Жүйеге кіру
ЕЭК-те елдердің Еуразиялық интеграцияның стратегиялық бағыттарының жобасына жаңа ұсыныстары талқыланды

ЕЭК-те елдердің Еуразиялық интеграцияның стратегиялық бағыттарының жобасына жаңа ұсыныстары талқыланды

04.03.2020

Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің мүшелері Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттары жобасының тағы бірнеше позициясын келісті. Талқылау 4 наурызда ЕЭК штаб-пәтерінде бейнеконференция форматында өтті.

«2025 жылға дейінгі Стратегия жобасы - Еуразиялық экономикалық одақтағы қағидатты жаңа формат, өйткені ол тікелей қолданылатын нақты шаралар мен механизмдерді қамтиды», – деп атап көрсетті ЕЭК Алқасының Төрағасы Михаил Мясникович.

«Елдер қазірдің өзінде 320-дан астам позицияны келісті, тек сегіз шара ғана келісілмей қалып отыр, бұдан басқа, Қазақстаннан, Ресей мен Беларусьтен тағы тоғыз жаңа ұсыныс келіп түсті, оларды жақын арада талқылап, келісуіміз қажет», – деп атап өтті ЕЭК басшысы.

Кеңесте монополияға қарсы реттеу саласындағы, салық салу және сауда саясаты саласындағы тиянақтамалар келісілді.

Комиссия құжатпен жұмысты Еуразиялық үкіметаралық кеңестің тапсырмасына сәйкес тараптармен бірлесіп жүргізіп келеді. Талқылаудың кезекті раунды 16 наурызға белгіленді.

Пысықталған жоба осы жылғы сәуірде Одақ елдерінің үкімет басшыларының қарауына шығарылатын болады, ал кейіннен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің мамырдағы отырысында мемлекет басшыларының бекітуіне ұсынылады.​