Жүйеге кіру
ЕАЭО елдері мемлекеттік сатып алу мақсаттары үшін банк кепілдіктерін өзара тану жөніндегі пилоттық жобаны іске қосу мүмкіндігін қарайды

ЕАЭО елдері мемлекеттік сатып алу мақсаттары үшін банк кепілдіктерін өзара тану жөніндегі пилоттық жобаны іске қосу мүмкіндігін қарайды

04.09.2020

Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары мен ұлттық банктеріне мемлекеттік сатып алулар мақсаты үшін ЕАЭО елдерінің банктері берген банк кепілдіктерін өзара тану жөніндегі пилоттық жобаны іске қосуды ұсынған өкім қабылдады.

Бұл осы жылдың сәуір айында Ресей Федерациясының 2013 жылғы 5 сәуірдегі «Мемлекеттік және муниципалды қажеттіліктерді қамтамасыз ету үшін тауарларды, жұмыстарды, қызмет көрсетулерді сатып алу саласындағы келісімшарттық жүйе туралы» № 44-ФЗ Федералдық заңына өзгерістер енгізілуі арқасында мүмкін болды. Ресей Федерациясында мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде банк кепілдіктері танылуы мүмкін банктердің тізбесіне кірістіру үшін қажетті кредиттік рейтингтер алуға тілек білдіретін кредиттік ұйымдардың ресейлік шығу тегі туралы нұсқаудың күші жойылды.  Сөйтіп, мүше мемлекеттер банктерінің Ресей Федерациясында өткізілетін мемлекеттік сатып алулар мақсаты үшін банк кепілдіктерін беруге қатысуына заңнамалық бөгеулер қалмады - ЕАЭО елдерінің банктері ресейлік рейтингтік агенттіктерде тиісті рейтингтер алу бойынша жұмысты бастай алады және осы тізбеге кіре алады.

 

Осымен бір мезгілде ЕЭК Кеңесі Комиссияға Еуразиялық даму банкі және Мемлекетаралық банк берген банк кепілдіктерін тану мүмкіндігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты мүше мемлекеттермен бірлесіп жалғастыруды тапсырды.

 

ЕЭК Кеңесінің 2019 жылғы тамыздағы отырысында Ресей Федерациясының мемлекеттік сатып алу кезінде осы қаржылық институттар берген банк кепілдіктерін тану үшін қажетті өзгерістерді өз заңнамасына  енгізетіндігі туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.​