Жүйеге кіру
Қызметтер көрсетудің бірыңғай нарығы ЕАЭО елдері экономикасына инвестициялар тартуды ынталандырады

Қызметтер көрсетудің бірыңғай нарығы ЕАЭО елдері экономикасына инвестициялар тартуды ынталандырады

04.08.2020

Халықаралық «Қалпына келтіруден – орнықты дамуға қарай» онлайн-конференциясында Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің инвестициялық мүмкіндіктері, қолайлы бизнес-климат құру және инвестициялық ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды. ЕАЭО-ның инвестициялық перспективалары бойынша панельдік пікірсайысқа Кәсіпкерлік қызметті дамыту департаментінің лауазымды адамдары қатысты.

ЕАЭО мемлекеттерінің осы саладағы ынтымақтастығын дамыту, замани дағдарыстың теріс салдарын еңсеру және Одақта интеграциялық өзара іс-қимылды тереңдету үшін ұсыныстар мен ұсынымдар тұжырымдалды.

Еуразиялық экономикалық комиссияның Кәсіпкерлік қызметті дамыту департаментінің директоры Ғалия Жолдыбаева өз сөзінде пандемия тудырған дағдарыстық құбылыстарды еңсеру жағдайында одақтық мемлекеттердің инвестициялық ынтымақтастығын дамытудың маңызды мәнге ие болатынын, бұл үшін ЕАЭО туралы шартта құқықтық жағдайлар жасалғанын атап көрсетті.

Мысалы, Одақ елдері өздеріне бизнесті жүргізу талаптарын нашарлатпауға, сондай-ақ 1991 жылғы 16 желтоқсаннан бастап барлық инвестициялар бойынша Шарттың қосымша кепілдіктерін ретроактивті қолдануға міндеттеме алды. Басқа бір одақтық артықшылық – ЕАЭО елдерінің инвесторларына ұлттық режімнің, неғұрлым қолайлылық режімінің ұсынылуы, сандық, инвестициялық және өзгедей шектеулердің қолданылмауы.

Одақ мемлекеттерінің инвестициялық өзара іс-қимылын одан әрі кеңейтудің ЕАЭО-да қызметтер көрсетудің бірыңғай нарығын кеңейтумен тығыз байланысты екені атап өтілді. «Біздің Одағымызда қызметтер көрсетудің бірыңғай нарығының жұмыс істеуі – ЕАЭО елдерінің экономикасына инвестициялар тартудың өзінше бір ынталандырушы факторы. Қызметтер көрсетудің бірыңғай нарығының механизмдерін пайдалана отырып сол немесе өзге де жобаларға қаржы салу инвестициялар тарту процесін бұдан да тартымды ете түседі», деп атап өтті Ғалия Жолдыбаева.

Анықтама

Конференцияға ЕЭК Алқасының Төрағасы Михаил Мясникович, сондай-ақ Беларусь Республикасы Үкіметінің, ЮНКТАД-тың Инвестициялар және кәсіпкерлік департаментінің, Дүниежүзілік экономикалық форумның атқару комитетінің, Еуропалық қайта құру және даму банкінің, Еуразиялық даму банкінің, «Ұлы тас» индустриалдық паркін дамыту жөніндегі компания» БЖАҚ-тың, Өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер конфедерациясының (жалға алушылар) өкілдері қатысты.