобаны 10 сәуірде Минскіде Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысында талқылау жоспарланып отыр.

«Алқа алдында жауапты міндет - экономикалық ынтымақтастықты кеңейту бойынша «бестіктің» бірлескен күш-жігерін үйлестіруді қамтамасыз ету, интеграциялық контурға жаңа салаларды, ең алдымен цифрлық экономиканы қосу міндеті тұр», – деді Ресей Премьер-министрі.

Ол Ресей тарапы одақтық органдардың жұмысын жетілдіру бойынша жаңа бастамаларға барынша ашықтығын және Ресейдің «Еуразиялық интеграция локомотивінің функцияларын» өзіне алуға дайын екенін атап көрсетті.

«Инвестиция үшін Одақ нарығының тартымдылығы, экономикалық өсу, азаматтарымыздың әл-ауқатының жақсаруы - ЕЭК жұмысының тиімділігіне байланысты болады», – деп түйіндеді Михаил Мишустин.

ЕЭК Алқасының басшысы бұдан бұрын Беларусьте, Арменияда, Қазақстанда және Қырғызстанда жұмыс сапарларында болып, мемлекеттер басшылығымен кездесті.

​​