Жүйеге кіру
ЕАЭО елдері асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту жөніндегі күш-жігерді шоғырландырады

ЕАЭО елдері асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту жөніндегі күш-жігерді шоғырландырады

05.02.2021

Еуразиялық үкіметаралық кеңес   5 ақпанда Еуразиялық  экономикалық одақ мемлекеттерінде асыл тұқымды мал шаруашылығы саласында жүргізілетін селекциялық-асылдандыру жұмысын үйлестіру және талдамалық қамтамасыз ету тәртібін  бекітті.

Құжат Одақ  туралы шартқа және 2019 жылы үкімет басшылары қол қойған ЕАЭО шеңберінде ауыл шаруашылығы жануарларымен селекциялық-асылдандыру жұмысын жүргізуді біріздендіруге бағытталған шаралар туралы  келісімге сәйкес әзірленген.

«Қабылданған құжат Одақ елдеріне асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту жөнінде тиімді жұмысты қамтамасыз етуге, ынтымақтастықтың  перспективалы бағыттарын іске асыруға және мүше мемлекеттердің  асыл тұқымды мал шаруашылығына инновациялық технологияларды, соның ішінде геномдық селекцияны ендіруге мүмкіндік береді»,- деп атап өтті ЕЭК  Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі Алқа мүшесі (министр)  Артак Камалян.

Бұл бағыт ЕАЭО елдерінде қазірдің өзінде екпін алып келеді. Геномдық селекцияны ендіру жануарлардың асыл тұқымдық  құндылығын  бағалау мерзімін бірнеше есе қысқарту есебінен генетикалық прогресті тездетуді қамтамасыз етеді.

Тәртіп ЕАЭО-да селекциялық-асылдандыру жұмысын үйлестіру және талдамалық қамтамасыз ету үшін мемлекеттік органдардың, ғылыми-зерттеу ұйымдарының, зертханалардың,  асыл тұқымды шаруашылықтардың және асыл тұқымды мал шаруашылығының басқа да субъектілерінің өзара іс-қимыл қағидаларын белгілейді. Бұдан басқа, осы талдамалы жұмыспен айналысатын ұйымдардың тізбесі айқындалған.

Тәртіп күшіне енгеннен кейін асыл тұқым ісін дамыту мен ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысатын ғылыми мекемелер  мен ұйымдардың келісілген іс-қимылы  жөніндегі шешімдерді тараптар  үйлестіру кеңестері барысында, өзара хабарлай отырып тұжырымдайтын болады. Жұмыстың мұндай форматы  процестің асылдандыру жұмысын жүргізуге жауапты барлық қатысушысын  біріктіруге және  пайда болған мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік береді.

Сөйтіп, сарапшылардың пікірінше, құжат Еуразиялық  экономикалық одақ елдеріндегі селекциялық жұмыстың және асыл тұқымды өнім саудасының дамуына оң ықпал етеді.​