Жүйеге кіру
Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысының қорытындылары

Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысының қорытындылары

04.12.2020
Еуразиялық экономикалық одақ елдері Үкіметтерінің басшылары 4 желтоқсанда бейне конференция форматында Үкіметаралық кеңес отырысында 9 мәселені қарады.

Отырысқа ЕҮК төрағасы, Беларусь Республикасының Премьер-министрі Роман Головченко, Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинян, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Асқар Мамин, Қырғыз Республикасы Премьер-министрінің міндетін атқарушы, бірінші вице-премьер-министрі Артем Новиков, Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Михаил Мишустин, Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы Михаил Мясникович, сондай-ақ Молдова Республикасының Премьер-министрі Ион Кику қатысты.

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы Михаил Мясникович Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарының жобасын пысықтау туралы баяндады.

Үкіметаралық кеңес Одақтың ішкі нарығында 2021-2022 жылдары жойылуға тиісті алып қоюлар мен шектеулердің тізбесін бекітті. Тізімде 1 алып қою мен 11 шектеуді қоса, 12 позиция бар.

Үкімет басшылары Комиссия мен мүше мемлекеттерге «Тамақ өнімінің қауіпсіздігі туралы» техрегламентке өзгерістердің жобасымен жұмысты жалғастыруды тапсырды. Өзгерістер малдан алынатын, соның ішінде ұқсатылған тамақ өнімінде ветеринариялық дәрілік заттардың қалдықтары болуына бақылау нәтижелерін әртүрлі түсіндіру проблемасын реттеу үшін қажет.

Бұдан басқа, ЕАЭО-ның құрылыс саласында қызметтер көрсетудің бірыңғай нарығының жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін қажет іс-шаралар жоспары бекітілді. Құжат 2022 жылы құрылыс саласында басшы техникалық персоналдың кәсіби біліктілігін өзара тану туралы ЕАЭО шеңберінде халықаралық шарт әзірлеу мен жасасуды бағамдайды.

Комиссия Үкіметаралық кеңеске мемлекеттік сатып алу мақсаттары үшін жекелеген тауарлардың шығарылған елін айқындау қағидаларын бекіту туралы баяндады. Қағидалар Комиссияның ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің өнеркәсіптік тауарларының Еуразиялық тізілімін жүргізуін көздейді. Құжаттың мақсаты — ЕАЭО-да Одақтың барлық елінің өнім берушілерінің мемлекеттік сатып алуға бірдей қол жеткізуін қамтамасыз ету.

Қазақстан аумағынан ЕАЭО-ның басқа елдеріне теміржол көлігімен қара және түсті металдар сынығы мен қалдықтарын өткізуді шектеу мәселесі қаралды. Комиссияға мәселені қосымша пысықтау және ЕҮК келесі отырысында оның нәтижелерін туралы баяндау тапсырылды.

Үкімет басшылары Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңеске Қырғыз Республикасынан Комиссия Кеңесі мүшесінің кандидатурасын ұсыну туралы мәселені де қарады.

Үкіметаралық кеңестің келесі отырысы 2021 жылғы бірінші тоқсанда Алматыда болады.​