Жүйеге кіру
ЕЭК министрі Серік Жұманғарин: «Баламалы өкілеттіктер берілген өңірлік ұйымдардың тәжірибесі біз үшін өте маңызды»

ЕЭК министрі Серік Жұманғарин: «Баламалы өкілеттіктер берілген өңірлік ұйымдардың тәжірибесі біз үшін өте маңызды»

05.12.2019

Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) монополияға қарсы блогының және Латын Америкасы елдерінің интеграциялық бірлестігі – Анд қоғамдастығының өкілдері Лимадағы (Перу Республикасы) кездесуде бәсекелестікті қорғау саласындағы өзара ынтымақтастық векторларын талқылады. Комиссия делегациясын ЕЭК Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Серік Жұманғарин басқарды.

Келіссөздердің негізгі тақырыбы 2017 жылы қол қойылған ЕЭК пен Анд қоғамдастығының Бас хатшылығы арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандумды іске асыру үшін әзірленген бәсекелестік және құқық қолдану мәселелерінде екі интеграциялық бірлестік арасындағы ынтымақтастық бағдарламасының жобасын талқылау және келісу болды. Бағдарламаның қабылдануына өзара мүдделілік Серік Жұманғарин мен Анд қоғамдастығының Бас хатшысы Хорхе Эрнандо Педрастың биылғы қыркүйек айында Мәскеуде өткен кездесуінде айтылған еді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Лимада Ынтымақтастық бағдарламасына қол қою үшін қажетті тиісті ішкі рәсімдерді өткізеді деп күтілуде.

Тараптар сондай-ақ бәсекелестікті қорғау бойынша әртүрлі құралдарды қолдану тәжірибесімен алмасты. ЕЭК Алқасы мүшесінің сөзінше, Анд қоғамдастығындағы бәсекелестікті қорғау бойынша жалпы саясатты жүзеге асырудың Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) практикасынан ерекшеленетін баламалы нұсқасы осы саладағы интеграция нысандары туралы түсінікті байытады. ЕЭК өкілдері ЕАЭО трансшекаралық нарықтарындағы картель келісімдерінің биылғы жылы анықталған фактілерін мысал ретінде келтіре отырып, ЕАЭО ортақ нарығында бәсекелестіктің қалай қорғалатыны туралы айтып берді.

ЕЭК делегациясының Перу Республикасында болу бағдарламасында Латын Америкасының ең беделді және белсенді монополияға қарсы ведомстволарының бірі, еркін бәсекелестікті қорғау және зияткерлік меншікті сақтау жөніндегі ұлттық институты (INDECOPI) басшылығымен кездесу де қамтылған. Сапар барысында тараптар монополияға қарсы заңнаманы бұзу жөніндегі істерді тергеп-тексеру туралы ақпаратпен алмасты. INDECOPI өкілдері Перудің бәсекелестік саясатына ЭЫДҰ сараптамалық шолу жүргізу кезінде алынған тәжірибе, сондай-ақ INDECOPI базасында Латын Америкасына арналған бәсекелестік бойынша ЭЫДҰ-ның Өңірлік орталығын құру туралы әңгімеледі.​