Жүйеге кіру
ЕАЭО-да ортақ цемент нарығы құрылады

ЕАЭО-да ортақ цемент нарығы құрылады

04.10.2019

Ресей Федерациясы құрылыс нарығындағы кедергіні жойды. Енді Еуразиялық экономикалық одақта (ЕАЭО) ортақ цемент нарығын құру үшін алғышарттар бар.

ЕАЭО-ның басқа елдерінің цемент өндірушілеріне құрылыста пайдаланылатын цементті сертификаттау жөніндегі жұмысты жүргізген кезде Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес тіркелетін заңды тұлға құрудың керегі жоқ. Басқа мүше мемлекеттердің осы құрылыс материалын өндірушілері бұл өнімге арналған сәйкестік сертификатын алу үшін өтініш беруші ретінде Ресейдің сертификаттау жөніндегі органдарына тікелей қайырыла алады.

Цементтің еркін айналысын қамтамасыз ету шеңберінде «Сәйкестікті бағалау. Цементті сертификаттау қағидалары» мемлекетаралық стандарт жобасы әзірленуде.

Үстіміздегі жылғы 16 мамырда Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) штаб-пәтерінде Комиссия Алқасының Төрағасы Тигран Саркисянның басшылығымен ЕАЭО-да ортақ цемент нарығын қалыптастыру жөнінде кеңес болып өткенін еске сала өткен жөн. Іс-шараға ЕЭК-тің Техникалық реттеу жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Виктор Назаренко, мүше мемлекеттердің техникалық реттеу және құрылыс саласындағы уәкілетті органдарының басшылары қатысты.

Кеңестің қорытындысы бойынша ЕАЭО мемлекеттерінің өндірушілеріне өзара цемент жеткізуді кедергісіз жүзеге асыруға мүмкіндік беретін ортақ цемент нарығын қалыптастыру жөніндегі жұмысты бастау үшін нақты қадамдар белгіленді.

Анықтама

«Ростандарт»-тың 2019 жылғы 3 қыркүйектегі № 613-ст бұйрығымен «Сәйкестікті бағалау. Цементті сертификаттау қағидалары» 56836-2016 Р МЕМСТ тиісті өзгерістер енгізілді.

ЕАЭО елдері ірі цемент өндіруші және тұтынушы болып табылады. Мысалы, Қазақстан цементінің өзара саудадағы экспорт көлемі 2018 жылы 32 млн доллар, Беларусьте – 57,1 млн доллар, Ресейде - 153,1 млн доллар болды.