Жүйеге кіру
Үкіметаралық кеңеске Мемлекеттік сатып алу мақсаттары үшін жекелеген тауарлардың шығарылған елін айқындау қағидаларын бекіту туралы баяндалды

Үкіметаралық кеңеске Мемлекеттік сатып алу мақсаттары үшін жекелеген тауарлардың шығарылған елін айқындау қағидаларын бекіту туралы баяндалды

04.12.2020
Еуразиялық экономикалық комиссия Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерімен бірлесіп Мемлекеттік сатып алу мақсаттары үшін жекелеген тауарлардың шығарылған елін айқындау қағидаларын әзірледі және оларды биылғы 23 қарашада Комиссия Кеңесі бекітті. 4 желтоқсанда бұл туралы Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысында Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі министр Арман Шаққалиев баяндады.

Құжаттың мақсаты — ЕАЭО-да Одақтың барлық елінің өнім берушілерінің мемлекеттік сатып алуға бірдей қол жеткізуін қамтамасыз ету. Қағидалардың қабылдануы ЕАЭО шеңберінде өнеркәсіптік кооперация үшін ынталандырма қалыптастыруға, өндірістердің оқшаулану деңгейін арттыруға, инвестициялар тартуға мүмкіндік береді.

Қағидалар Комиссияның ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің өнеркәсіптік тауарларының Еуразиялық тізілімін жүргізуін көздейді. Оған кірістіру Одақ елдерінің ұлттық уәкілетті органдары немесе ұйымдары берген сараптамалар актісі негізінде жүзеге асырылады.

Құжат өндірістік және технологиялық операциялардың, шарыттардың тізбесін қамтиды, оларды орындау кезінде тауарлар ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде шығарылған болып есептеледі. Бұл талаптар өнеркәсіптің бірқатар саласы бойынша тауарлардың 255 түріне қолданылады, олардың арасында станок жасау, энергетикалық және арнаулы машина жасау, электр техникасы және кәбіл өнеркәсібі; жеңіл өнеркәсіп; компрессорлық және тоңазытқыш жабдықтары өндірісі; жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі; химия және мұнай газ-химия өнеркәсібі бар.

Бұл мәселені Үкіметаралық кеңесте қарау қорытындылары бойынша мүше мемлекеттер тауарларының ресейлік сатып алуға қол жеткізуін сақтау мақсатында Ресей Федерациясы 2020 жылғы қолданыстағы Одақ елдерінің өнеркәсіптік өнімін мемлекеттік сатып алуға қатысуға жол беру тәртібін 2021 жылғы 1 шілдеге дейін ұзартады. Қағидалардың қабылдануымен мемлекеттік сатып алу мақсаттары үшін өнімнің жекелеген түрлері бойынша өндірістік және технологиялық операциялардың қажетті деңгейін айқындау жөніндегі қызмет жалғастырылатын болады. Мемлекеттер мен бизнестің ұсыныстары бойынша тиісті тауарлардың тізбесі алдағы уақытта өзектілендіріледі. Комиссия тізбені қалыптастыру жөніндегі қызметтің ашықтығы мен анықтығы негізінде барлық қатысушылардың пікірлерін ескеруге мүдделілік білдірді.​