Жүйеге кіру
Тигран Саркисян: «Біздің кеңістігімізде заңнаманы үндестіруді жүзеге асыру қажет»

Тигран Саркисян: «Біздің кеңістігімізде заңнаманы үндестіруді жүзеге асыру қажет»

01.02.2019
Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) ортақ нарығында кедергілердің пайда болуын болдырмау, ұлттық үкіметтердің тәсілдемелерін үндестіру және іс-қимылдарын қадамдастыру үшін Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) рөлін күшейту қажет. 1 ақпанда Алматыда өткен «2.0. Жаһандану дәуіріндегі цифрлық күн тәртібі. Еуразияның инновациялық экожүйесі» форумында ЕЭК Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян осындай ұсыныспен сөз сөйледі.

Форумға Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдері үкіметтерінің басшылары – Сергей Румас, Бақытжан Сағынтаев, Мухаммедкалый Абылгазиев, Дмитрий Медведев, Армения Республикасының вице-премьер министрі Мгер Григорян және цифрлық саладағы халықаралық сарапшылар - ірі халықаралық IT-компаниялардың және IT-технопарктердің басшылары, технологиялық индустрияның, халықаралық ұйымдардың, бизнестің өкілдері қатысты.

Тигран Саркисян елдердің экономикалық өсуі үшін цифрландырудың елеулі әлеуетті қамтитынын - егер мемлекеттер алға қарай бірге қозғалатын болса, ЖІӨ-нің қосымша өсуі жылына 1% дейін құрауы мүмкін екендігін атап өтті. Мұны Комиссияның Дүниежүзілік банк сарапшыларымен бірлесіп жүргізген ЕАЭО-дағы цифрлық трансформация жөніндегі зерттеулерінің нәтижелері көрсетіп отыр.

Келісілмеген іс-қимылдар жағдайында ортақ нарықтарда жаңа тосқауылдар мен кедергілер пайда болады, бизнес технологиялық сипаттағы шектеулерге тап болуы мүмкін. «Сол себепті біздің кеңістігімізде заңнаманы үндестіру, ұлттық үкіметтер жүйелерінің өзара іс-қимылға бейімділігін қамтамасыз ету қажет», - деп санайды ЕЭК Алқасының Төрағасы.

Тигран Саркисян Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) цифрлық күн тәртібін іске асыру туралы әңгімеледі. Үкіметтер басшыларының шешімі бойынша құрылған, Комиссияның жобаларды іске асыру жөніндегі цифрлық офисі жеке сектордан да, сол сияқты мемлекеттік құрылымдардан да 40-тан астам жоба алды. «Олардың бірқатары бойынша біз барынша ілгеріледік, бұл жобаларды іске қосу жөнінде ЕЭК Кеңесінің шешімі де бар, сол немесе өзге цифрлық технологиялар сынақтан өткізуге тиіс пилоттық жобалар бар. Олардың аяқталуына қарай біз бұл жобаларды бүкіл Еуразиялық кеңістікте іске асыру үшін ұсынатын боламыз», - деп хабарлады Тигран Саркисян.

ЕЭК Алқасы Төрағасының пікірінше, бұл жобалардың саны айтарлықтай болуына байланысты, цифрлық офис жобаларды басқаратын дербес, байсалды органға айналуға тиіс. «Қазірдің өзінде бұл жеке қызмет аясы. Еуропалық одақ тәжірибесі мұндай бағыттарды іске асыру үшін дербес құрылымдар құру қажеттігін көрсетуде. Бұл біздің интеграциямыздың бес жыл ішінде барынша елеулі түрде ілгері жылжығанын аңғартады. Біз бірлескен жобаларды іске асыру және оларды басқару жөнінде жаңа құрылымдар қажет болатын интеграцияны тереңдетудің жаңа сатысында тұрмыз»,- деп түйіндеді Тигран Саркисян.

ЕЭК Алқасының Төрағасы цифрландырудың қазіргі бар бизнес-процестерді автоматтандыру емес екендігіне де назар аударды. «Көз алдымызда шаруашылықтың салты өзгеруде, ескі экономиканың логикасын өзгерткен салааралық цифрлық платформалар қалыптасуда. Цифрлық технологиялар қажеті жоқ делдалдарды жояды әрі мүлде жаңа экожүйені құрады және сонымен бір мезгілде бұл негізгі бизнес-процесс тауар өндірісі емес, жылдам цифрландырудың негізінде жататын жаңа білімдер өндірісі болатын жаһандық трендтің элементі», - деп атап өтті ол.

Сол себепті басқарудың жаңа механизмдері бойынша мемлекеттер мен үкіметтердің басшылары үшін қалыптастырылатын ұсыныстар осы мән-жайды ескеруге тиіс. «Біз бүгінде қоғамды жаһандық трансформацияға және көз алдымызда қалыптасып жатқан жаңа шаруашылық салтына қарай дайындай алатын басқарудың ақылды, икемді жүйесіне ие болуға тиіспіз», - деп атап көрсетті Тигран Саркисян.